» » НЕСИЕ: 90 КҮНДІК ПРОЦЕНТ

НЕСИЕ: 90 КҮНДІК ПРОЦЕНТ

     Ұлттық банктың мәліметі бойынша, бүгінде 5,3 млн қазақ­стандықтың екінші деңгейлі банктерге 4,4 трлн теңгедей қарызы болса, 26,2 мың шағын және орта бизнес өкілінің 3,9 трлн теңгедей берешегі бар. Мұны ескерген Мемлекет басшысы елімізде жарияланған төтенше жағдайдан соң екінші деңгейлі банктерге қаржылай қиындыққа тап болған азаматтардың несиесін 3 айға кейінге шегеруді тапсырды. Бұл бастаманы банктер де қолдап, өтініш қабылдай бастады. Өтініш беру де карантин талабына сай әлдеқайда жеңілдеген. Яғни үйде отырып-ақ несие алған банк қосымшасын жүктеп, өтініш білдіруге болады. Екінші деңгейлі барлық банк халыққа мұндай мүмкіндік жасағанымен, несиені шегеру мерзіміне пайыздық мөлшерлеме жүретінін алдын ала ескертпеді деп жұрт наразылық білдіруде. Мұндай жағдайға тап болғандардың басым көпшілігі қайда барып шағымданатынын білмейді. Жалпы халық мұндайда шағымдануға құқылы ма? Осы мәселе төңірегінде мамандар не дейді?
– Несиені кейінге шегеру кешіру дегенді білдірмейді. Азаматтық кодекске сәйкес кез келген қарыз ақылы, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен берілетінін түсіну маңызды. Сондықтан кейінге шегеру кезеңінде және қарыз алушы несие нысанын пайдалануды жалғастыратындықтан, несие бойынша пайыздар есептеледі. Сыйақы жеңілдетілген кезең өткеннен кейін қалған айларға бірдей бөлінеді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Азамат Мұханов.
   – Егер үстеме пайыздар несие шартында көрсетілген тәртіппен болса онда әрине заңды. Себебі бұл шара тек барлық келісімді уақытша тоқтатып қойды, ал үстемелерге ешқандай кешірім берілмеді. Демек несие төлеушінің міндеттемесі өзгерген жоқ, тек кейінге қалдырылды. Дегенмен кейбір жекелеген жағдайлар да болуы мүмкін, яғни банк тарапынан несие шартына өзгерістер енгізуіне байланысты. Бұл жағдайды арнайы заңгер мамандармен кеңескен жөн, – дейді экономист Мырзақұл Оразбек.
   – 2019 жылы Kaspi банк арқылы 100 мың қаржылай 3 тауарлы несие алған едім. Қаржылай алған несиемді 4 айдай тұрақты төлеп отырдым. Кейін жұмысым уақытша тоқтаған соң, барлық несиемді шегеруге өтініш бердім. Банк тарапынан қолдау тапқанына қатты қуандым. Мерзімді уақыт біткен соң барлық несие сомасын білу үшін банкке хабарласып, 3 ай төлемді шегерткенім үшін қаржылай несиеге ғана пайыздық мөлшерлеме жүргенін айтты. Аң-таң күйде қалдым. Өзіміз пайыздан құтыла алмай жүргенде, қарызға қарыз жалғағанына қапаландым. Мұндай жеңілдікті алмағаным жақсы еді, – дейді қала тұрғыны Марал Әуезова.
Байқағаныңыздай, экономист мамандардың пікірі бір арнаға тоғысады. Яғни несиені қайтару мерзімі ұзарғандықтан сыйақы мөлшері артады. Сыйақы деп отырғанымыз – алған несиеңіздің пайызы. Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Kaspi банктің клиенттерді қолдау орталығына хабарласқан едік.
– Несиені шегеруге өтініш білдіргенде cізге қосымшада банкке төлейтін ай сайынғы төлем бойынша сыйақы жүретіні көрсетіледі. Негізгі берешек азаймаған соң пайыздық мөлшерлеме жүреді. Бұл банк жүйесінде қалыптасқан заңдылық. Бұл жерде, ең бастысы, төлем сомасын 15 маусымнан кейін бірден қайтару қажет емес. Сізде ай сайынғы төлем сәл артады, – дейді банк кеңесшісі Еркебұлан Тұрсын.
