КРЕДИТТІ КЕШІРУ: КЕДЕЙЛІКТЕН ҚҰТАҚАРА МА?
Елімізде кредиті жоқ адам жоқ шығар, сірә. Енді несиесі барлар үшін жағымды жаңалық... Бұдан былай Еуропа, Америка, Аустралия мен Африканың банктері біздің елде филиалдарын аша алады. Бұл өз кезегінде кредит (ипотека) процентінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Бұдан бөлек, басқа да жеңілдік түрі Үкіметте қаралуда.
КРЕДИТТІ КЕШІРУ: КЕДЕЙЛІКТЕН ҚҰТАҚАРА МА?
Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары Үкімет басшысы Асқар Маминге жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды кредит рақымшылығын жүргізу қажет деген ұсыныс айтқан еді. Фракция атынан сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың айтуынша, 2019 жылғы Президенттің Қазақстан азаматтарының қарыздық жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау, яғни «кредиттік рақымшылық» 2019 жылы қоғам мен қаржы институттарына оң ықпал еткен. Сонымен қатар 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнеске берілген микронесие көлемі 850 пайызға артқан. Ал мерзімі өткен берешек 283 пайызға жетіпті. Бұған қоса жеке тұлғалардың микронесиесі 145 пайызға, ал мерзімі өткен берешегі 332 пайызға өскен. Бұл сауал Үкіметте көтерілген күннен бастап, қоғамда пікір екіге жарылды. Бірі кредитті кешіру халықты масылдыққа әкеледі десе, енді бірі тұрмысы төмен халық жетіскеннен несие алмайды, оны үкімет төлеп бермесе, қаржы ұйымдарының қысымына түседі деген пікірде.
Депутаттық сауалға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков жауап берді.
– Тұтынушыларды несиелеуге байланысты тәуекелдерді реттеу керек. Биыл онсыз да қарыз алушының жүктемесіне қатысты көп нәрсе қабылданды. Бір реттік акцияларды қолданғаннан гөрі несиелеудің тәуекелдерін реттеген дұрыс. Оның үстіне былтыр несие алғандарға белгілі бір көлемде өтемақы берілді, – деді Олег Смоляков журналистерге берген сұхбатында.
Жалпы кредит сыйлық емес. Оны алған соң уақытылы қайтару – жауапты іс. Сондықтан кредитті кешіру әлеуметтік алалауды тудыруы мүмкін деп санайды қаржыгер Мақсат Халық.
– Несие кешірілсін деу – қисынға келмейтін талап. Біріншіден, бұл – нарықтық экономика заңдарына сай емес. Әр азамат несие алғанда, оны өтеуді де жауапкершілігіне алады. Алған қаржы міндетті түрде қайтарылу керегін біліп, келісім-шарт жасайды. Яғни қарызды алу бар жерде, қайтару да бар. Былтыр кредитті кешіргенде "менің үш балам бар, жағдайым қиын, неге 4 баласы барлардың кредиті кешіріледі де, менің кредитім кешірілмейді" дегенге саятын пікір көп болды. Бұл халық арасындағы әлеуметтік алалауды, келіспеушілікті тудырады. Несиесін жауып тастаған азаматтар "неге біз несиесін төлей алмағандар үшін салық төлеуіміз керек, олар ғана қиын жағдайда ма" деуі де мүмкін. Сондай-ақ бұл қоғам ішіндегі ауызбіршіліктің сетінеуіне, наразы топтың пайда болуына әкеледі. Сондықтан несиені кешіруді қолдамаймын.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕДЕГІ КЕШІРІМ САЯСАТЫ
Жаппай халықтың несиесін кешіру әлемде бар тәжірибе. Мәселен, 2018 жылы Грузияда төленбеген несиелерді кешіру туралы шешім шығарды. Алайда бұл жағдайды біздің елмен салыстыруға келмейді. Біріншіден, Грузияда халықтың 1/3 бөлігі несиесін төлей алмаған, ал бізде тек 5% ғана адам несие төлей алмауда. Екіншіден, ондағы халықтың несиесін мемлекеттік бюджеттің есебінен емес, билік партиясының жетекшісі Бидзина Иванишвили өз қалтасынан төлеп беруге сөз берген. Ал бізде несиелерді мемлекеттік бюджеттен төлеуді талап етуде. Үшіншіден, Грузиядағы төленбеген несие көлемі 600 млн АҚШ долларын құраса, Қазақстандағы төлеп беруді талап етіп жатқан несие көлемі 10,4 млрд АҚШ долларына тең екен. Монғолияда да 2020 жылы зейнеткерлердің несиесі кешірілді. Оның соммасы тек 300 млн АҚШ долларына тең. Байқағаныңыздай, біздегі несие алушылар саны аз болғанымен, қаржысы қомақты болып тұр.
