Электронды үкімет порталына 7 миллион адам тіркелді
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы қазақ орта мектебінің 16 жасар оқушысы Нұрқанат Байсұлтанов электрондық үкіметтің 7-миллионыншы пайдаланушысы болып тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Компания өкілдері 7-миллионыншы пайдаланушыны құттықтады. Нұрқанаттың айтуынша, оған алғашқы жеке куәлік берілген кезде электрондық цифрлық қолтаңбаны алып, eGov.kz порталында тіркелген екен. «Болашақта Нұрқанат электрондық үкімет порталын жиі пайданалып, мемлекеттік қызметтер мен түрлі анықтамаларды онлайн түрде алуды жоспарлап отыр», делінген хабарламада. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта eGov.kz және е-лицензиялау порталдарының көмегімен азаматтарға 452 электрондық қызмет, сервистер пен төлемдер қолжетімді. Портал іске қосылған сәттен бері отандастарымызға 192,3 млн. рет электрондық қызметтер көрсетілген. 2017 жылы елімізде мемлекеттік қызметтерді интернет желісі арқылы алуға азаматтармен 29 014 586 рет өтініш берілген.