Тұрғындар үшін таптырмас мүмкіндік
Кәсіпкерлік саласын дамытуда жеке кәсіпкерлердің үлесі зор. Бұған дәлел жеке кәсіппен айналысып жатқан азаматтар саны күн сайын артып келеді. Олар өз жұмысын жүргізіп қана қоймай, жұмыссыздар санын азайтуға өз септігін тигізуде. Сондай-ақ елдің экономикалық саласы жаңашыл бағытта дамуда. Айталық, Қармақшыдағы 3 115 кәсіпкердің 2687-сі белсенді жұмыс істеп тұр. Соның бірі – Эльмира Жұбанова.
Ол 2011 жылы "Ауылшаруашылығы" бағдарламасы арқылы 3 млн теңге несие алса, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы кәсібін кеңейту мақсатында 8 млн теңге қаражат алған. Осылайша "Ақниет" атты жиһаз және құрылыс дүкенін ашқан.
Қармақшы ауданының тұрғындары бұл дүкеннен құрылысқа керек материалдың кез келген түрін таңдай алады. Сондай-ақ соңғы үлгідегі жиһазға тапсырыс береді. Қазіргі таңда кәсіп иесі 3 қармақшылық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыды. Одан бөлек камазбен жиһаз таситын жігіттер де бар.
– Отбасымызбен бірге құрылыс саласында 20 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеміз. Негізгі бағытымыз – жиһаз жасау. Біз жиһазға арналған аппарат сатып алып, тұрғындар көңілінен шығу үшін жұмыс істеп келеміз. Егер құрылысқа қатысты іздеген зат болмай қалса, оны арнайы алдыртуға тырысамыз. Бұл кәсіп түрі бізге тансық емес. Отағасы жиһазды өзі істейді. Қасында көмекшісі бар. Аудан тұрғындарынан тапсырыс көптеп түсуде. Әзірге жиһазға қатысты сын айтылған жоқ, – дейді Эльмира Жұбанова.
Қармақшыға барған тұста "Ақниет" жиһаз және құрылыс дүкеніне кірдік. Жұмыс барысын көзбен көріп, ішін араладық. Расымен құрылысқа керектінің бәрі бар. Мәселен, тұсқағаз, декор, ксыр, кафель, есік, гипсокардонды бірден көзіңіз шалады.
– Алғашында жиһаз істеуге қызығушылығым артты. Өзге жиһаздарды көріп жүріп, істеп көруге ниеттендім. Жасаған жиһаздарым тұтынушылар көңілінен шықты. Сондықтан кәсіпті кеңейтуді қолға алдық. Бүгінде жиһаз істейтін арнайы аппарат бар, сол арқылы кәсібіміз жеңілдеді. Қармақшылықтар үшін құрылыс дүкенінің ашылғаны қуанышты жаңалық екенін білеміз. Бізге келушілер алғысын білдіріп жатады. Өзіңіз де білесіз, құрылыс заттарын облыстан алу қиынға соғады. Оны әкелетін дайын көлік іздеп жүресіз. Жол алыс болса, қосымша қаржының керек болатыны тағы бар, – дейді отағасы Бақытбек Дөңбаев.
Біз дүкенде тұрған уақыт аралығында 4-5 тұтынушы келіп, өзіне қажетті заттарды алып жатты. Ал кейіпкеріміз Эльмира Жұбанова келушілерді күліп қарсы алып, қажеттісін тауып беріп, тұрғындардың көңілін табуда. Келушілердің ықыласы шексіз екенін жүздерінен аңғаруға болады.
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА