ЗЕРЕК ЗЕРГЕРДІҢ БҰЙЫМЫ
Басылымның бүгінгі бизнес кейіпкері – қолөнермен айналысатын Табиғат есімді шебер. Қызылордалық жігіттің қолынан шыққан бұйымдар қыз-келіншектердің сұранысына ие. Ол күмістен жасалатын алқа, білезік, сақина сынды асыл бұйымдарды тапсырыс арқылы дайындайды. Зергерліктің қыр-сырын анасынан үйренген Табиғат Алматы мен Қызылордадан жеке шеберхана ашқан. Осылайша екі қалада кәсібін дөңгелетіп отыр.
Табиғат бала кезден анасына қолғабыс етіп өседі. Анасы құрақ құрап, көрпеше тігеді. Одан қалды зергерлік бұйымдар жасайды. Анасының ісіне қанық болып өскен бала бұл кәсіпке де қызығушылық танытады. Асыл бұйымдарды күмістен жасайды. Бір бұйымды жасау үшін бір апта, кемінде бір күн уақыт кетеді. Уақыт тапсырыс берушінің талғамына байланысты екен. Егер сақина, білезік, алқаның барлығына тапсырыс берсе, ұзақ күттіруге тура келеді. "Күміс тағу пайдалы ғой, сол себепті бұйымдарды күмістен жасаймын. Тапсырыс әлеуметтік желі арқылы түседі. Бұл қазақы бұйым болған соң қызығушылық танытып, сән үшін тапсырыс беретіндер көп. Өзім қазір Алматыда жүрсем де, Қызылордадан да тапсырыс алудамын. Үйдегі шеберханаға анам қарайды. Егер көмек керек болса, бір нәрсемен ақылдасар болсам, анама хабарласамын. Бұл істі сол кісіден үйрендім, ақылшым да, көмекшім де, қамқоршым да – анам. Әр шебер өзінің шәкірті болғанын қатты қалайды ғой. Сол сияқты мен де өз шәкіртімнің болғанын қалаймын. Дегенмен "мына бұйым қалай жасалады" деп сұрайтын, қызығатын адам табылмады. Болашақта болады деген үміттемін", – дейді кейіпкеріміз. Табиғат Тұрғынбаев Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде тігін өндірісі және киімдерді модельдеу мамандығында білім алған. Даму қорының грантына да ие болған. Кәсіпті ең алғаш құрақ құраудан бастап, бертін келе әшекей бұйымдарды қосады. Табиғаттың instaqram парақшасында қолдан жасаған бұйымдар бар. Сыйлыққа да қатып кетеді. "Мен құрбыма немесе ғашығыма не сыйласам екен?" деп бас ауыртпайсыз. Кейіпкеріміз Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі.
– Мен жасаған бұйымдарымды әлеуметтік желіде жариялап тұрамын. Арнайы жасалу жолдарын да түсіндіремін. Қажет болар деген үмітпен видеосын да жүктеймін. Негізінен бұл кәсіп қиын болғанмен, қызығушылық тудыратын іс. Бір қызығы шаршағанынды басады, мазалап жүрген ойлардан арылтады. Бір сөзбен айтқанда бұйым жасау арқылы тынығуға болады. Мен бұл жұмысты дамытуды қолға алдым. Болашақта кәсібімді кеңейткім келеді. Бұйымдардың түр-түрін жасаймын деген жоспар бар. Зергерлікке қызығатын жастар көбейсе деген тілегім бар, – дейді шебер.
Мөлдір САБЫРЖАН