Үздіктер анықталды
Облыс әкімдігі және кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары – 2018» облыстық көрме-байқауы өтті.
Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Аталған байқауға 34 кәсіпкер қатысып, 9 кәсіпкердің өнімі жеңімпаз деп танылды. Атап айтар болсақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымын өнеркәсіптік труба өндіретін «Қазақстанның Мұнай Химиялық «Кемикал» компаниясы» ЖШС, лего кірпіш шығаруды қолға алған «Әсем тас» ЖШС, арнаулы жұмыс киімін ұсынған «Жанзере» ЖШС иеленді. «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша «Dalatex» ЖШС, «Нариман» және «Сұлтан Сүйрік» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Жылына қуаттылығы 500 мың тоннадан астам тұз өндіретін «Аралтұз» АҚ, ТМД, Батыс Еуропа елін балық өнімімен қамтып отырған «СПК Қызылорда балық» ЖШС және «AB INVEST GROUP» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының жеңімпазы атанды.
Облыстық көрме-байқау жеңімпаздары қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық көрме-байқауға қатысады. Биыл республикалық байқау жеңімпазын анықтауда онлайн-дауыс беру жүйесі енгізілді.