» » "Қара тізімнен" шығып, несие тарихын жақсарту жолдары - Маман кеңестері

"Қара тізімнен" шығып, несие тарихын жақсарту жолдары - Маман кеңестері

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың несие бойынша қарызы шамамен 6 триллион теңге екен. Сарапшылардың зерттеуінше, олардың көбі - тұтынушылық несиелер. Яғни несиелер тұрғын үй, көлік, техникалық бұйымдар, қымбат жолдамалар сатып алу мақсатында алынады. Бірақ несиені алуын алып, оны төлей алмай, түрлі қиындықтарға тап болып жүрген қазақстандықтар аз емес. Мұнда бірінші кезекте несие тарихы бұзылып, тіпті келесі рет несие алу мүмкіндігінен айырылып қалатын жағдайлар болады.

Несие тарихтарының базасын сақтайтын "Бірінші кредиттік бюро" Субъектілермен жұмыс істеу департаментінің директоры Индира Қарлыбаева Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында несиені уақтылы төлей алмаған немесе кешіктіріп төлеген жағдайда борышкерге қатысты мәліметтің банкке емес, кредиттік бюроның базасына енгізілетінін айтады. Оның айтуынша, несиені кешіктіріп төлеген жағдайда бірінші кезекте несие тарихы бұзылады. Ал несие тарихын, оның айтуынша, тазарту немесе өзгерту мүмкін емес.
Несие тарихы деген не және онда қандай мәліметтер сақталады?
"Несие тарихы бірінші кезекте банктер мен несие беретін мекемелер үшін өте маңызды. Несие тарихы банктер мен микроқаржы ұйымдарынан келген ақпараттарлы негізінде кредиттік бюро құрады. Несие тарихын тазалауға немесе өзгертуге болмайды. Жалпы, несие тарихында несие мерзімін ұзарту қай айда, қандай сомада болғандығы және қанша күнге созылғандығы туралы ақпарат та көрсетіледі", - дейді Қарлыбаева.
Ең қызығы, ол ақпарат несие тарихында несиені толық жапқаннан кейін де қалады екен.
Сарапшының айтуынша, несие берушілер алушының несие тарихына қарап, бұрын қандай несие, қандай сома мен мерзімге алғаны, оны уақытылы жауып жүр ме, жоқ па, қандай банктерден алғаны туралы мәліметті қарап шығып, өзінің несиелендіру саясатына сәйкес шешім қабылдайды.
Несие тарихы қандай жағдайда бұзылады? Оны түзеуге бола ма?
Маманның айтуынша, әр банктің несие тарихын бағалауда өз саясаты бар.
"Әр банктің несие тарихын бағалаудың өз талаптары бар, яғни, несие беру саясаты әр түрлі болып келеді. "Несиелік бюролар мен ҚР несиелік тарихтарды қалыптастыру туралы" ҚР Заңына сәйкес, несие тарихындағы мәлімет соңғы жаңартудан бастап 10 жыл көлемінде сақталады. Соның өзінде, несие тарихы өшірілмейді. Қысқаша айтқанда, 10 жылдан асқан несие келісімшарттары туралы ақпараттар ғана өзексіз болады", - деп түсіндірді Қарлыбаева.
Несиені мерзімінен бұрын төлеу несие тарихына қалай әсер етеді?
"Біздің тәжірибеде банктердің несиелерін үнемі мерзімінен бұрып төлеп тұрғандарға несие беруден бас тартқан жағдайлар болды. Яғни бұл несиені мерзімінен төлеудің банкке тиімді болмауымен байланысты шығар. Несиені бірден төлеу оны созып төлеген жағдайға қарағанда банкке табыс аз түсетінінен болуы керек. Дегенмен бұл жағдайда несие тарихы еш бұзылмайды. Және де несие тарихының бұзылғаны немесе бұзылмағанын банк өкілдері өзі шешеді. Кейбіреулер сіздің несие тарихыңызды банк саясаты үшін жағымды деп тануы да мүмкін", - деп түсіндірді Қарлыбаева.
