» » Tik-tok: Жастардың ұлы ақынға тартуы

Tik-tok: Жастардың ұлы ақынға тартуы

   "Жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма? дейді Абай Құнанбайұлы бесінші қара сөзінде. Иә, қазіргі жастар неден болса да ұялмайтын болды. Мәселен, tik-tok-та ұлы ақынды келеке еткен жастар табылды. Одан қалды Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсыновты да күлкіге айналдырды. Бертін келе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты өз видеоларына арқау етті. Хайп жасаймын деп Алаш арыстарын мазақ қылды. Ең бірінші Абайды селкілдетіп билетіп қойды. Көп ұзамай ол жігіт таяқ жеген күйінде эфирге шығып, халықтан кешірім сұрады. Бірақ одан не керек, Абай ұлы тұлға ғой...
Тик-ток бұл жастар арасында кенінен танымал. Тіпті инстаграм әлеуметтік желісін басып озды. Бүгінде оған тіркелушілер көп. Оның ішінде балалармен жасөспірімдер бар. Егде кісілердің де қылаң беретіні жасырын емес. "Тик-токқа түсесің бе". Бұл сөз жастардың бір-бірінен сұрайтын алғашқы сұрағы. "Соңғы тренд қандай?" дегенді де естуге болады. Айталық, tik-tok-та трендтің түр-түрі бар. Әнші қылып та, биші болса да сізді жұлдызға айналдырып жібереді. Сондай-ақ tik-tok-ты қадағалап отырған адам жоқ. Ондағы пікірлерді де ешкім қарап, түзету енгізіп жүрмейді. Бұл желі жасөспірімдер үшін қауіпті. Неге?
"2 жастағы қызым tik-tok түсіреді. Менің өз парақшам бар. Бірақ қалай түсу керегін өзім білмеймін. Кейде қарап отырамын. Ішіндегі видеоларды көріп бір күліп аламын. Бір күні парақшама кірсем, екі жастағы қызым жүр. Бұл қалай түсті? деп ойланып қалдым. Сөйтсем ағасының істеген істерін қайталапты. Екеуі бірге түседі екен. Бестегі ұлымның өзінің телефоны бар. Өзі tik-tok-қа кіреді. Үйде жүрсем біреу айқайлап, бір-біріне боқтық сөздер айтып жатыр. "Бұ несі, әлде үйге біреу келді ме?" деп барлық бөлмені қарап шықтым. Ешкім жоқ, сөйтсем балам телефон көріп отыр. Әкеден де, шешеден де боқтаған сөздер тик-токтағы видеодан естіліп жатыр екен. Сіз бұған таң қалмаңыз. Екі жастағы баланың да өз парақшасы бар, – дейді Ләззат есімді келіншек.
Tik-tok-ты аса қауіпті деп санамайсыз. Сырт көзге қорқыныш жоқ. Бірақ камера алдында ашық-шашық билеген қыздар педофилдер кұрғына түсіп жатыр. Тик-ток шыққаны кеше ғана. Бірақ бүгінде бұл қосымша бүкіл әлемді жаулап үлгерді. Тіпті қолданушылар саны бойынша ютуб, инстаграм, фейсбуктан да асып түсті. Қысқасы, қазіргінің тренді осы. Трендтен кеш қалған жас бар ма?
Баха ҚҰЛМЫРЗАЕВ,
блогер:
– Бұл видеолардың қай жеріне күлу керек? Не себепті бұл тренд қолданысқа енді? Бұл сұрақтың жауабын әлі білмеймін. Жай ғана мазақ қылу, жерге таптау басым. Жастар мұны әзіл ретінде қабылдап отыр. Шетелде басын қиындатып қою көп қолданыста. Бірақ олар актерлердің бір-бірінің басын ауыстырып қояды. Бұл шынында "мына актер, мына рөлді ойнаса қалай болады" деген мағынаны білдіреді. Бізде Алаш зиялыларын күлкіге қалдырып жатыр. Видеоны алғаш түсірген баланы тауып алдық. Бірақ саналы болмаған соң ұру да көмектеспейді. Оқылымға бола қайтыс болған кісілерді мазақ етудің керегі не? Ол кісілер біздің осындай бейбіт өмір өмір сүруімізге септігін тигізді ғой.
Отырысқа немесе тойға бара қалсаңыз, телефонға қарап отырып өздігінен басын қозғалтып отыратындар көбейген. "Өзімен сөйлесіп отырма" деп ойланып қаласыз. Жо-жоқ ол tik-tok-қа түсіп отыр. Бүгінде жастар арасында туған күн кешінде міндетті түрде бір трендке түсуді әдетке айналдырған. Егер әзілдің астарында біреудің намысына тимейтін дүние болса құп дерсін, ал жаман мен жақсыны ажырата алмаса онда жағдай қиын.
Заңгерлердің айтуынша, алаш зиялыларын күлкіге айналдырғандар жазаға тартылмайды екен. Бірақ нақты түсірген адамды тапса, қандай да бір заң қолдануға болады. Мәселен, айыппұл төлейді.
Жоғарыда атап өткендей алаш зиялыларын келе еткен жас табылды. Оны сынаушылар көп. Бірақ қолдаушылар да табылды. Жастар "Онда тұрған не бар?" деп қайтара жүктеуді бастап кетті. Нартай Аралбайұлының бағдарламасын назарға алып, "Біз қайта-қайта түсіре береміз" деп айтуда.
Әсет НАҒЫЗБЕК,
"тик-ток" желісін қолданушы:
– Менің tik-tok-ты пайдаланып жүргеніме көп уақыт болған жоқ. Бірақ барлығын меңгеріп алдым. Қызықты дүниелерді қарап отырамын, соларды түсіремін. Достармен бірге түсеміз. Соңғы шыққан трендті білмесең ұят деп санаймыз. Уақытымыздың көп бөлігі телефонға кететіні жасырын емес. Дегенмен де бұл желінің аса зияны жоқ деп санаймын. Есесіне баланың жан-жақты дамуына сетпігін тигізеді. Билеуді, ойын ойнауды бәрін біліп отырады. Қарындастарым да түседі. Оларға қой демеймін. Көрсін, үйренсін, білсін. Ортасы нені талап етеді, сонымен де таныс болғаны дұрыс қой. Ал алаш зиялыларына қатысты тараған трендке келер болсақ. Оны көрген бойда ұнатпадым. Ұлы ақынның 175 жылдығынағы тартуымыз осы ма деп жақтырмай қалдым. Әрі қарай тамалашап, лүпіл басудың өзі артық. Әр нәрсенің өз тоқтамы болады. Мен мықты меңгердім деген күннің өзінде артық әрекетке кетуге болмайды.
Үндістан 59 қытайлық қосымшадан бас тартты. Оның ішінде Tik-Tok-та бар. Үндістан билігінің айтуынша, бұл бағдарлама мемлекеттің егемендігі мен тұтастығына, ұлттық қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігіне зиян келтіреді. АҚШ билігі де Tik-tok әлеуметтік желісіне тиым салуы мүмкін. Ұлы ақынды қорлаған дүниені біз неге пайдалануымыз керек?
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
02 қазан 2020 ж. 749 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031