Осы тұста төлемді жасай алмай, қара тізімге енгеннен гөрі банк ұсынған мүмкіндікті пайдаланған дұрыс сияқты. Өйткені халықтың тұтынушылық несиесінен бөлек ипотекалық қарызы бары да жетерлік. Еліміздегі ипотекалық несие беруде жетекшілік ететін «Тұрғынүйқұры­лысжинақбанкі» бұл бастамадан тыс қалмады.
– Несие төлемдерін шегеру клиент өтініш берген күннен бастап үш айға беріледі. Мәселен, сіздің несиеңіз бойынша төлем мерзімі – 25
наурыз. Алайда сіз оны төлей алмадыңыз. Демек, шегеру 25 наурыздан бастап, 3 айға беріледі. Мысалы, сіз осы уақытқа дейін айына 6 пайызбен 50 мың теңге несие төлесеңіз, кредиттің ай сайынғы төлем сомасы бұрынғыдай қалып, тек мерзімі ұзарады. Ешқандай сыйақы қосылмайды, – дейді «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» бизнесті дамыту бөлімінің 1 санатты маманы Мархабат Сынасапова.
Төтенше жағдайға байланысты несиені шегруде банк заңсыз үстемелер қосты деп халық шағымданса, ал екінші деңгейлі банктер мемлекет бекіткен тәртіпті орындап, шығынға баттық деп көмек қолын сұрауда. Егер банк қарыз алушыға еш пайыз қоспай, несие демалысын беретін болса, онда шығынға бататыны заңдылық. Өйткені банк үшін бұл тиімсіз. Осы орайда мемлекеттің «Бәйтерек» холдингі өзінің қарыз алушылары үшін несиені қайтару мерзімін ұзартып, төлем кестесін өзгертіп және басқа да жеңілдіктер ұсына отырып, дағдарысқа қарсы арнайы жоспар бекіткенін жариялады.
   – Екінші деңгейлі банктер мемлекеттен көмек сұрауда. Бірақ мемлекет олар құтқару қажет деп есептемеймін. Себебі осыған дейін 2008 жылғы дағдарысты алатын болсақ, мемлекет сол кезде банктерді құтқарған еді. Алайда содан ешқандай сабақ алмағаны байқалады. Мұнымен қоса 6 банк жүйе-құрушы банктер қатарына жатпайды. Демек, дәл қазір приоритетті емес. Ал жалпы алсақ, еліміздің қаржы секторына аудит жүргізіп, бәсекеге қабілетсіз немесе “паразит” банктерден тазалау керек. Қосымша ретінде банктер пандемия кезінде толық қызметін тоқтатпағандықтан, көмекті шектеу шараларынан қаттырақ зардап шеккен салаларға бағыттау керек. Ұлттық экономика министрі мәлімдегендей, жеті айда ЖІӨ 2,9% төмендеген және бюджетке түсімдер $9,9 млрд азайған. Бұл біздің экономикамыздың мұнайға тәуелділігімен, импорт тауарлардың үлесі жоғары екенімен байланыстырылады. Яғни ішкі өндірісіміз кенже қалуда. Ал экспорттан түсетін табыс та азайды. Сонымен қатар ШОБ өте қатты зардап шегуде. Соңғы жылдары кәсіпкерліктің ШОБ дамуына байланысты онда жұмыс істейтін халықтың да үлесі артқан болатын. Алайда қазір бизнестің зардап шегуіне байланысты олар да табысынан айырылып отыр. Жалпы ел экономикасы реццесиялық кезеңді басынан өткеруде, – дейді «Rysqulov Analytics» зерттеу орталығының сарапшысы Мырзақұл Оразбек.
     Жалпы қысылтаяң уақытта 1 661 232 жеке тұлғаның 237,4 млрд теңге төлемі тоқтатылған. Оның ішінде тек 299 363 адам әлеуметтік жағдайы нашар топқа жатады. Сонда қалған 1 361 569 адам – жеңілдік алатын санатқа жатпайтын қарыз алушылар, бұл деген төтенше жағдай режиміне байланысты адамдардың 82%-ы табысын жоғалтқан. Сондай-ақ 11 561 шағын және орта кәсіп субъектісінің 138,8 млрд теңге сомасына кредиті кейінге шегерілді.

Айгүл Әлішерова

13 тамыз 2020 ж. 485 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031