» » » "Болашақ" ‒ білімді жастар қолында

"Болашақ" ‒ білімді жастар қолында

      Айнұр КӘРІБОЗОВА,  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:

  
   Биыл «Болашақ» бағдарламасының құрылғанына ‒ 27 жыл. Бүгінде бірегей бағдарлама арқылы талай түлек әлемнің үздік оқу орындарында білім алуда. Баса назар аударатын жайт, осы жылы үміткерлерді іріктеу жаңа форматта жүргізіледі. Осы тақырып төңірегінде  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Бағдатқызымен тілдестік.

  ‒ Осы жылы «Болашақ» бағдарламасына біршама өзгеріс енді. Негізгі алғышарт ретінде мамандықтар мен жоғарғы оқу орындарына іріктеу қалай жүргізілді? Әлем бойынша қанша университет таңдалды? Қандай мамандықтарға басымдық берілді?
  ‒ ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 Қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясынa үміткерлерді іріктеу ережелеріне өзгерістер енгізілгенін білесіздер. Өзгерістер ең алдымен «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді конкурстық іріктеу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бастапқы талаптарына қатысты. «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелері барлығына бірдей мүмкіндік ұсынады. Барлық квоталық санаттар қысқартылды, оларға тиесілі тілдік дайындық алынып тасталды. Осы жылдан бастап «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елді мекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады.
   Конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды. Атап айтқанда уәждемелік және ұсыныс хаттарды талап ету, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілдерін білуге арналған кезеңдер алынып тасталды. Сондай-ақ жаңа ережеге сәйкес бұдан былай алдын-ала тілдік оқыту болмайды. Үміткерлер ҚАЗТЕСТ тестін өз бетімен тапсырып, талап етілген құжаттармен бірге тапсыру қажет.
    Мамандықтарға тоқталсақ, 2020 жылға арналған басымдыққа ие мамандықтар тізбесі еңбек нарығындағы қажеттіліктердің ортамерзімді болжамын ескере отырып, еңбек нарығындағы барлық мүдделі ұйымдар сұраныстары негізінде жасақталды. Олардың жалпы саны 180 мамандықты қамтиды: академиялық оқу үшін 85 мамандық және тағылымдамадан өту үшін 95 мамандық белгіленген.
Сонымен қатар 2020 жылға арналғаншетелдік жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік ұйымдарының тізіміне әлемнің 22 мемлекетінен 138 жоғары оқу орны енгізілді. Олар келесідей анықтау шарттарына сәйкес іріктелді:
     Біріншіден, оқу орны QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings, The U.S. News & World Report Best Global University Ranking сияқты халықаралық академиялық рейтингтердің кемінде екеуінің қатарынан табылуы тиіс.
     Екіншіден, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қатысушы-мемлекеттері аумағында орналасқан оқу орны рейтингтің соңғы жарияланымына сәйкес, U.S. News & World Report Best Global University Ranking басылымының дерегі бойынша әлемдегі үздік университеттер рейтингінің 65 балдан кем емес бағалау нәтижесіне (Global Score) ие болуы шарт.
    ‒ Ауылдан келген үміткер үшін қандай жеңілдіктер қарастырылуда? Оларға қандай талап қойылады? Жеңілдік аясында IELTS балы жоғары болуы міндетті ме?
   ‒ Иә, ережедегі жаңа өзгерістерге сәйкес конкурсқа ауылдық жерлерден қатысушы үміткерлер үшін бірқатар жеңілдік қарастырылып отыр.  Ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балы кемінде 2.67 (4.0/4.33) GPA-ге немесе жұмыс органы бекіткен бағалар кестесіне сәйкес келу қажет. Сондай-ақ ауылдық үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификатын ұсынуға тиіс. Ағылшын тілін білудің қажетті ең төменгі деңгейі 9.0-дан 6.0 (IELTS) болу керек. Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт, тек ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін тілдік курстар сақталады және 6 ай мерзімі ішінде ағылшын тілін үйрену ел аумағында өткізіледі.
    ‒ «Болашақ» бағдарламасына үміткер дайындықты қалай жүргізу керек? Жаңа ережеге сәйкес алынып тасталған және талапкер қатысуы тиіс кезеңдер жайлы айтып берсеңіз...
   ‒  Жаңа формат бойынша конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлердің зияткерлік қабілет деңгейін, жеке-іскерлік құзыреттілігін, олардың шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тестілеу өткізіледі.
    Екінші кезеңде үміткерлер тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесуден өтеді. Осы жерде тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерінің саны 3-тен 5-ке өскенін атап өткен жөн.
  Конкурстық іріктеудің үшінші кезеңінде Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия үміткерлердің нәтижелерін саралайды және «Болашақ» стипендиясын тағайындау не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
   Конкурстық іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін ТСК мүшелерімен сұхбат және кешенді тестілеу форматы онлайн режимге ауыстырылды.
     ‒ «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған студент екінші мәрте шетелде оқи ала ма?
    ‒ «Болашақ» стипендиясы тағылымдамадан өту, әрбір дәрежені (магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор) алу, резидентурада оқу үшін тек бір рет ғана тағайындалады. Екіншіден, жаңа ережеге сәйкес «Болашақ» стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған тұлғалар конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
    ‒ Әлемді алаңдатқан пандемия орталық жұмысына қандай өзгерістер енгізді? Осы орайда шетелдегі студенттердің қауіпсіздігі жөніне толығырақ тоқталсаңыз...
     ‒ Қазір COVID-19 пандемиясы кезіндегі ең басты мәселе елдің денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу болып отыр. Әлемде белең алған сырқаттың әсерінен қоғамның үйреншікті қалпы өзгергені рас. Осыған орай Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысында аздаған өзгеріс болды десек те, мұның күнделікті атқарылатын жұмыс сапасына ешқандай кері әсері тиген жоқ.  Бүгінде қызметкерлердің басым көпшілігі қашықтан жұмыс атқаруда. Қызметкерлердің жеке компьютерлеріне жұмысқа қатысты барлық бағдарламалар орнатылып, жұмыс барысы әдеттегідей жалғасуда.
    Пандемия басталғаннан бері стипендиаттар ЖОО жанындағы жатақханаларда тұрып жатыр. Жатақханалар жабылған жоқ, дегенмен жергілікті билік өкілдері тарапынан бөлмелерде тазалық және жеке бастың гигиенасын сақтау шаралары туралы ақпараттық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Сонымен қатар жатақхана төңірегінде толыққанды дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп тұрады. Пәтерлер мен жеке бөлмелерде тұратын стипендиаттар өз бетінше сақтық шаралары мен тазалықты сақтауда. Оқу толығымен қашықтан оқыту форматына көшірілген, стипендиаттардың электрондық кітапханаларды, сонымен қатар өзге де ақпарат көздерін қолдану мүмкіндігі жеткілікті. Орталық тарапынан шетелде оқып жатқан стипендиаттармен әдеттегідей тығыз байланыс орнатылған. Тіпті 24/7 кестесі бойынша жұмыс жасалуда десек артық айтқандық емес. Кураторлар стипендиаттармен түрлі байланыс көздері, соның ішінде Telegram, WhatsApp арқылы күні-түні хабар алып отыр. Сондай-ақ Орталық қызметкерлерінің қатысуымен стипендиаттармен бейне байланыс конференциялары және топтық қоңыраулар ұйымдастырылып отырады. Стипендиаттар  консулдық  тіркеуге тұру, вирустан сақтану, аурудың алдын алу сияқты ақпараттардан хабардар. Сонымен қатар Орталық тарапынан  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының берген ұсыныстарын ұстану жөнінде кеңес берілген. Стипендиаттарға Қазақстанға оралу үшін әуе байланыстарының ашылуы мен жиілігіне байланысты билеттер алынуда. Стипендиаттардың арасында қашықтан оқытудың сапасын білу мақсатында сауалнамалар жүргізіліп, алынған жауаптар негізінде қашықтан оқыту білім деңгейіне кері әсерін тигізбегені белгілі болды.
    ‒ «Болашақ» бағдарламасы үшін IELTS  деңгейінің маңызды екенін білеміз. Бірақ үміткер ағылшын тілін қажет етпейтін ЖОО-ға тапсыратын болса, бұл талап қойыла ма?
    ‒ Тағы да қайталап айтайын, ағылшын тілін білу сертификаты тек ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін қажет. Ал қалған үміткерлердің басымдыққа ие мамандықтар тізіміне енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылданғаны туралы (қаржылық шарттарды қоспағанда) шақыру хаты болуы қажет.
    ‒ Әзірге бағдарлама аясында бакалавриат қарастырылмағанын білеміз. Алдағы уақытта мектепті үздік бітірген түлектер үшін стипендия тағайындалуы мүмкін бе?
   ‒ «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында бакалавриат бағдарламасы бойынша мамандар даярлау мәселесі қарастырылу үстінде. Алайда қорытынды шешім әлі қабылданған жоқ.
    ‒ Осы жылы тағылымдамадан өту шарттарында өзгеріс бар ма? Бұл кезеңге қандай талаптар қойылады?
    ‒ «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымнан сөзсіз (қаржылық шарттарды қоспағанда) шақыру хаты талап етіледі. Жыл сайын қызметкерлердің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуге қажетті санаттарды Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайды. Аталған комиссияның 2020 жылға белгілеген санаттары мынадай:
   Ғылыми-педагог қызметкерлер;
   Инженерлік-техникалық қызметкерлер;
   Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер;
   Мемлекеттік қызметшілер.
‒ Сұхбаттасқаныңзға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
13 тамыз 2020 ж. 1 073 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031