» » ДАМУДЫҢ ҮЛГІСІ

ДАМУДЫҢ ҮЛГІСІ

Өткен аптада “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры БАҚ өкілдеріне пресс-тур ұйымдастырды. Мақсат – “Бизнестің жол картасы – 2020” бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қолдау тауып, нәтижеге қол жеткізген бірнеше кәсіпорынның жұмысымен таныстыру. Бүгінде кәсіпкерлік бағыты кеңейіп келеді. Пандемияға қарамастан жұмысын жандандырып, ірі көлемде тапсырыс алып отырған компаниялар бар. Пресс-тур барысында аралаған үш нысан «Даму» қолдауымен қанат жайған. Бірінші бағыт – Dalatex тігін фабрикасы.

ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ
СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Қай дүкенге барсаңыз да Dalatex-тің көйлегін көзіңіз шалады. Бағасы да әдемі, матасы да жақсы. Сапалы өнім екенін тез аңғаруға болады. Әуелі ерлердің жейдесін тіккен фабрика кейіннен қыздардың көйлегін де нарыққа шығарды. Ал төтенше жағдай кезінде елге бетперде жетпегенде бұл істі де қолға алды. Таңғы 9-да жұмысын бастайтын тігіншілер түнгі 10-ға дейін де тігін машинасынан түспеді. Жұмыс қауырт, тапсырыс уақытылы жету керек. Есесіне жалақысы да еңбегіне татырлық. Сондай-ақ еңбек ақысы уақытылы төленеді. Бүгінде бұл компания арнайы киімдер тігуде. Фабриканың балаларға арналған мектеп формасын да тіккені белгілі. Ол кезде де отандық өнімге сұраныс артқан. Жейденің балаларға да арналған кез келген үлгісі сатылымда.
Аталмыш фабриканың пандемия кезіндегі қайырымдылық шаралары үлгі етуге тұрарлық.
– Тігін фабрикасы бастады, өзгелер қоштады. Сыр өңірінің халқы қайырымды екенін тағы бір дәлелдеді. Ел басына күн туған шақта, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халыққа жанашырлық танытты. Мүмкіндігінше көмегін аямады. Соның бірі – бетперде тігіп, тегін тараттық, – дейді Dalatex тігін фабрикасының атқарушы директоры Нұргүл Кусаева.
Фабрикаға кірген бойда тігін машинасынан бас көтермей отырған қыздарды аңғаруға болады. Әрқайсысы өз жұмыстарын атқарып отыр. Жан-жағына жалтақтап, әрі-бері жүрген адамды байқамайсыз.
Dalatex – бүгінде нарыққа отандық өнім шығаратын бірден-бір тігін фабрикасы. Компания өндірген тапсырыс шет елдерге экспортталуда. Фабрика бүгінде 45-ке жуық адамды жұмыспен қамтуда. Сондай-ақ компания жылына 70-80 мың жейде тігеді.
Фабрика ашылғалы бері осында қызмет етіп келе жатқандар көп. Соның бірі – Майра Асылбекқызы.
– 1997 жылдан бері тігін машинасы қолымнан түскен емес Тігіншілік – қашанда сұранысқа ие мамандық. Әсіресе бүгінгі күні бәріміз сәнді әрі талғаммен киінгіміз келеді. Қанша мамандық болса да, бұл өнерге деген сүйіспеншілігім ерекше. Сол үшін әлі күнге дейін киім тігіп, құрақ көрпе құраудан бір қадам да алыстамадым. Ертеден өміршеңдігін жоймаған бұл өнерді тұтынушы талғамына жəне заманға сай үлгіде нарыққа ұсынып жүрміз, – дейді тігінші Майра.
Тігін шеберханасы мамандарды өздері де дайындап шығарады. Жұмыс істейтін маман, сөз жоқ, отандық өнімді арттыруға үлес қосады. Былтыр берілген мектеп формаларының барлығы да осы тігіншілердің қолынан шыққан.
– Бүгінде фабрикада 50-ге тарта адам жұмыс істейді. Оның ішінде тігіншілердің көпшілігі арнайы білім алған. Кейбір қыз-келіншектерді өзіміз үйретіп, мамандандырып жатырмыз. Dalatex әлеуметтік жағдайдың реттелуіне де үлес қосуда. Халықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, үйде отырған жұмыссыз қыз-келіншектердің табыс табуына ықпал етті. Қазір фабриканың жанында тігіншілерді оқытатын оқу орталығы ашылды. Орталықты бітірген тігіншілерді жұмысқа алуға мүдделіміз, – деді Dalatex атқарушы директоры.


ЖАН-АРАЙ:
ТӘУЛІГІНЕ 150 ТОННА КҮРІШ
“Жан-Арай” 150 тоннаға жуық күріш, 170 тоннаға жуық ұн шығаруда. Қазіргі таңда агрокешенде 250-ге жуық адам жұмыс істейді.
Күріш өңдеу жұмыстары халықаралық стандартқа сәйкестендірілген. Зауыт аумағында шикізатты, дайын өнімді сақтайтын қоймалар, автотаразы, арнайы зертхана, қаптау цехы мен диірмен орналасқан. Зауыттан шыққан күріш Тәжікстанға, Түркіменстанға Өзбекстанға экспортталады.
– Алдағы уақытта көтерме сауда орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Ғимараты дайын. «Даму» қорының қолдауымен банктерден несие алып, жабдықтау қажет. Сондай-ақ 4 гектар жерге жылыжай салу да ойда бар. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Екінші деңгейлі банктермен жұмыс жасап, «Даму» қоры арқылы субсидия алып, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастағымыз келіп отыр, – деді «Жан-Арай» ЖШС директоры Мұрат Айменов.