– Кредитті кешіру әлем елдерінде қалыптасқан практика емес. Дамыған елдерде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңдар қабылданған. Сондықтан адамдар алған несиесін төлей алмаған кезде өзінің банкрот екені жайлы жарияласа, банк оған несиені төлемей қоюына рұқсат етеді. Ал Қазақстан секілді дамушы елдердің біраз бөлігінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ және несиені төлей алмау мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондықтан бізде мемлекет адамдардың несиесін төлеп берудің орнына жеке тұлғаның банкроттығы жайлы заң қабылдау қажет. Сонда төленбеген несиелер мемлекеттің мойнындағы мәселе емес, екінші деңгейлі банктердің мәселесі болып қалады. Мемлекет несиелерді кешіруге міндетті емес. Кешірсе, мемлекет халықтың жағдайын жасағанының дәлелі болар еді. Алайда мемлекет халықтың несиесін банктерге төлеп беруі дұрыс емес. Неге? Біріншіден, егер мемлекет қазір төлеп беретін болса, келесі жолы банктер "біз кімге болса соған несиені бере берсек болады», түбі мемлекет қайтарады ғой деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Екіншіден, мемлекет несиені төлеп беретіні жайлы жариялаған кезде пысықайлар жылдамдатып, екінші деңгейлі банктерден несие алуға асығады. Содан мемлекет 10,4 млрд АҚШ доллары емес, одан да көпке шығындалуы мүмкін. Үшіншіден, мемлекет несие төлеп беретін болса, халық арасында қаржылық сауаттылық, өз ақшасын тиімді жұмсау деген секілді түсініктер қалыптаспайды. Адамдар керісінше, кез келген жағдайға несие ала беруді, ертең төлей алмаған жағдайда мемлекет төлей салатынына үміттеніп қалады, – дейді GSB UIB бизнес мектебінің менеджері, экономист сарапшы Асылхан Андашов.
ЖАУАПСЫЗДЫҚҚА ИТЕРМЕЛЕЙДІ
Еліміздегі тәжірибелі экономист сарапшылардың пікірі бір арнада. Несиені кешіру екі тарапты да жауапсыздыққа итермелейді дегенге саяды. Осы тұста дамушы елдер сияқты төлеуге мүмкіншілігі жетпейтіндердің несиесін жабуға белгілі кәсіпкерлерді тарту жөн сияқты. Мысалы, мұндай үрдіс дамушы Өзбекстан елінде жоғары деңгейде жүзеге асуда. Негізінде несие рақымшылығы тәуелсіздік алғаннан бері бір ақ рет жүзеге асырылды. Мұны оңай олжаға кенелудің жолына балағандар да жетерлік.– Өткен жылы Президент көп балалы отбасылардың, осал топқа жататын азаматтардың несиесінің бір бөлігін жауып берді. Бұл құптарлық жағдай. Дегенмен 2 немесе 3 баласы барлардың не жазығы бар? Кешірім болды ма, ол жалпы халықтық сипат алу керек. Жуырда 16 жылға ипотекаға рәсімдеп баспана алдым. Оны төлеу үшін келіншегімнің 16 жылғы айлығын төлейміз. Ал менің жалақым азық-түлік, керек-жараққа кетеді. Ал менің үйіме қарама-қарсы орналасқан пәтерде сыныптасым тұрады. Ол тегін алған. Қалай алғанын сұрасам: «Анам 11 жыл үй кезегіне тұра салған. Биыл кезегіміз келіп, баспаналы болдық. Баспанамыз бар болғандықтан, пәтерге беріп пайда таптық» дейді. Қызғанғаным жоқ, Үкімет қандай кең деген ойға келдім. Өмір бойы жұмыс істеп, әрең дегенде қол жеткізуге болатын баспананы тегін бере салады. Кейде оңай олжаны еншілегендерге қарап, осылардікі дұрыс-ау деген ой келеді. Мұңсыз күй кешіп, Үкімет тегін баспана береді, несиемді жабады деп бейқам өмір сүрген де жөн сияқты, – дейді қала тұрғыны Жасұлан Жапбаров.
Өзі «жалқау» халықты масылдыққа әкелетін мұндай жеңілдіктер жасалса, жалпыға ортақ болу міндет. Ал мемлекеттің мұндай жеңілдік жасауына қаржысы жете ме?
– Мемлекеттің халықтың 10,4 млрд АҚШ доллары (немесе 4,5 трлн тенге) несиесін төлеуге қаржысы жетеді. Бірақ қазір еліміздің жағдайына да мән берген жөн. 2020 жылғы бюджетті саралап көретін болсақ... 2020 жылы мемлекеттік бюджет шығыны 14,3 трлн теңгені құраса, табыс тек 6,4 трлн теңге. Яғни Мемлекет жыл сайын 7,9 трлн теңге шығынға ұшырауда. Оның орнын біз әзірге Ұлттық қордың шотынан жамап отырмыз. Ұлттық қордағы қаржы, егер біз жыл сайын ол жақтан 5-8 трлн теңге алуды жалғастыратын болсақ, 10 жыл ішінде Ұлттық қор қаржысы бітеді. Одан кейін қарыз алу арқылы ғана жауып отырудан басқа амал болмайды. Сол себепті, жеріміз бай болғандықтан мемлекетте ақша көп деу қателік. Мүмкін Қазақстан экономиканы либерализациялау, саяси еркіндік беру туралы реформалар қабылдаған соң сондай болар. Алайда қазіргі жағдайда мемлекетті ауқатты, ақшасы көп дей алмаймын, – дейді экономист сарапшы Асылхан Андашов.
