» » БҰЛ ЖАҒДАЙДЫҢ ДА ШЕШІМІ БАР

БҰЛ ЖАҒДАЙДЫҢ ДА ШЕШІМІ БАР

   Коронавирус пандемиясы басталғалы бері тұрғындар үшін беймаза сұрақтардың жиілегені рас. Соңғы айларда карантин талаптары жеңілдеді десек те, мамандар бұл кезеңнің екі жылға созылатынын айтып, сабырға шақыруда. Пандемияға қатысты сауалдардың ішінде «қазір қашықтан білім алып жүрген медицина саласының студенттері қалай тәжірибе жинайды, онлайн дәріс сапалы бола ма?» деген ой өзекті. Көпті мазалаған сауал жауабын білу үшін «Болашақ» медициналық жоғары колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аида Есенгелдіқызымен тілдестік.
Биыл пандемия жағдайына орай барлық салада өзгеріс көп. Онлайн оқу, онлайн қызметке сала мамандары да бой үйретті. Осы орайда пандемия басталғаннан бергі уақытта өз салаңызда атқарылған жұмыстар жайлы айтып берсеңіз... Қандай өзгерістер, тың жаңалықтар бар?
‒ Иә, дұрыс айтасыз, биыл Қазақстанда ғана емес, әлемде өзгеріс көп. Бір сөзбен айтқанда, дүниежүзі дүр сілкінген жыл болды. Алғашында қиын болса да, қазір барлық сала маманы онлайн жұмыс істеуге икемделді. Соның ішінде білім саласындағы ең өзекті жағдай ‒ барлық білім алушының қашықтан білім алуы еді. Бұл біздің ел үшін жаңалық емес, себебі 2000 жылдардың орта тұсында қашықтан оқыту технологиясы жоғары білім беру және ЖОО-дан кейінгі білім беру саласына енгізілді. Сол кезден бастап біз бастапқы элементтерді жұмыс барысында қолдана бастадық. Ал қазір онлайн жүйе білім саласына толықтай енді.Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі, соның ішінде «Болашақ» жоғары медициналық колледжі сала бойынша «Kolledge smartfain» платформасында студенттерге қашықтан оқыту түрін ұйымдастырдық. Бұл жоба аудан, ауыл тұрғындары үшін қолжетімді, студент үшін смартфон болса жеткілікті. Осы тұста барлық шараны онлайн форматта ұйымдастырудың өзі басты жаңалық болды деп ойлаймын.
Қашықтан білім беру жүйесі медициналық колледж студенттері үшін қиындық туғызбай ма? Қазіргі жағдайда дәстүрлі оқыту мүмкін емес десек те, болашақ медицина қызметкерлері үшін практика маңызды ғой...
‒ Қазір тек медициналық колледж студенттері үшін ғана емес, онлайн оқу ата-анаға да, оқу орнына да оңай болмай тұр. Дегенмен біз қандай сәтте де бірігіп қана қиындықты жеңе алатынымызға сенеміз. Әрине медициналық колледж студенттері үшін тәжірибе алмасу өте маңызды. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің білім беру обьектілеріне арналған санитариялық-эпидемиологиялық талаптары бар. Бүгінде біз Денсаулық сақтау министрлігінің 28 тамыздағы бұйрығымен бір топты үшке бөлдік, яғни қазір бір топта 10 студент қана білім алады. Бұл жерде 1,5 метр арақашықты сақтау, қолды үнемі антисептикпен жуу, маска тағу сынды ережелер қатаң сақталады. Сабақ ұзақтығы 35 минуттан аспайды. Осылайша студенттер мұғаліммен жүзбе-жүз отырып, сабақ алады. Оқу орнында дәрігер мамандармен бірігіп, оффлайн форматта тәжірибе алмасады.
‒ Бүгінде колледж студенттері үшін қандай жаңа технологиялар мүмкіндігі қарастырылған?
‒ Университетіміздің ғылыми құрылтайшысы Бақберген Сәрсенұлының бастамасымен «Болашақ» медициналық жоғары колледжінің қабырғасында симулияциялық орталық ашылғанын білесіздер. Бұл ‒ милллиондаған қаржы құйылған ауқымды жоба. Студенттер үшін барлық қажетті дүниелерді топтастырған орталық деп айтсақ та қателеспейміз. Орталық бес бөлінен тұрады: терапия, акушерлік бөлім, хирургия, педиатерия және медбикелік іс. Мұндағы электронды маникенмен студенттер емін-еркін жұмыс істей алады, диагноз қоюды үйренеді. Мысалы, терапия бөлімінде бір уақытта 20 студент жүрек, өкпе реанимациясын жасай алады. Электронды маникен науқастың барлық ауру белгісін көрсетеді. Бұл ‒ студент үшін үлкен мүмкіндік.
Медицина қызметкерін даярлау – жауапты міндет. Айтыңызшы, бұл саланы таңдамас бұрын мектеп түлектері нені білу керек? Болашақ мамандар үшін қойылатын басты талап қандай?
‒ Сұрағыңызбен келісемін, болашақ медицина саласы мамандарын даярлаудың жауапкершілігі жоғары. Өйткені олардың білімі мен біліктілігі ‒ біздің қолымызда. Бұл саланы таңдамас бұрын мектеп түлегі адамзат баласын өз жақынындай жақсы көру керек және берген антына адал болу қажет. Колледж студенттеріне арналған ар-намыс кодексі бойынша мамандық адалдық және жауапкершілікті талап етеді. Міне, осындай талаптар сақталған кезде ғана болашақ ақ халатты жандардың еңбегі нәтижелі боларына сенім мол. Саналы тәрбие отбасынан бастау алады, қоғамның ықпалымен толығады. Болашақ қандай маманды дайындасақ та, ең бірінші тәрбиені шаңырақтан бастау керек деп ойлаймын.
Қазір ел вакцинадан үміт күткен шақ. Әлемдік ахуалдан өзіңіз де хабардарсыз... Жалпы жастарға қандай кеңес бересіз?
‒ Өкінішке қарай, вакцина әлі шыққан жоқ. Пандемия кезіндегі қауіпсіздік жайлы күн сайын БАҚ беттерінде маңызды дүниелер берілуде. Алайда арамызда ережеге салғырт қарайтын тұрғындар да жоқ емес. ДСҰ инфекцияның алдын алу мақсатында көптеген пайдалы кеңеспен бөлісуде, мен қарапайым болса да маңызды қағидаларға тоқталайын.
Жарты сағат сайын қолды 20 секунд кір сабынмен жуып, антисептикті жиі пайдаланып, түшкіргенде, жөтелгенде мұрынды, ауызды шынтақпен жауып, қолды көзге, мұрынға тигізбеген дұрыс. Жоғары температура байқалған жақыныңыз үшін дереу жедел жәрдем көмегіне жүгінген абзал. Көпшілік бас қосатын қоғамдық шараларға бармау, жаяу жүру, қолма-қол ақша алудан бас тарту да қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сосын ет және жұмыртқа өнімін ұзақ қайнатқан жөн. Ақы талап етпейтін осындай сақтық шараларын қатаң ұстанса, жастардың дертке бой бермейтіні анық.
Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
08 қазан 2020 ж. 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031