ҰЛЫ АҚЫНҒА ТАРТУ
Ұлттық киім туралы айтылғанда алдымен Аида Керімқұлова еске түседі. Себебі ұлттық киімді насихаттап жүргендердің бірі – Аида. Көз майын тауысып тіккен киімдерінің жөні бөлек. Мәселен, бір көйлек 2 ай уақытта тігіледі. Безендіруі мен мойшақтарын есептей беріңіз. Пресс-тур барысында “Сапа КА” жеңілөнеркәсіп орталығына бас сұқтық. Бұл орталықта қазақы нақыштағы киімдерден бөлек, қыз жасауы, құрақ көрпеше мен жастық тігіледі. Қаланың қақ ортасында “Қолөнер” деген дүкені бар. Өзіңізге керек дүниенің бәрін сатып алуға болады. “Менің ұлттық нақыштағы киімдерімді, бұйымдарымды сататын арнайы дүкенім бар. Тапсырыс өте көп деп айта алмаймын. Дегенмен бүгінде ұзатуға, үйлену тойына қазақша киімдерге сұраныс артты. Бейнероликке түсу үшін де сатып алып жататындар бар”, – дейді кәсіпкер әңгіме барысында.
Бүгінде «Сапа КА» өнімдері 3 цехта өндіріледі. Цехтарды бір жерге шоғырландыру үшін басталған зауыт құрылысы карантинге байланысты әзірге тоқтап тұр.
– Орталық жұмысын автоматтандыруға көңіл бөлінуде. Қазалы, Арал, Шиелі аудандарында керемет қолөнершілер бар, бірақ енді аппаратпен кестелеуге басымдық береміз. Жеңіл өнеркәсіп саласы Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде жақсы дамыған, сондықтан сол елдерден мамандар шақырып, қызметкерлерді осы жабдықтармен жұмыс істеуге даярладық. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Даму», «Атамекен» кәсіпкерлік палатасындағы мамандардың сүйемелдеуімен үлкен жобаны іске асырдық. Пандемия уақытында мүлде демалған жоқпыз. Маска тігуден бөлек, арнайы технология бойынша қорғаныш костюмдерін дайындадық. Шетелден шикізат әкелу жағы қиын болды. Жүк ұшақтары тоқтап қалды. Бірақ Ресеймен арада почта байланысы болғандықтан, шикізатты сол елден алдырдық, – деді А.Керімқұлова.
Аида Керімқұлова ұлттық киімдерді тігумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол кәсіби тігінші, білікті дизайнерлердің бірі.
Бір топ тілші шеберханада орналасқан киіз үйге бой түзедік. Оның іші ұлттық киімдер, ұлттық жәдігерлермен толыққан. Бұл жер отбасын құруға бел буған жастар үшін фотосессияға айналған. Бұл да жағымды жаңалықтың бірі.
– Біз әлі күнге дейін қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түрлілігі мен әдемілігіне таңғалумен келеміз. Ұлттық өрнектердің көптеген техникасы мен мазмұны бар. Тіпті ертеректегі ою-өрнекті алғаш шыққан күйінде қолдансақ та маңыздылығын жойған емес. Ұлттық, этникалық киімдер осынысымен де қызық. Бүгінде жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу өзекті болып отыр. Ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи сұранысқа сай етіп тігу арқылы ұлттық рухты оятамыз деп білемін. Сәнге жету қиын, алайда ұлттық нақыштағы киімдер әрдайым өзектілігін жоғалтпайды, – дейді Аида Керімқұлова.
Пандемия кезінде демалмай жұмыс істегендердің бірі – “Сапа КА” орталығы. Мұнда төтенше жағдай кезінде қаншама бет перде дайындалып шықты. Сонымен бірге кәсіпкер қайырымдылыққа да атсалысып, бетпердені тегін таратты. Аида Керімқұлова Ұлы ақынның 175 жылдығында да қалыс қалған жоқ. Олар арнайы Абайдың портретін тікті. Бұл партреттер тапсырыс бойынша тігіліп, шет елге жіберілді. Бір данасы киіз үйдің ең жоғарғысында ілулі тұр. Тігу барысында көптеген қиындықтар болған. Дегенмен де еңбек ақталды.
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының кәсіпкерлер үшін тиімділігі мол. Кәсібін ашып, әрі қарай дамытуды қолға алғандарға бұл қордың пайдасы ұшан теңіз. Ал біз бой көрсеткен үш нысанда бұл бағдарламаның тиімділігін көрген.
– Биыл екінші деңгейлі банк арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсетілуде. Пандемия кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге алған несиесін 6 процентке дейін түсіріп беру жұмысы жасалуда. Біз кәсіп ашамын деген азаматтарды әрдайым қолдауға дайынбыз, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының бас маманы Арман Үсенов.

Мөлдір САБЫРЖАН
05 қараша 2020 ж. 320 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031