» » Интернет-дүкеннің игілігі

Интернет-дүкеннің игілігі


 
Кәсіп көзінің интернетке ойысуы түрлі саладағы жаңашылдықты қалыптастырды. Бұрынғыдай базар сөресінде өнімді саудалау азайып, ғаламтор арқылы тұтынушы табу өріс алып келеді. Қазіргідей індет асқынған шақта бұл әдіс өз жемісін беріп, сатып алушы саны еселеп артуда. Қазақстандық кәсіп иелері де жеңіл тәсілге көшіп, ғаламтордың игілігін көруде. Осындай интернет дүкеннен табыс табудың жолын қалыптастырған кәсіпкер
Айнұр Демесінова.
Бүгінгі кейіпкер заманауи сауда кеңістігінде бақ сынап жүрген жанның бірі. Ол «AliExpress» сауда желісін пайдалану кәсібін дөңгелетіп, әлемдік безнестің даму қарқынына ілесуде. Онлайн сауда арқылы түрлі тауарға тапсырыс беріп, тасымал ерекшелігі, баға көрсеткіші туралы ақпаратқа қаныққан. Тапсырыспен алдырған өнімнің бағасын қолжетімді ету арқылы тұтынушы санын арттыруға қол жеткізген.
– Бастапқыда көптеген кәсіп түрін қолға алу туралы ой болды. Бәрінің өзіне тән қиындығы мен шығынын ескеріп, ең оңтайлы жолды таңдай алдым. Сөйтіп «AliExpress» сауда дүкеніндегі бизнесімді жүргізе бастадым. Қазіргі таңда онлайн тапсырыс беріп, Қытай, Тайланд, АҚШ елдерінен тауар алдырып, отандық нарықта саудамен айналысамын. Бұл тұтынушы үшін де, саудагер үшін де тиімді ұсыныс деп білемін, – дейді Айнұр Демесінова.
Кәсіпкердің сөзінше, шет елдерден келген өнімнің сапасы жоғары, бағасы арзан болады. Оған қоса тапсырыс санының артуына орай, бонустар мен акциялар тұрақты жүргізіледі. Мұндай маркетинг қадам интернет-дүкеннің өріс алуына ықпал жасауда.
– Отандық интернет-дүкендердің басым бөлігі өнімді сырттан әкеледі. Бұл – үлкен шығын. Ал сұранысқа сай жекелей тапсырыс беру анағұрлым тиімді. Көптеген қазақстандық кәсіпкерлер дәл осы әдісті қолданады. Керекті тауардың түрі мен санын таңдап, артық шығыннан арылу бәрі үшін табысты шешім екені анық. Алайда мұндай әдіс уақытты талап етеді. Кедендік бақылау, ара-қашықтық салдарынан тауар межелеген орынға 15-20, тіпті кейде 1 ай аралығында жетуі мүмкін,  –  дейді кәсіпкер.
Айнұр Демесінова аталған нарықта табыс тауып жүргеніне бес жылға жуықтаған. Оның ойынша, интернет дүкеннің ең осал тұсы тағамдар мен жеміс жидектерді саудалау мүмкін емес. Яғни, жол қиындығы мен тасымалдау уақыты салдарынан тез бұзылатын және ерекше талапты қажет ететін өнімдер саудаланбайтын көрінеді. Кәсіпкер алдағы уақытта аталмыш кедергінің шешімі табылуын қалайды. Себебі, дамыған елдерде қажетті тағам түрін тапсырыспен шет елден алдыру әдісі кең қолданысқа ие. Бизнестің өркен жаюы үшін кез келген тиімді амалды қолдану маңызды екенін ескерсек, бұл мәселенің шешім табатын уақыты алыс емес секілді.
– Интернет-дүкенде үнемі қырағы болу қажет. Қаржы алаяқтарынан өзге, өнімнің ерекшелігі мен санын таңдауда абай болмасаңыз, шығынға ұрынуыңыз бек мүмкін. Тағы бір қажетті дағды есебінде тіл меңгеруді айтар едім. Әлемдік интернет дүкендердің  90 процентке жуығы ағылшын тілінде. Сондықтан тіл меңгеруге назар аударған жөн. Ол сізге тауардың сапасын бақылауға, өнім өндіруші және жеткізушімен кері байланыс орнатып, өз талабыңызды қояға мүмкіндік жасайды. Кейде даулы мәселеде сіздің талабыңыздың орындалуына да тікелей әсер етеді, – дейді кәсіпкер.
Ақтілек БІТІМБАЙ
31 шілде 2020 ж. 356 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031