«Қазақстанның үздік тауары - 2018» облыстық көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды
Бүгін Қызылордада облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен «Қазақстанның үздік тауары - 2018» облыстық көрме-байқауы өтті.
Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қатысып, көрме жұмысын көрді, жергілікті тауарөндірушілердің өнімдерімен танысты.
Биыл облыстық көрме-байқауға 34 кәсіпкер қатысуға ниет білдірді. Айта кету керек, 2016 жылы қатысушылар саны 17, 2017 жылы 22 болған. Көрсеткіш көрсеткендей, жыл өткен сайын аймақ кәсіпкерлері көрме-байқауға белсенді қатысуда.
Мұнан өзге, шара аясында облыстың өзге де тауарөндірушілері халыққа өз өнімдерін ұсынды. Байқаудан өзге өңірдің әр аудан, ауылынан келіп, көрмеге қатысушы тауарөндірушілер саны – 35. Көңіл қуантарлық жайт, бұл кәсіпкерлердің арасында өткен жылы ғана «Бастау» жобасына қатысып, білімін жетілдіріп, кәсібін ашқан жандар бар. Бүгін міне, алған білімінен нәтиже көрсетіп, өнімдерін халыққа ұсынуда.
«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын ұйымдастыруда биылғы жылы айтарлықтай өзгерістер бар. Мәселен, биылғы жылдан бастап шараны өткізуді облыс әкімдігі қаржыландыруда.
Мұнан өзге, жеңімпаздарды дәрежесіне қарай бөлу (І, ІІ, ІІІ орын деп) де алынып тасталды. Көрме-байқауды 2015 жылдан бастап ұйымдастырып келе жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл қадамды «Жеңімпаз болған тауарлар түрлі тауар тобына жатады, олардың тұтынушылық құрамы екі жағдайда да жоғары деңгейде. Үш аталымда теңдей үш жеңімпаз анықталады», - деп түсіндіреді.
Шара соңында, «Қазақстанның үздік таураы - 2018» облыстық көрме-байқауына өнімдерін әкеліп, белсенді қатысқан кәсіпкерлерді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов алғыс хаттармен марапаттады. Облыстық көрме-байқау жеңімпаздары осы жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық көрме-байқауға қатысады. Биыл республикалық байқау жеңімпаздарын анықтау құралдарының бірі ретінде онлайн-дауыс беру жүйесі енгізілуде.