ДЕПУТАТТАР МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАПТЫ
Мәселенің түйінін тарқату үшін ең бірінші несиені төлей алмаудың астарына үңілу қажет сынды. Мәселен, біздің елде тұтынушылық несие пайызы 18-26 пайыз аралығын құрайды. Бұл өзге елдермен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Мысалы, Оңтүстік Кореяда орташа тұрмысы бар тұрғынға 0,1 пайызбен қарыз беріп, 1 жылда төлей алмаса, мемлекет көмектеседі екен. Осындай озық елдердің тәжірибесін ескеріп, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға арнайы несие бағдарламасын жасаған тиімді сияқты. Ол жерде ең төмен пайызбен қарыз беру деген негізгі шарт болуы тиіс. Сонда мемлекет өз қаржысын үнемдеп ғана қоймай, екінші деңгейлі банкке берешек азаматтардың санын азайтар еді. Проблемалы несиелер санының артуына пандемия салдарынан бөлек, халықтың қаржылық сауатының төмендігі де әсер етеді. Қаржылық тұрғыда оң-солын білетін азамат артық пайыз жүктейтін банктерден іргені аулақ салады. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қарастыру қажет сынды. Сонымен қатар мемлекет жасайтын рақымшылықтың түбі халықты масылдыққа әкелуі мүмкін. Нәтижесінде несие алуға құмар «кредит ала саламын, мемлекет жауып береді" деген көзқараспен өмір сүретін буын қалыптасары сөзсіз.
– Проблемалық кредиттердің көбеюі азаматтар жалақысының төмен болуымен байланысты. 2015 жылдан бері қазақстандықтардың табысы азайғаны байқалады. Соның салдарынан халықтың өмір сүру деңгейі түсіп кетті де халық табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Жетпеген соң банктен, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алады. Сондықтан ең бірінші кезекте мемлекет азаматтардың табысын арттыруға күш салуы керек. Қазіргі жағдайда Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 мың 500 теңге емес, 70 мың теңге болған жөн. Келесі жылы оны 100 мың теңгеге дейін көтерген дұрыс. Сол кезде ғана халықтың әл-ауқаты жақсарады. Жағдайы жақсарған халық несие алуға мұқтаж болмайды, – дейді экономист Мақсат Халық.
– Дамыған елдерде ақ пайызбен несие беру баяғыда шешілген мәселе. Ұлыбританияда елші болған кезімде халыққа несие беретін болса, кәсіпкерлерге 2 пайызбен береді. Ал біздің банктер өсімқорлар. Алған ақшаңа екі есе пайыз жүктеп, қарызға-қарыз жалғай береді. Бұл жүйеге өзгеріс енгізбейінше, халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов.Осы мәселе төңірегінде кеше тұтынушылық несие процентін 7-8 пайызға төмендету жайлы "Ақжол" фракциясының депутаттары ұсыныс айтты.
– Халықтың несиені кешіру жайлы өтініші орынды. Себебі карантинге байланысты халықтың басым көпшілігі жұмыссыз қалды. Әр сегізінші қазақстандықтың жағдайының төмендегенін байқауға болады. Бұл мұнай өндіретін ел үшін ұят. Азаматтардың кредиттік рақымшылыққа қатысты ойын түсінуге болады, – деді Азат Перуашев.
Дүниежүзілік банктің ақпаратына сүйенсек, елде кедейлік деңгейінен аса алмай жүрген азаматтардың саны 1,5 есе артып, 2,3 млн адамнан асқан. Оның айтуынша, елімізде бұл мәселені шешпесек, алда кредиттік рақымшылық талқылана береді. Өткен жылы 160 млрд теңге көлемінде несие кешірілген болса, қазіргі кезде бұл жағдай ушығып тұр.– Несиеге қатысты екі себепті атап өтсе болады. Біріншісі, банктер несие процентін негізсіз көтереді. Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігі де базалық ставканы төмендетпей, жоғары проценттерді қолдап отырған көрінеді. Екіншісі, қаржы министрлігі азаматтардың банкроттығы туралы заңды қабылдамай отыр. Бұл заң күшіне енсе, несиені төлей алмағандар баспанасын сақтай алады, – деді Азат Перуашев.
Депутаттар несиеге байланысты бірнеше мәселені шешуді талап етті. Атап айтар болсақ, тұтынушылық, ипотекалық және кәсіпкерлік несиелердің проценттік мөлшерлемесін 7-8 процентке дейін төмендету, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізу. Бұл жердегі банкроттық туралы заңды экономистер де бастама ретінде көтерді. Яғни тараптар пікірі тоғысып тұр. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта оң шешімін табары сөзсіз.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА