МАҚСАТ ПЕН ЖІГЕР БІРІКСЕ, АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Сымбат Абдрахманова − "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздарының бірі. Сымбат Нұртазақызы 1988 жылы 10 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. №12 І.Қабылов атындағы орта мектептің түлегі. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар мен Әлем тілдер университетінде филология мамандығы бойынша, Иран мемлекетінің «Таботабои» университетінде арнайы біліктілік арттыру курсында білім алған. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарды. Ілеспе аудармашы мамандығы бойынша магистратурада білімін жетілдірген. Бүгінде "Болашақ" университетінде педагогика-психология мамандығы бойынша білім алуда. Жары − Дарханмен үш перзент тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміз ешқандай артық шығынсыз-ақ балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдер құрастырған талантты жас. Сымбат ҚР Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасымен және Қызылорда облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталған.
Сымбат АБДРАХМАНОВА,білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында «Әлеуметтік - педагогикалық қызмет» бөлімінің меңгерушісі:
− "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасында үздік деп танылуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл марапат сізге қандай әсер қалдырды?
− Бұл жобаға әр облыс өз саласында жетістікке жеткен жандарды ұсынды.Білім ғылым, медицина, мәдениет, спорт, қоғам осы алты санат бойынша 2000-ға жуық жан қатысқан. Республикалық қазылар алқасы 300 адамнан ақтық мәреде 102 талантты жанды таңдады. Ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды анықтауға мұқым ел болып атсалысты. Кезкелген тұрғын үміткердің өмірімен таныса отырып, дауыс береді. Жобаның маңыздылығы зор. Жеңімпаздарды құттықтауға Елбасының арнайы қатысқаны, әрбірінің өмірбаянымен жеке танысып, дидарласқаны ерекше әсер қалдырды.Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың жетістіктеріне оң баға беріп, игі тілегін жеткізді. Тағылымы мол бастамаға Елбасының өзі мұрындық болғаны тіпті қуантады. Өмірде белгілі бір жетістікке жеткен жандарды халыққа таныстыру үлкен жігер сыйлары анық. Жоба үлкен жұмыстарға серпіліс береді деп ойлаймын. Көптеген жандармен таныстым. Бір-бірімізбен идея алмасып, дидарластық. Алдағы уақытта осы үздік деп танылған жандар жүз игі іс жасауға уағдаластық.
− Тілінде мүкістігі бар балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдер құрастыру идеясы неден туындады?
− 2012 жылы облыстық білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында «Әлеуметтік педагогикалық қызмет» бөліміне жұмысқа орналастым. Басты міндетім − мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау. Маман ретінде балаларға қалай көмек көрсетуді ойладым. «Қолымнан не келеді» деп өзіме жиі сұрақ қоятынмын. Үйдегі балаларымның «Саяхатшы Дара» мультфильміндегі тапсырмаларды зор ықыласпен орындап, сұрақтарға шапшаң жауап беріп отырғанын аңғарып, «неге бізге осындай мультфильмдер дайындамасқа» деген ой келді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған анимациялық туынды жасауды ойластырдым. Бұл оңай шаруа емес екен. Сценариін өзім жаздым, дыбыстауға, рөлдерді образға сай жеткізуге достарым көмектесті. Мультфильмдегі басты дүние − оқиғаны әртістік шеберлікпен жеткізу. Жолдасым IT саласының маманы ретінде үлкен көмегін берді.
− Сіз құрастырған мультфильмдердің ерекшелігі неде?
− Басты ерекшелігі − арнайы аудиторияға арналған. Тілінде мүкістігі бар балалардың саны күннен күнге көбеюде. Біздің аймақта да бұл көрсеткіш жоғары. Олармен жұмыс істейтін басты маман логопедтерге арналған қазақ тіліндегі әдістемелік құрал өте аз. Қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын арттыру үшін еңбек етуімізге тура келді. Сөйлесу кезінде баланың дыбыстарды дұрыс айтпауы, тілінің кеш шығуы, белгілі бір әріптерге тілі келмеуін көріп, осы жобаны қолға алдым. Бұл мультфильмдер баланың санасын дамытуға, сөздерді анық айтуына көмектеседі.Сонымен қатар, қазақ тілді мультфильмдер өте аз. Баланың бойында ұлттық құндылықтарымызды жастайынан бойына қалыптастыру маңызды. Сондықтан туындыларды ешқандай қаржылық көмексіз өз күшімізбен дайындап, әрі қайырымдылық ретінде тегін тараттық.
