ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілдері Арал ауданында болды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің жетекшісі Кэролайн Кларинвал, аталған ұйымның кеңесші-дәрігері Омар Салеха және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық және қоршаған ортаны қорғау саласының сарапшысы, дәрігер Осама Магер жұмыс сапарымен Арал ауданында болды.
Қамыстыбас елді мекеніндегі «Қамбаш» олипиадалар және қосымша білім беру орталығында өткен кездесуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауданның тарихымен, жергілікті халықтың негізгі шаруашылығымен және Кіші Арал теңізінің қазіргі жағдайымен таныстырып өтті. Сонымен қатар, Арал өңірінің экологиялық ахуалы, «Саратс» жобасының I кезеңі, балық шаруашылығы мен «Көкарал» бөгеті туралы да хабардар етті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің жетекшісі Кэролайн Кларинвал Арал теңізінің экологияға тигізер әсерін зерделеу барысында өз тәжірибелерімен бөлісетіндіктерін айтып, қоршаған орта мен экологияның адам өміріне әсер ететін факторлары туралы пікірлерімен бөлісті.
Жиын соңында аудан әкімі Арал өңірінің экологиялық мәселелерін жоюға, халық денсаулығын сақтауға бағытталған ортақ мәселелер мен тәжірибесін бөлісуге арнайы келген меймандарға алғысын жеткізді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің өкілдері тиісті сала мамандарымен бірге «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тоспасында болды.