Бес парта, он орындықтан бастау алған кәсіп
Жаңа жыл бастау алғанда адам өз өзіңе жоспар құрады екен. "Осы жылы қалай да осы істі атқаруым керек" дейміз ғой Үйіп-төгіп тізім қойғанымызбен, кейбірін орындамай жатамыз. Уақыттың тапшылығы әсер ететіні рас. Иә, менде биыл ұзын-сонар жоспар құрдым. Ең маңыздысы ағылшын тілін үйрену, білімімді жетілдіру болды. Бұл енді биылғы жылдың еншісінде. Жалпы ағылшын тілін үйренуге қызығушылық танытатындар көп. Сондай-ақ тіл үйрететін курстар да жетерлік. Соған қарағанда тіл білгеннің барлығы мұғалім болып кеткен бе дерсің. Міне, бүгін курс ашып, оқушыларға тіл үйретіп жүрген жас кәсіпкерді сөзге тарттық. Курсқа жазылуда неге мән беру керек, тілді қанша уақытта үйреніп шығуға болады осы турасында шиелілік Мөлдір Дүйсеновадан сұрадық.
Мөлдір Мейрамханқызы ҚМУ-да шет тілі: екі шет тілі мамандығын алып шықты. Білімін жетілдіру мақсатында аталмыш университетке магистратураға түсіп, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. Республикалық "Мәртебелі маман" меделін,халықаралық "Ұстаздар одағының мүшесі" атанды. Сонымен бірге "Сыр үміті" сыйлығының иегері. Ең алғаш кәсіпті 2013 жылы бастаған. Алғашқы топта 10 оқушы, бертін келе 20 оқушыға сабақ береді. Оқушылар саны 40-50 ден асқан соң қосымша екінші мұғалім алды. Уақыт өте келе бала саны, мұғалімдер саны көбейе бастады.
– Кәсіп ашарда ешкімнен қаржы алмадым. Ол кезде өзімде де айтарлықтай қаржы болмады. Бес партамен он орындықпен бастадым. Уақыт өте келе оқушылардан жиналған ақшаға қажетті құралдар алдым. Облыс әкімінің "Сыр үміті" сыйлығына ие болдым. Содан түскен ақшаға оқулықтар алдым. Кәсіпке итермелеген негізгі күш – уақытқа тәуелді болмай, балаларды мектеп бағдарламасынан бөлек терендетіп оқыту. Бала кездегі арманым жеке кәсіпке бет бұру еді. Өз мамандығым педагогика саласы болғаннан кейін, мамандығымды кәсіп етіп ашуға бет бұрдым. Әрине кез келген кәсіпте қиындық болады. Кей кезде оқушылардан жиналған қаржы мұғалімдердің айлығына жетпей қалып жатады. Кәсіп болған соң сүрінулер болады ғой. Өзіңе сенімді болсаң шығар жол әрқашан дайын. Дегенмен қолын бір сілтеп кететіндер бар. Меніңше кәсіпкер қанша құласа да тік тұрып кетуі керек деп ойлаймын. Қиындықтардың барлығын маған берілген үлкен сынақ деп білемін. Әр қиындық болған сайын өміріме берілген сабақ деймін. "Менде өзіме сенемін деген принцип басым, – дейді Мөлдір Мейрамханқызы.
Ол ұстаз болуды бала кезден армандайды. Сөйтіп, арманды мақсатқа айналдыруға тырысады. Уақыт өте келе тілегі орындалады. "Ұстаз болу – жүректің батылдығы, ұстаз болу – сезімнің ақындығы. Ұстаз болу мінездің күн шуағы. Азбайтұғын адамның алтындығы", деп ақын Ғафур Қайырбеков жырлағандай, бала бойына ата-анадан кейінгі тағылымды тәрбие, өшпес өнеге сіңіріп, білім нәрімен сусындататын
ұлағатты жан ұстаз. Сондықтан да ұстаз болуды армандадым", – дейді жас кәсіпкер.
ұлағатты жан ұстаз. Сондықтан да ұстаз болуды армандадым", – дейді жас кәсіпкер.
Жоғарыда атап өткендей тіл курсын қалай таңдау керек сол жөнінде сұрап білдік. "Ағылшын тілі бәріне керек, түбі үйренуді қажет етеді. Сондықтан да шешімді бірден қабылдаған жөн. Қазір ағылшын тілінен сабақ беретіндер, жеке курс ашқандар көбейді. Дегенмен өзіңе сенімді болмаса, бұл қадамға ешкім жайдан жай бармас еді. Өзі білмегенді өзгеге үйретпейтіні анық қой. Сондықтан ағылшын тілін үйренуден қорықпаған жөн. Адамға тіл үйренемін деген шыңайы ынтаның өзі жеткілікті. Қалауы арқылы тез үйреніп шығуға болады. Бір-екі тілмен тоқтап қалмаған жөн. Өзге тілдің артықтығы жоқ. Мәселен, полиглоттар тарихында: шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерсе, шотландиялық Дерик Хернинг 22 тілде еркін сөйлейді екен. Еңдеше бұл сіздің ағылшын тілін еркін меңгеруге толықтай мүмкіндігіңіз бар дегенді білдереді. Әлемде қиын тіл жоқ. Әр тілдің өз заңдылығы бар. Ең алдымен тіл үйренемін деген адамға мотивацияның болуы аса маңызды. Ол мотивация – сіздің мақсатыңыз болмақ. Үйренуші адамға оқушы, студент, ересек адам болсын қызығушылық арттыру үшін ағылшын тілінде түрлі ойындар ойнатып, тренингтер ұйымдастырып, бейнероликтер тамашалату керек. Шет мемлекеттердің менталитеті, ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі, өмір сүру ерекшеліктерімен таныстыру арқылы үйренушінің тіл білуге деген ынтасын арттыруға болады. Алыс-жақын шет елдерге саяхат жасату, жаңа-көне қалаларды аралату мүмкіндігі болса, тіпті нұр үстіне нұр болар еді", – дейді ол.
Бүгінде мектепте білім алатын баланың қосымша сабақтары көп. Уақыты босқа өтпесін деп қосымша сабаққа да, үйірмелерге де беріп жатамыз. Сосын "қашан демалысқа шығамыз" деп балаңыз демалысты асыға күтіп жүргені. Балаға қосымша сабақ қаншалықты қажет? Мұны да сұрап көрдік.
– Тіл біліп, жан-жақты, интелектуалды ой-өрісі дамыған азамат болып өсу – қазіргі заманның қатаң қағидаларының бірі. Оқыған, білген бала ешқашан жерде қалмайды. Сондықтан мұны мәжбүрлік емес, заман талабы деп қабылдаған дұрыс. Себебі оқушы болашағының баянды, келешегінің кемел болуы – алған біліміне тікелей байланысты, – дейді кейіпкеріміз.
Шынында тіл білгеннің артығы жоқ. Қалта телефоннан көз алмаған балаға қосымша сабақтар қажет-ақ. Сабақ аяқталысымен, қосымша сабаққа кеткен баладан болашақта білімді ұрпақ шығады деп сенім артуға толықтай болады. Ал үш тілділік бүгінде заман талабы деп жатамыз. Сондықтан да баланы қатарынан қалдырмай, білімін жетілдіру де қажет. Себебі баланың болашағы бүгіннен басталады. Уақытыңыздың көп бөлігігін білімді ұрпақ тәрбилеуге арнаған жөн-ақ. Сондай-ақ "Мен кезінде оқығанмын" деп мектеп бағдарламасының оқуын қанағат тұтпай, ағылшын тілін әрі қарай оқу, дамыту бүгінгі күнге артық етпес. Олай болса ағылшын тілін оқиымын деп, мен секілді биылғы жылға жоспар құрғандарға сәттілік тілеймін.
Мөлдір САБЫРЖАН