− Осы жанрды дамытуға не кедергі? Қандай қиындықтар кездесуде?
− Бірінші кезекте анимация саласында тәжірибеміз жоқтығы қиындық тудырды. Дыбыс жазу, монтаждау студияларының қызмет ақысы да жоғары. «Логоритмика» жобасын дайындағанда да осы қиындықтар алдымыздан шықты. Жаттығуларды музыкамен әрлеу қиынға соқты. Арнайы мамандар өңдеген әрбір әнге ақы сұрайтыны белгілі. Сондықтан ғаламтор арқылы өзіміз ізденіп, дайындадық. Арнайы аннимация жасайтын орын қаламызда тіпті жоқ. Сондықтан үлкен салмақ өзімізге түсті. Күні-түні тынымсыз ізденіс үстінде болдық. Автор ретінде өз ойымдағыдай шыққанша талмай еңбек етуге тура келді. Ғаламтордағы арнайы бағдарламалардың көмегіне жүгініп әзірледік. Алғашқы көрерменім үйдегі өзімнің балаларым болды. Солардың эмоциясына қарап, кем-кетігін толықтырып түзедім.
− Баланың тілінің бұзылуына басты себеп қандай?
− Тіл мүкістігі түрлі себептерден туындайды. Туа бітті, жүктілік кезінде анасының дұрыс күтінбеуі, босану кезеңіндегі жағдайлар. Мұндай жағдайда тек логопед ғана емес, дәрігер де кешенді ем ұсынуы керек. Ата-аналар, отбасы мүшелері балаға зор көңіл бөліп сөйлеспеуі басты кедергі. Айтқан сөзі түсініксіз болса да, қойған сауалына дұрыс жауап беріп, ерінбей сөйлесу қажет. Бұл ретте үлкендер сөзді дұрыс қолдануы керек. «су ішесің бе» деген сауалды бала тілімен «уфа ішесің бе?» деп жатамыз. Үлкен қателік осы. Кәмпитті бала «пәпит» десе үлкендер оған ол сөздің дұрыс айтылуына жәрдемдескені абзал. Өкінішке орай бұған көптеген ата-аналардың уақыты тапшы.
− «Логоритмика», «Компьютерлік психодиагностика» әдістерін енгізу үшін жоба дайындапсыз. Тиімділігі неде?
− «Логоритмика» әдісі қазақ тілінде жоқ еді. Бұл жоба бойынша балалар ән салып түрлі қимылдар жасайды. Ән ырғағымен қозғалып секіреді. Бұл баланың ойы мен қимылының қатар жұмыс істеуін жағдай жасайды. Баладан тест алуды компьютерлік жобасын дайындадық. Бұрын қағаз жүзінде тест алуға, баланың мүмкіндігін анықтауға көп уақыт кететін. Өз жұмысымызды жеңілдету үшін сала маманы ретінде үнемі ізденісте жүрдім. Бейне сабақтар да әзірледік. Бұл балалардың есте сақтау қабілетін дамытуға көмегі зор. Еңбегімізді облыстық білім басқармасының Youtube каналы арқылы тегін тараттық. Мамандар жүктеп алып, күнделікті қолдануда. Өзім жасаған дүниелердің бүгінде қаладағы балабақшаларда кеңінен қолданылып жатқанын көру мен үшін үлкен бақыт.
− Дәстүрімізде енді сөйлеп келе жатқан балаға арналған «тілашар тойы» бар. «Тілің тез шықсын!», «Сандуғаштай сайрап кет!», «Жиреншедей көсем бол» деп тілек қосатын осы тойды қайта жаңғырту керек шығар?
