НАРЫҚҚА САЙ КӘСІПКЕР
Әйел адам әркез әдемі болып жүруге талпынады. Сондықтан бүгінде сұлулық салонын ашу кәсібі қарқынды дамуда. Осыдан он жыл бұрын қаладағы ел көп баратын салонның бірі «Доннаға» бас сұқтым. Ол кезде қалада көбіне орыстың, не кәрістің салондары танымал. Алдымнан шыққан кәріс ұлтының өкілі сыпайы сәлемдесіп, күте тұруымды өтінді. Салонның іші адамға лық толы, шаш кептіргіштің шуына радиодан шыққан әуен қосылып, қызметкерлердің дауысы әдеттегіден қатты шығуда. Есік алдында отырған соң келген қонақтардың көбі Айжан есімді қызды сұрап жатты. Мен де еріксіз кәріс қызметкерлерінің арасынан қазақ қызын іздедім. Шашы қоңыр, жүзі жылы, сары құба келген жас қыз барлығымен бірден тіл табысуда. Қолындағы қайшысын сенімді ұстауы – өз кәсібінің тәжірибелі маманы екенін байқатқандай. Бұл он жыл бұрын болған оқиға.
Бүгінде Айжан Кенжебаева «Сен үшін» деп аталатын жеке салонын ашқан жас кәсіпкер. Жеке кәсібін ашқанына биыл алты жыл толмақ. Оның сөзінше, шаштараз кәсібін меңгеруге ата-анасы бағыт берген.
– Анам «қандай заман болмасын аспазшы, шаштараз, тігінші сынды кәсіп жоғалмайды» деп өз ақылын айтты. Ал әкем «кез келген адам қолынан келетін істі меңгеруі тиіс, сол кезде ешкімге тәуелді болмайсың» деп бағыт берді. Мектепті бітірген соң туысымның салонына жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтадым. Одан кейін «Донна» салонында біраз уақыт жұмыс істеп, кәсібіме қажет көп дүниені меңгердім, – дейді кәсіпкер.
Кез келген кәсіпкер жеке кәсібін ашуға бекінгеннен кейін, көңілінде қорқыныш сезімі басым болады. Ал сенімділік сол кәсіптің қазанында қайнап, мол тәжірибе жинағаннан кейін қалыптасады. Айжанның да бойында бастапқы кезде үрей басымырақ болған. Бірақ ата-анасының, бауырларының қолдауы, өз ісіне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі оны әркез алға жетелейді.
Айжан адамды бойындағы қабілетімен қатар, сабырлы, салмақты мінезімен баурап алады. Салонға келгендер шаш алдырудан бөлек, сырласуға, әртүрлі тақырыпта кеңес сұрауға да келеді. Мұның өзі кәсіпкердің қонақтарды шын пейілімен қарсы алатынының дәлелі.
«Кәсіп ашамын деген жанға қандай кеңес берер едіңіз» деген сұраққа жауап бермес бұрын ол ұзақ ойланды. Оның айтуынша, адам қолынан келетін, өзі қызығатын кәсіпке ден қойғаны абзал.
– Ең алдымен тәжірибе жинақтаңыз. Өз ісіңізді қаншалықты жақсы білсеңіз, кәсібіңіз де соншалықты өрге жүзбек. Алдыңызға нақты мақсат қойғаннан кейін тәуекелге бел буыңыз, қандай қиындыққа да мойымаңыз. Өзіңіз қуана істейтін, жұмысқа баруға асығатын кәсіп түрін таңдаңыз, – дейді кейіпкеріміз.
Сондай-ақ, оның пікірінше, кәсіп ашуда бірінші толағай табысты емес, күнделікті айналымдағы кірістің шығыстан көбірек болуын ойлаған жөн. Тұрақты табыстың кілті осы.
Келешекте Айжан кәсібін кеңейтіп, нарыққа сай сапалы қызмет көрсететін үлкен орталық ашуды жоспарлауда.
Әсел БЕГМАН