20 компьютер

  "Қайта қашықтан оқиды екенбіз, мектепте компьютер беріліп жатыр. Оқу біткен соң қайтып алады. Істен шыққан жерін өз қаржымызбен жөндеуіміз керек. Жөндеуге келмесе жаңасын сатып алуға міндеттіміз. Өзі бұрын-сонды қолданыста болса, одан қалды ол көпбалалы отбасыға берілсе... Балалар оны түртпей қоймайды. Қайсы біріне компьютер үшін ұрысып, жағаласып жүреміз. Егер қаржымыз болса жаңасын сатып алар едік қой. Осыны қарап көріңізші" деген еді бір ата-ана. Егер көп балалы аналарда қаржы болса өздері-ақ сатып алар еді ғой. Құп делік, жақында облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері тұрмысы төмен отбасыларға 20 компьютер берді. Ең бастысы, қайтарымсыз.
"Мектепке жол" акциясы аясында жастар жаңашыл бастаманың басы-қасынан табылды. Олар ескі компьютерлерді кәдеге жаратып, балалардың кедергісіз білім алуы үшін ІТ паркпен бірлескен жобаны қолға алды. Ең бастысы, бұл бастама өз жемісін берді.

Бір ай бұрын бұл бастама жүзеге асып жатқанын басылым бетіне жариялағанбыз. Оған тұрғындар үлес қосты. Үйінде жарамсыз қалған немесе істемей тұрған құрылғыларды әкеліп жастар орталығына табыстады. Мұндағы ІТ мамандар 110-ға жуық компьютердің қажетті бөлшектерін пайдалана отырып, жаңа 20 компьютер құрастырып шығарды. Олар бірінші лекте тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға таратылды. Орталық директоры Бауыржан Мастековтің айтуынша, республикада алғаш болып біздің өңірде қолға алынған бұл бастама алдағы уақытта жалғасады.
– Жаһанды жайлаған пандемия білім саласына біраз өзгерістер енгізді. Оқу онлайнға көшті, ал бұл ретте әрбір балаға қазіргі заманның басты қажеттілігіне айналған – телефон, компьютер, ноутбук қажет. Біз көп ойланбай, шешімге келдік. ІТ парктің сенімді басқарушысы Алмат Қуанышбаевпен бірге жаңа жобаны қолға алдық. Бүгін бірінші легі тапсырылды. Қазір орталықта 10-нан астам өз саласының мамандары құрылғылардың сапасын бақылап, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта да пайдаға жарайтын компьютерлерді жөндеуден өткізіп, табыстаймыз. Егер де уақыт өте оның қандай да бір бағдарламалары істен шықса, мамандар қайта жөндеуден өткізуге дайын. Біз бұл мәселелердің барлығын жан-жақты қарастырдық, – дейді Б.Мастеков.
Компьютерге қол жеткізгендер арасында Жарқынай Темірбаева бар. Қазір ол №144 орта мектептің 8 сыныбында оқиды. Оның білім көкжиегін кеңейтуіне берілген бұл мүмкіндікке деген алғысы зор. Иә, жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Өзгеге мейірім сыйлау үшін таза ниеттің өзі жеткілікті екені анық.
Жоғарыда орталық директоры айтып өткендей, егер компьютердің бір жері бұзылса немесе қосылуында қиындық туындаса Алмат Қуанышбаев бастаған ІТ мамандар жөндеп беруге дайын. Бұл да – ақысыз.

"Бұл акция тоқтамайды деген ойдамыз. Жылдың аяғына дейін созылады. Қазір ноутбуктер келіп жатыр. Сол ноутбуктерді ремонттау үстіндеміз. Оларды да табыстаймыз", – дейді ІТ маман Алмат Қуанышбаев.
"Мектепке жол" акциясына үлес қосқан ата-ананың да, оқушының да, қуанышты сәтіне себепкер болды. Акцияны арқау етіп, мектеп құралдарын табыстап, әлеуметтік желіге жариялайтындар үшін бұл үлкен сабақ болар деп те ойлаймыз. Бұл Сыр өңірі жастарының тың жобасы өзге аймақтарда әлі қолданысқа енбеді. Біздің жастар облыс бойынша да, республика бойынша да, алдыңғы шепте келеді. Бұл да әрине қуанышты жаңалықтың бірі.
"Қашықтан сабақ оқу қиындық тудырғаны жасырын емес. Акция аясында компьютер сыйлап жатқанына ризамыз. Енді біздің сабақ оқуымыз қиын болмайды. Біз сол үшін де қуаныштымыз. Алғыс білдіреміз", – дейді Сәбина Алтынбекова барлық көмек алушылар атынан.

20 компьютер жиырма оқушыға беріледі. Бір үйде мектеп оқитын кемінде екі-үш бала бар десек, бұл біршама баланың емін-еркін сабақ оқуына сеп болары анық. Қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтап қалмайды. Сіздің де қайырымдылыққа үлес қосуыңызға болады. Қайырымдылық арқылы істен шыққан құрылғыларды орталыққа табыстасаңыз жеткілікті.
Қашықтан білім алу оңай болып тұрған жоқ. Ата-ана үшін де мұғалім мен оқушы үшін де қиындық тудырып жатқаны жасырын емес. Бірінің ғаламторы болмаса, енді бірінде смартфонның болмауы кедергі келтіруде. Ал барлық үйде компьютер бар, ғаламтор қосулы десек, бұл қате болар еді. Алдағы уақытта ноутбук табысталар болса, бұл да қашықтан оқып жатқан ата-аналардың жұмысын жеңілдетері анық. Бір айдың ішінде 20-ға жуық компьютер табысталса, араға бір ай салып, тағы да біршама компьютер табысталады деген ниеттеміз. Ал бұл компьютерлерді үйді үйге жеткізу еріктілердің жауапкершілігінде.
Мөлдір САБЫРЖАН
01 қазан 2020 ж. 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031