− Иә, әрине ата-бабамыздың әрбір салт-дәстүрінде зор мән бар. Тілі енді шығып келе жатқан баланы әңгімеге тартып, оның тәтті тілін қызықтап, «сөйлей аласың ба» деп түрлі сұрақ қойып, үлкендердің бата беру тағлымы зор дүние. Қазір көптеген отбасында баламен сөйлесу, оның түсініксіз болса да сұрағына жауап беру, сөзді дұрыс айтуына көмектесу азайып барады. Халқымыз «Батамен ер көгереді» деген. Бұл жоралғыда тәтті тілімен тақпақ айтқан балаға бата беріліп, кітап сыйлап жатады. Ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынады. Бұл той балаға басты назар аударуға үлкен септігін тигізер еді.
− «Педагогикалық ізденіс» ғылыми-әдістемелік журналының редакция алқасының мүшесі екенсіз. Әріптестеріңіздің ізденісін қалай бағалайсыз?
− Орталықта педогог-психолог, логопед мамандармен жұмыс істейміз. Олардың біліктілігін арттыру курстарын, түрлі іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырамыз. Жұмыстарына талдау жасап, қажетті әдістемелік көмек көрсетеміз. Семинарларда түрлі тақырып аясында пікір-талас алаңы болады. Сондағы байқағаным қазір жас мамандардың ізденісі жоғары. Қай тақырыпты көтерсек те, өз ойын нақты мәліметпен жеткізіп отырады. Мамандығының майталманы болуға деген құлшынысы жоғары. Әсіресе педогог-психологтар қазір тынымсыз еңбек үстінде.
− Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарыпсыз. Аудармашының арқалаған жүгі ауыр болды ма?
− Түрлі оқиғаларда елшінің қасында болып, аударма жасадым. Мен аударған әрбір сөздің, сөйлемнің, ойдың артында тұтас Қазақ елі тұрғанын әркез санамнан шығармайтынмын. Үнемі қолымнан кітап түспейтін. Иран республикасының ғана емес еліміздегі барлық жаңалықты қалт жібермей тыңдауға асығатынмын. Бұл жұмыс мол тәжірибе жинауыма жәрдемдесті. Бір сөзді немесе бір ойды дұрыс аудармасаңыз екі ел арасында үлкен дау туып кетуі мүмкін. Аудармашы тек тілді ғана емес екі елдің ішкі-сыртқы саясатын, мәдениетін, тарихын барлық саладан хабардар болу керек. Еліміздің атынан сөз сөйлеу мүмкіндігі бұйырған соң барынша сауатты жауап беруге күш салдым.
− Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
− Қазір Қызылорда облысы туралы балаларға арналған мультфильм дайындаудамын. Онда кейіпкер барлық ауданды аралап, оның тарихы, табиғаты т.б. қызықты мәлімет береді. Осы жоба бойынша үлкен еңбек күтіп тұр. Қазіргі таңда тек Арал ауданынан жұмысты бастадық. Әлі алты ауданда болып, мәліметтер жинап, сценарий дайындауымыз керек. Аннимациялық жұмыс, дыбыстау бәрі алда. Бұйырса, бір-екі айда жарыққа шығатын шығар.
− Туындылардың бәрін өз қаражатыңызбен әзірлеп, тегін таратудасыз. Демеуші іздеп, қаржылық қолдау сұрамадыңыз ба?
− Қазір талантты жастарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Келер жылы дарияның сол жағалауынан «Жастарға қызмет көрсету орталығы» жұмыс істейтінін естіп қуандым. «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жасұлан Нұрланұлының айтуынша, онда бізге көмек болатын аудио және бейне жазбалар студиясы да ашылмақ. Үнемі жұрттан ақысыз көмек сұрау да қиын. Сондықтан менің жобама қаржылық қолдау табылса, тіпті, тамаша болар еді.
− Армандауға болады. Ал орындалуы ше?
− Уақыт жоқ, мүмкіндік жоқ дегенге келіспеймін. Не істеймін, қалай істеймін деген ой болса, мүмкіндіктер қақпасы ашылады. Жақсы ойлап, алға мақсат қою керек. Айқын мақсат жолында аянбай еңбек етіңіздер.
− Мақсатыңызға жетіңіз!
Сұқбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН