ЖҰРТТЫҢ НЕСИЕСІН ЖАУЫП ЖҮРМЕС ҮШІН
Халықтың басым көпшілігі банктердің өндіріп алу қызметі немесе коллекторлық агенттіктер қарызын төлемегені үшін мазалағанға дейін өздерінің борышкер екенін білмеуі жиі орын алады. Көпшілік алаяқтардың ісінен бейхабар болып, банкке берешек болуда. Мұндай жағдайға тап болғандар не істеу керек?. Осы мәселе төңірегінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысы Азамат Мұхановпен сұхбаттасқан едік.
– Өзгенің кредиті атымызға рәсімделгенін қалай білуге болады?
– Кредиттің сіздің атыңызға заңсыз ресімделгенін дер кезінде анықтауға кредиттік тарих мүмкіндік береді. Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды қадағалап отыру – бұл алаяқтардан «сақтанудың» бірден бір құралы. Кредиттік бюроның дерекқорында бүкіл Қазақстан бойынша әрбір банктің және кредиттік ұйымның барлық қарыз алушылары туралы мәлімет бар. Яғни егер сіз өміріңізде бір рет кредит алсаңыз, онда бұл ақпарат, оның ішінде төлем мерзімін өткізу туралы ақпарат осы дерекқорда көрінеді. Сондықтан кез келген қолжетімді көзден өзіңіздің кредиттік тарихыңызды үнемі тексеріп отыруды ұсынамын:
•Мемлекеттік кредиттік бюрода - mkb.kz/
•Алғашқы кредиттік бюрода- 1cb.kz
•мемлекеттік көрсетілетін қызмет сайтында - egov.kz
•халыққа қызмет көрсету орталықтарында.
Бұл ретте кредиттік есеп жылына бір рет тегін берілетінін есте сақтау қажет. Кредиттік бюролар кредиттік тарихты кредит туралы соңғы ақпарат алынған сәттен бастап кемінде он жыл бойы сақтайды. Дербес кредиттік есептегі ақпарат конфиденциалды ақпарат болып табылады. Оны үшінші тұлғаға жариялауға болмайды.
– Алаяқтар несиені өзгенің атына рәсімдеу үшін деректерді қайдан алады?
– Алаяқтықтың құрығына неліктен дәл сіздің түскеніңіздің бірнеше себебі бар. Мәселен, сіз бір кездерде жеке куәлігіңізді жоғалтқансыз. Онда алаяқтар кредитті сол арқылы ресімдеуі мүмкін. Сол себепті, құжатты жоғалтқан жағдайда дереу ХҚО-ға өтініш беріп, өтініштің күні мен уақыты көрсетілген анықтама алу қажет. Алаяқтар зиян келтіретін компьютерлік бағдарламаларды пайдалану арқылы дербес деректі ұрлай алады – әлеуметтік инженерия технологияларының арқасында бұл қиын нәрсе емес. Конфиденциалды деректің рұқсатсыз жария болу жолы көп. Сондықтан да өзіңіз алдын ала қауіпсіздік шарасын қабылдаңыз. Жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса алғанда, өзіңіздің дербес дерегіңізді қандай да бір жағдай болмасын танымайтын адамға айтпаңыз және жібермеңіз. Қаржы мәселесінде ешкімге сенбеген жөн. Төлем картасының деректемесін әлеуметтік желіде жария етпеңіз. Телефон қоңырауына жауап беру кезінде сіз «Иә?» дейсіз бе? Мұндай дағдыдан арылған жөн. Телефон алаяқтарының арбауына сеніп, өзіңіз айтқан атыңызды, тегіңізді және басқа да дербес деректеріңізді алу арқылы, олар дауысыңызды жазып алып, сізге басқа біреудің кредитін ресімдеп жіберуі мүмкін.
– Егер атыма басқа біреудің кредиті ресімделсе, қайда барып шағымданамын?
– Ең алдымен қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын білу қажет. Бұл ұйымның ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу периметрінде бар-жоқтығын қаржы реттеушісінің www.finreg.kz сайтындағы «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» бөлімінен тексеруге болады.
Алаяқтардың сіздің атыңызға қандай кредиттік ұйымнан қарыз алғанын біліп, онда барлық ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетіп, осы ұйымға өтініш жазу керек. Төлем картасы немесе жеке басын куәландыратын құжат жоғалған жағдайда растайтын анықтаманы қоса беру қажет. Ішкі қызметтік тергеу жүргізуді міндетті түрде талап етіңіз. Сіздің өтінішіңіз тіркелуі керек, өтініш қабылданған күні барғанда тіркеу нөмірін өзіңізге алып қалатын өтініштің көшірмесіне де қою керек. Бұдан басқа, кредиттік ұйым сізге шарттың, оның қосымшасының және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін ұсыну керек. Сонымен қатар, сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің дерегін нақтылау қажет. Құқық қорғау органдары мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне міндетті түрде өтінішпен жүгініңіз. Мұндай заңсыз кредит беру фактілерінің жолын кесу керек. Қарыз шартында алушының қолы жоқ екенін анықтайтын қолжазба сараптамасы тағайындалу керек. Егер бұл онлайн кредит болса, онда полиция IP арқылы қаскөйлерді анықтай алады. Айта кету керек, бұл әдісті тек бейтаныс адамдар ғана емес, сондай-ақ сіз өз құжаттарыңызды, карта немесе шот деректемелерін сеніп тапсырған адамдар – жақын туыс, таныстар да қолдана алады. Қарапайым қағидаларды сақтап, кредиттік тарихыңызды үнемі қадағалап отырыңыз және қаржылық сауатыңызды арттырыңыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Айгүл ӘЛІШЕРОВА