Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер
Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен қаладағы №101 мектепте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы шеңберінде арнайы семинар өтті. Оған қала мектептерінің директорлары, психологтар мен мейіргерлері қатысты. Қызылорда облысында аталмыш жоба 43 мектепте (қалада 8 мектеп, аудандарда 5 мектептен) енгізіліп, аурудың алдын алу шаралары мен денсаулықты нығайту бағыттарында жұмыстар жасауда.
Өңірдегі білім беру ұйымдарында бұл жобаны енгізу балалар мен жасөспірімдерді қолдап, олардың денсаулығын нығайтып, қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. 2018 жылдан бастап іске қосылған бұл бағдарлама денсаулықты қамтамасыз етуде білім беру мен денсаулық сақтау арасындағы серіктестікті күшейтуде айтарлықтай үдерісті көрсетті. Оқушылардың денсаулығы мемлекеттің сау әлеуетінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын сақтау және дамыту және олардың денсаулық сақтау дағдыларын қалыптастыру аса маңызды.
Семинарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі балалар семіздігін эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі Еуропалық Бастамасының ұлттық зерттеулерінің нәтижелерін, сондай-ақ «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» пилоттық жобасының қажеттілігі мен артықшылықтарын, одан әрі жүзеге асыру жөніндегі ұсынымдарын таныстырды. Сонымен қатар аталған жобаның тікелей мектептерге қатысты жетістіктері мен шешуші көрсеткіштері туралы айтып берді.