42 500 теңгені қайтару керек
42 500 теңгені қайтару керек Кім, қалай, не үшін екені ресми мәлімделді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 16 сәуірдегі мәліметінше, 5 997 567 азамат төтенше жағдай кезінде табысынан айрылуына байланысты үкіметтен 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы сұрап, 7 251 526 өтініш жолдаған. Сараптау барысында 1 253 959 өтініштің бірнеше рет жіберілгені анықталған. Күні бүгінге дейін төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған 3 790 960 азаматқа мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 127 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлем тағайындалған. Келіп түскен өтініштердің санына байланысты екі облыс пен бір қалаға өзге өңірлерге қарағанда әлеуметтік жәрдемақы көп берілген. Нәтижесінде Алматы облысының – 452 196, Түркістан облысының – 363 930, Алматы қаласының – 313 392 мың тұрғыны әлеуметтік жәрдемақыға ие болған. Бұған дейін ресми хабарланып, бірнеше рет түсіндірілгендей, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік жәрдемақы төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалуына байланысты табысынан айрылған шағын және орта бизнес субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне, карантин енгізілген елдімекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі бизнес субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерлерге, нотариустар мен жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен медиаторларға, төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлем төлеген тұлғаларға, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын адамдарға тағайындалады. Өтініш иелері жоғарыдағы санатқа жататынын растайды және ұсынған барлық мәлімет үшін заң алдында жауап береді. Алдағы уақытта төтенше жағдай кезінде төленген 42 500 теңгені заңсыз алған азаматтардың басына бұл үйірілуі мүмкін. Себебі ҚР Қылмыстық кодексінің 190- бабының бірінші және екінші тармақтарында өзгенің мүлкін жымқырған және алдау мен сенімін пайдалану арқылы өзгенің мүлкіне ие болған адамдар 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейтіні немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны нақтыланған. 10 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде мұқтаж болмаса да 42 500 теңгені алып қалуға тырысып жатқан азаматтарға қатысты: «Жеткілікті табысы барлардың қаржылай көмек алуына жол бермеу керек. Алаяқтар мен ар-ұяттан безгендерді тәртіпке салу қажет», – дегенді айтқан. Мемлекет басшысының бұлай деуіне мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтардың санатына жатпаса да, кейбір тұлғалардың жалған ақпарат беріп, 42 500 теңгені алу жолында пайдакүнемдік пен ашкөздікке салынуы себеп болған. Ұмытпасаңыздар, 13 сәуір күні өткен брифингте министр Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге алу үшін кейбір адамдардың «ұятты» аттап өткенін алға тартып, әлеуметтік көмекті қазір қиналып отырған, осы көмекке шынымен мұқтаж адамдар алуға тиіс екенін мәлімдеген. «Төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылғанын мәлімдеген азаматтар қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мыңнан жоғары, миллион теңгеге дейін табыс тапқан. Олардың 16 наурыздан кейін ақшасы қалмай қалыпты. Бұл енді дұрыс емес шығар. Біз ол кісілерден кешірім сұраймыз, уақыттарын бөлді, сайтқа кіріп, өтініш қалдырды, бірақ оларға 42 500 теңге әзірше төленбейді», – деген болатын Біржан Нұрымбетов. Жалпы 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыға қатыс айқай-шу көп болды. Әуелі адамдар egov.kz порталы арқылы өтініш жолдай алмай қиналды. Мәселені шешу үшін ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусин бастаған IT мамандары 42500.enbek.kz сайтын іске қосты. Мұнымен қатар өтініш қабылдайтын 18 telegram-бот жұмыс істеп тұрды. Қиын-қыстау кезде алаяқтар да қарап жатпады. Адамдарды алдап, мемлекеттік жәрдемақыны тез алып беремін деп ақша алғандар, жалған telegram-бот ашып, халықты адастырғандар жетіп артылды. Ел азаматтары да түрлі қитұрқылыққа барды. Сорақысы сол, әлеуметтік төлем алғысы келген кейбір тұлғалар өтінімнің онлайн берілетінін пайдаланып, қайтыс болған немесе шетелге қоныс аударған адамдардың атынан өтінім берген. Ұсынылған мәліметтердің барлығы мемлекеттік деректер қоры арқылы тексеріліп, жалған ақпарат берге азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылды. «42 500 теңге әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаулардың негізі төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетінін мәлімдейміз. Әр өтінімге қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген, оның ішінде, әлбетте басты себеп – төтенше жағдай кезіндегі шектеулер салдарынан табыстан айырылу. Осылайша ел азаматы 42 500 теңге көлеміндегі төлемге өтінім бере отырып, төтенше жағдайға дейін кірісі болғанына және оны жоғалтқанына кепілдік беретінін растайды. Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады (190, 195 баптар). Егер өтініш беруші қателесіп, әлеуметтік төлем алған болса, бірақ бұл қаражатты қайтару қажет деп санаса, 42 500 теңгені келесі шотқа жібере алады: Алушының атауы: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ БСН: 160440007161; БСК: GCVPKZ2A; ЖСК: KZ67009SS00368609110 ТТК: 049. Халық банк пен Каспий банкте шоттары бар азаматтар «Әлеуметтік төлемдерді қайтару» тетігін таңдай отырып, 42 500 теңгені банктердің ұялы қосымшасы арқылы кері қайтара алады», – деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Вице-министр Нариман Мұқышевтің мәлімдеуінше, оған 42 500 теңгеге мұқтаждығы жоқ азаматтар хабарласып, ақшаны қалай кері жолдауға болатынын сұраған. «Маған ақшаны мемлекетке қайтарғысы келетін адамдар жазды. Оларға мұндай мүмкіндік бар екенін айттым. Төтенше жағдай кезінде ақшаны банктердің мобильді қосымшасы арқылы да жасауға болады. Кейбір банктер ақшаны заңгерлік есепшоттарға жіберуге рұқсат береді», – деді Нариман Мұқышев.
Абылай Бейбарыс