ІСМЕР СЫМБАТ


Ине сабақтап, тігін тігу бәрінің қолынан келеді. Ал оюмен өрнектеп, кестелеп, құрақ құрап, көрпеше тігу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бүгінде құрақ көрпе мен көрпеше сәнге айналды. Жастық та құрақтан құралып, үйге әсемдік беріп тұрады. Мұның барлығын жинақ етіп сатып алу сәнге айналды. Қонаққа бара қалсаңыз, мамық та жұп-жұқа көрпешелерге көзің түседі. Қыз бала болған соң да ондай нәрселерді аңғармау мүмкін емес. Жақында құрбымның әпкесі көк түспен үш көрпе мен жастықтың құрағын өзі тікті. Бір күннің ішінде. Ұйқысыз өткізген түнгі еңбегі көзге ұрып тұрғандай байқалады. Жалағаштық жас Сымбат Тыныштықбай да осындай кәсіп түрін қолға алыпты. Ол кез келген нәрсені тіге береді. Тапсырыс берушінің қалауына қарай, оюдың да, құрақтың да қиюын келтіреді. Ол бүгінде "Үкілім" тігін шеберханасын ашып, той көйлегін тігумен айналысуда.
Ұзатылған қалындық үшін өзіне арналған той көйлегінен қымбат не бар?! Оның үстіне тойдың дайындығымен жүрген ару анау-мынау нәрсеге көз салмайды. Ал қыз бала үшін – киім басты назарда. Қалыңдық көйлегінен бөлек, әшекей мен сәукеле де маңызды. Ал тігінші қалындықтың бар тілегін орындайды. Сөйтіп, қазақы нақыштағы киім ұсынып отыр.
Сымбат – «Бастау» жобасының биылғы түлегі. Карантинге байланысты жобаны онлайн оқыған ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді. Сымбат жоғары оқу орнын ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша тәмамдағанымен жастайынан тігін тігетіндіктен осы саланы таңдады. Тігіншіліктің қыр-сырын меңгергісі келген жас кәсіп иесі Алматы қаласынан арнайы тігіншілік курсынан өтті. Елге келген соң кәсібін өзінің той көйлегін тігуден бастады.
«Тігінмен кәсіби түрде айналысқым келді. Жоғарғы оқу орнын бітіріп келгеннен кейін тұрмысқа шықтым. Үйде бос отырмай кәсіппен айналысқым келді. Қазір ұзатылатын қыздар тарапынан қазақы нақыштағы киімдерге сұраныс өте көп. Осыны ескере отырып, киімнің толық жинағын: тақиясын, сәукелесін, камзолын, көйлегіне дейін тігіп жатырмын. Мұнымен шектеліп қалмай, қыз жасауын да қолға алдым. Тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдаймын», – дейді «Үкілім» тігін шеберханасының иесі Сымбат Тыныштықбай.
Бүгінде еңбек етемін деген жанға кәсіптің түрі көп. Тауарларды саудалауға да жағдай жасалған: әлеуметтік желінің қажетті түрін таңдаса жеткілікті. Бүгінгі кейіпкеріміз Сымбат та дайын өнімдерін әлеуметтік желі арқылы сатады немесе жалға береді. Жас кәсіпкердің тағы бір өнері – өз қолымен соңғы үлгідегі сөмкелерді тігеді, тоқиды. Білгенін жас қыздарға үйретуді де көздеп отыр.
«Әзірге кәсібімді үйден жүргізіп отырмын. Болашақта аудан орталығынан арнайы орын алып, кәсібімді дамытқым келеді. Мұнымен де шектелмей еліміздің өзге өңірінен филиал ашу жоспарымда бар», – дейді жалағаштық кәсіпкер.
Тігінші қыз жасауын қолға алды. Енді ұзатылған қыздар Сымбаттың қалындық көйлегі мен бірге жасауын да өзімен бірге ала кетпек. Сөйтіп Сымбаттың отандық өнімдері кез келген жалағаштықтың төрінен табылады.
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА
29 қазан 2020 ж. 505 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031