SMART CITY: БАСТАМАШЫЛ ЖОБАЛАР
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйектегі жолдауында маңызды 11 міндетті атап өтті. Аталған міндет барлығымызға ортақ, еліміздің дамуына үлкен үлес қосатыны анық. Міндеттердің бірі цифрландыру, яғни цифрландыру барлық реформалардың базалық элементі болып келеді.
Бес жыл ішінде бұл салаға салынатын инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуін тапсырды. Еліміздегі Цифрландыруды дамытуға өте керемет мүмкіндік деп есептеймін. Осы орайда, жас IT мамандар өз білімін шет мемлекеттердің өркениетті оқу орындарында шыңдап, дамыған елдердің озық технологиясын игерген жастар бүгінгі тәуелсіз еліміздің одан әрі нығаюына, туған жеріміздің көркейіп – гүлденуіне, өлкеміздің алдыңғы қатардан көрінуіне, экономикалық өркендеуіне, инновация мен технологиялардың дамуына, өз үлесін қосу керек.
Цифрландыру бағытына трансформациялану – жаңа заманның талаптары бізден, экономикалық шешімдердің заманауи болуын, тікелей ақпараттық технологиямен байланысты болуын талап етеді. IT сауаттылықты көтеру арқылы «еститін мемлекет» қағидаттарын жүзеге асу керек, ол үшін цифрлы комиссарлар қатарын көбейту керек, яғни Digital Government концепциясына сәйкес. Өмір сүруге ыңғайлы, ақылды әрі қауіпсіз қала – Елімізде соңғы айларда пандемияға байланысты орын алған жағдайлар біздің осал тұстарымызды көрсетіп берді. Бұл ең бірінші ақпараттық дереккөздерінің жабықтығынан деп білемін. Қауіпсіз аймақ құру мақсатында, барлық денсаулық сақтау ұйымдары мен салалас мекемелерде деректердің ашықтық пен шынайылық принципін енгізуге жұмыс жасалу қажет.
Қызылорда қаласында көшелер мен аулаларда интеллектуалды жүйеге негізделген бейнекамералар санын арттыруымыз қажет. Smart City – эталонды стандартының маңызды бағытының бірі «Қауіпсіз қала» тікелей айналысып жүрген салам болғаннан кейін, қала халқының қауіпсіз аймақта және ыңғайлы өмір сүруін басты назарға алуымыз қажет. Кең жолақты интернетке қол жетімділік – заман талабына сай білім алуға, жұмыс жасауға, кәсіпті онлайн жүргізуге мүмкіндік беретін басты қажеттілік. Қазіргі таңда облыс бойынша 70 елді мекен тұрғынына интернет қолжетімсіз немесе сапасы нашар. Бүгінгі таңда карантиндік шараларды енгізу жағдайында жаппай цифрландыру қашықтан жұмыс істеуге, оқуға, мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алуға көшуге мүмкіндік береді. Онлайн оқыту форматындағы жаңа оқу жылының дайындығына байланысты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды. Үкімет қала, аудан орталықтары немесе 250 адамнан кем елді мекендерге қарамастан барлық халықты интернетпен қамтамасыз ету міндетін қойды. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша 230 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде: халық саны 250-ден астам 173, халық саны 250-ден кем 57 елді мекен. Оның ішінде 160 АЕМ кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген, бұл 69% - ды құрайды.
3G және 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілмеген 70 ауылдық елді мекен проблемалы болып қалуда (оның ішінде: халық саны 250 адамнан астам 42 ауылдық елді мекен, халық саны 250 адамнан кем 28 ауылдық елді мекен). 70 елді мекеннің 23-інде базалық станциялары бар антенна-діңгек құрылыстарын салу немесе орнату жоспарлануда, оның ішінде 4 компания «Билайн» және 19 «Кселл». Осылайша, 47 ауылдық елді мекеннің қосылу мәселесі 2021 жылы қаралатын болады.
Қызылорда облысында «Smart city» компоненттерін енгізу бойынша бастамашылық жобаларға қатысты:
1. Білім беру саласында қазіргі уақытта мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін арттыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «облыс бойынша 70 мектепте бейнебақылау камераларын орнату» жобасы іске асырылуда (24,1% қала мектептерін қамту және 23,8% аудандық мектептерді қамту).
2. Денсаулық сақтау саласында зерттеу нәтижелерінің жоғалуын болдырмау үшін, сондай-ақ қайта зерттеулер жүргізудің алдын алу мақсатында медициналық құжаттар ұзақ және тұрақты сақтауды талап етеді, осыған байланысты «DICOM кескіндерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» жобасы іске асырылуда. Жабдықтарды 13 медициналық ұйымдарда орнату қарастырылған.
«Медициналық куәландырудың электрондық жүйесі» веб-платформасы психоактивті затты қолдану фактісін және мас болу жағдайын анықтау үшін куәландыру бойынша деректерді жинауды, сақтауды және өңдеуді автоматтандыруға арналған.
QR-код беріле отырып, медициналық анықтамаларды автоматтандыру жұмыстары жалғасуда (2019 жылы 083/У, 086/У, 095/У және еңбекке жарамсыздық парағы, 2020 жылы 35-2/у, 079/у және санаторлық-курорттық карта). Жоба қаржылық шығындарды қажет етпейді. Бұл шара денсаулық сақтау ұйымдарындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал ететіні сөзсіз.
3. Көлік саласында бүгінгі таңда Қызылорда қаласының автобус паркінде заманауи диспетчерлік қызмет жұмыс істейді, оның базасындағы 450 автобусқа электрондық билеттеу жобасы іске асырылуда (сыйымдылығы үлкен 120 автобус бейнекамералармен және GPS-құрылғылармен жабдықталған). Электрондық билет жүйесі іске қосылғаннан кейін қаланың 26 аялдамасында ақпараттық табло іске қосылады.
4. Қауіпсіздік саласында жол қозғалысы ережелерін тіркеудің автоматтандырылған құралдарын орнату арқылы интеллектуалды бейнебақылау жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта 13 стационарлық жылдамдық өлшегіштер орнатылды.
5. Құрылыс саласында құрылыс саласын бақылау, мониторингілеу және құрылыс барысын техникалык бақылау бойынша есептерін тапсыру үшін «Е-stroi» электронды платформасы әзірленді.
6. Қалалық басқару саласында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, бизнес-процестерді оңтайландыру үшін «Өңірлік геоақпараттық сервисті» енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда I кезең бойынша платформа әзірленіп, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының теңгеріміне қабылданды. Ағымдағы жылдың соңына дейін жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік бойынша сынақтан өткізу жоспарлануда. II кезеңде деректер базасын толықтыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру қамтамасыз етіледі.
7. Экология саласында қалдықтарды жинаумен, сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысатын Қызылорда қаласының ұйымдарында «Тazalyq» республикалық мобильдік қосымшасын енгізу жұмыстары жүргізілуде.
8. Бизнес пен туризмді дамыту саласында IT-парк мамандары ресми ақпараттық туристік сайт құруды қарастыруда.
Сәбит Ибадулла,
Қызылорда облысы әкімі аппаратыныӊ
"Ақпараттық технологиялар орталығы"
КММ-ніӊ директоры