Дубайдағы жаңажылдық шоу Гиннесс рекордтар кітабына енді
Дубай Жаңа жыл түні ірі лазерлік шоу көрсету арқылы әлемдік рекордты жаңартты. Оны көру үшін 10 мыңнан астам адам келді.
Биыл бірінші рет Бурдж Халифа от шашуының орнына Light Up 2018 атты жаңажылдық шоу көрсетілді. 2018 жылға бірнеше секунд қалған кезде қонақтар кері санақ жүргізіп, кейін жеті минут бойы лазерлік шоуды тамашалады. Шоу ұлттық символдарға толы болды. Соңында мұнарада ұшып келе жатқан бүркіт көрсетілді. Аталған шоу Гиннесс рекордтар кітабына «Бір ғимаратта көрініс тапқан ең үлкен лазерлік әрі музыкалық шоу» ретінде тіркеледі. 2013 жылы осыған ұқсас шоу Гонконгте көрсетіліп, ол да рекордтар кітабына енген болатын. Лазерлік проекцияның аумағы ол кезде 46 мың шаршы метрді құрады. Ал бұл жолы Дубай шоуы 109 мың шаршы метр аумақты қамтыды.