"Нашар несие тарихы" деген не? Бұл банк енді ешқашан несие бермейді дегенді білдіре ме?
"Нашар несие тарихы" деп төлеу күнін көп уақытқа кешіктіріп алу туралы мәліметі бар несие тарихын айтуға болады. Осындай несие тарихы бар адамдарға несие беріле ме, жоқ па - ол шешімді әр банк өздігінен, өз несие беру саясатына сәйкес қабылдайды. Әр банктің несие беру саясаты әр түрлі болып келеді", - дейді Қарлыбаева.
Осы ретте маман несие тарихын жақсартудың жолы бар екенін айтып өтті.
"Несие тарихын жақсартудың жолы - ол жағымды төлем тәртібін қалыптастыру. Ол үшін аз сомаға немесе тауарға несие алып, оны уақытылы жауып жүрген жөн. Сол кезде ғана тарихыңыз жақсарады. Кредиторларға төлем қабілеттігіңізді көрсетіп, одан кейін көбірек сомаға несие алуға өтініш жасап көрсеңіз болады. Несие тарихын жақсартудың басқа жолдары жоқ", - деп түсіндірді Субъектілермен жұмыс істеу департаментінің директоры.
"Қара тізім". Онда қарыз алушының аты-жөні қанша жыл сақталады?
Қарлыбаеваның айтуынша, "қара тізім" дегеніміз шартты атауы ғана. Ол ұғымды несиені бірнеше рет кешігіп төлегендерге қатысты қолданады. Сондықтан да бұл ретте банктер де, кредиттік бюролар да несие алушыны қара тізімнен алып тастау деген мәселемен айналыспайды. Олар тек борышкердің несие тарихын мұқият зерттеп, несие беруге бола ма, жоқ па - соны ғана шешеді.
"Біріншіден кредиттік бюро ешқашан "қара тізім" жүргізбейді. Мұнымен тек банктер айналысады. Көбіне банктердің "Сіз қара тізімдесіз" деген жауабы сіздің осыған дейін несиелер бойынша төлемдердің мерзімдерін ұзартып алғандығыңызға байланысты. Сол себепті олар сізге несие беруден бас тартуы әбден мүмкін", - дейді маман.
Осы орайда Қарлыбаева несие тарихының несиелер бойынша ағымдағы жағдайды ғана емес, сондай-ақ, оларды өтеу тарихын да көрсететінін ескертті.
"Несие тарихында несиенің мерзімін ұзарту қай айда, қандай сомаға ашылғандығы және қанша күнге созылғандығы туралы ақпарат көрсетілетінін айтып өттім. Ол мәлімет кем дегенде 10 жыл сақталады. (...) Несие бойынша мерзімді өткізіп алу жөніндегі мәліметтер дұрыс болса, олар жаңармайды және ешқашан өшірілмейді. Несие беру туралы шешімді әр банк өз несиелендіру саясатына сәйкес, өздігінен қабылдайтынын ескеру керек, - дейді маман.

Несие берілмейтін жағдайлар
"Банктер нақты қандай жағдайларда несие берілмейтінін атап бере алмаймын. Айтып өткенімдей, әр банк қарыз алушыны өз талаптары бойынша бағалайды. Мысалы, бір банк қарыз алушының несиесін 90 күн кешігіп төлеген жағдай болса, басқа банк оған қарамай-ақ, несие рәсімдеуі мүмкін. Ал үшінші банк қосалқы қарыз алушыны шақыртуы мүмкін болса, басқа бір төртінші банк өкілдері қосымша кепіл беруді сұрауы мүмкін", - дейді маман.
Қарлыбаеваның айтуынша, барлығы банктің несиелеу саясатына сәйкес қабылданады.
tengrinews.kz
12 қараша 2020 ж. 655 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031