» » ЖУРНАЛИСТИКА: ИДЕОЛОГИЯДАН БИЗНЕСКЕ ДЕЙІН

ЖУРНАЛИСТИКА: ИДЕОЛОГИЯДАН БИЗНЕСКЕ ДЕЙІН


Журналистика – төртінші билік. Себебі кәсіби журналист мемлекеттің тыныштығына нұқсан келтірмей, түйткілді мәселенің шешімін көрсететін құзіретке ие. Дегенмен билік те білікті жанның қолында болғаны абзал. Бүгінде жүздеген түлек шығармашылық мамандыққа бет бұрып, жыл сайын оқу орнын тәмамдайды. Ең өкініштісі, соның ішінде сапалы журналист саусақпен санарлықтай.  Қателік қайдан кетті? Оқытушыға да, оқушыға да тиімді білім жүйесін жасауы тиіс мемлекеттен бе? Студентті мамандыққа қызықтыра алмаған ұстаздан ба? Әлде студенттің өзінен бе? Жалпы Қазақстандағы журналистика мамандығын оқытуда қандай мәселелер бар. Осы сұрақ турасында бірнеше маманның пікіріне назар аударсақ:
Аякөз ӘБДІРАЗАҚОВА, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Осыған дейін біз әмбебап журналист тәрбиелеуді мақсат еттік. Яғни оқуды тәмамдаған жас маман журналистиканың кез-келген саласында қызмет ете алатын. Қазір керісінше, салалық журналистиканы дамытуға ден қойылды. Студент бірінші курста негізгі пәндерді оқыса, екінші курстан бастап қызығушылығына қарай траекторияға бөлеміз. Сонда болашақ журналист бір саланы жетік, әрі тереңінен біліп шығады. Сондай-ақ, теориямен қатар, практикалық сабақ жиі өткізіледі. Мәселен, оқу орнына «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбек, Динара Бисенбина сынды журналистер шақыртылып, студенттерге практикалық мастер-кластар өтеді. Біз абитуренттердің арасынан шығармашылық емтихан арқылы журналистикаға бейімі бар түлектерді іріктеп аламыз. Шетелде журналистика мамандығын 3-ақ жыл оқытады. Тіпті ол жақта «арнайы курс оқыса жеткілікті» деген пікір бар. Мен бұл оймен келіспеймін. Себебі оқудың бірінші жылында бала мамандыққа бейімделеді, екінші жылы терең білім алады, үшінші жылын практикамен ұштастырады, төртінші жылы кәсіби тұрғыда етене араласады. Өз мамандығын тыңғылықты зерттегеннен кейін, сол салада жемісті еңбек етеді.
Ғалымжан ҚАРАМАНҰЛЫ, Ұлыбританиядағы Glasgow университетінің магистранты:
Елімізде журналистика әлі күнге дейін идеологиялық құрал ретінде қарастырылады. Ал шетелде – бизнес. Яғни ол жақта журналистика мемлекет қазынасына қаражат әкелетін пайда көзі. Сондай-ақ шетелде media relations (БАҚ-пен байланыс) және public relations (Бұқарамен байланыс) сынды журналистиканың салалары жақсы дамыған. Практикаға келсек, студентке кез-келген жерден тәжірибе алмасуға мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, мен «Еуропа қайта құру және даму банкінде» медиа менеджмент бойынша ақылы түрде тағылымдамадан өттім.
Әсел САРҚЫТ, «Baribar.kz» сайтының тілшісі:
– Журналистерді оқытқан кезде ең бірінші ұстаздардың біліктілігіне мән беру керек. Себебі журналистика теорияға қарағанда, тәжірибемен шыңдалатын сала. Кей оқу орындарында студентке төрт жыл бойы журналист ретінде жұмыс істемеген адам сабақ береді. Сондай-ақ, сабақ кестесінде студентке шығармашылық дамуға еркіндік қарастырылмаған. Мәселен, биыл журналистика факультетіне оқуға түскен студенттер физика, биология кіріспесін оқиды. Бұл жүйе шығармашыл маман дайындауға кедергі болады. Оның орнына редакцияға, телеарна мен радиоға барып, тәжірибе жинақтаса игі еді. Білім жүйесі қағаз түрінде емес, іс жүзінде орындалу керек. Қазір кредиттік жүйеге сәйкес, студент 2-курстан бастап, элективті сабақ таңдауға құқылы. Бірақ кей оқу орнында студент емес, басшылық бекіткен пәндер оқытылады. Студенттің қызығушылығы мен таңдауы ескерілмейді. Сонымен қатар, оқу орнының қабырғасында студентке арналған радио, телеарна және газет жұмыс істеу керек. Олардың ішіндегі техникалық жабдықтар кез-келген студентке қол жетімді болғаны абзал.
Асхат ЕРКІМБАЙ, Қазақ блогосферасының іргесін қалаушы,АҚШ, Ларами қаласындағы University of Wyoming магистранты, медиа журналист:
– Журналистика факультетіне сабақ беруге келгенде, студенттің қазақ тілі нормаларының өзінен қате жіберетінін байқадым. Ол мектептегі қазақ тілі сабағының өту деңгейіне байланысты. Менің алдымда мынадай міндет тұрды: білім деңгейі әртүрлі балалар бар, барлығының арманы журналист болу, алайда базалық білім деңгейлері әлсіз. Енді оларды мамандыққа қалай қызықтыру керек? Басты мақсат – студенттің өзіне деген сенімділігін қалыптастыру. Миллион жерден оған ақпарат құйғаныңмен, егер ол өз-өзіне сенімсіз болса, ол білімді дұрыс қолдана алмайды. Бірінші сабақта мен студенттен: «Бұл пәннен не күтесің?» деп сұраймын. Егер ол жауап берсе, оқытушы мен студент арасында байланыс пайда болады. Екіншіден, «Сен өзіңнен не күтесің?» деп сұраймын. Осы кезде көбінде түрлі мәселе туындайды. Яғни, олар өздерін болашақта кім болатынын, қай салада қызмет ететінін білмейді.
Оқытушы бірінші кезекте, шығармашылықтың адамы, ол робот емес. Таң атқаннан кешке дейін тек қана сабақ беретін болса, оның өз біліктілігін дамытуға, кітап жазуға немесе қарапайым педагогикаға байланысты мақала оқуға уақыты қалмайды. Мұғалімдерге де еркіндік берілу керек. Мәселен, бізде профессор, не оқытушыға берілетін кабинет жоқ. Студент келіп, түсінбегенін емін-еркін сұраса, арада мықты сенім қалыптасады. Олар ресми емес, дос тәрізді сөйлесу керек. Бұл ретте маған Финляндияның білім жүйесі ұнайды. Ол жақта жоғарыдан ешқандай тест, емтихандар келмейді. Студент білім деңгейін қалай бағалағың келеді, өзің білесің. Нәтижесінде соңғы 4-5 жылда Финляндия дүние жүзі бойынша білім беру жүйесінде алғашқы орында. Ал бізде білім беруді бір арнаға, жоғарыдан келетін бұйрықтарға, шектеулерге салып қойған.
Пікір yvision.kz сайтынан алынды.
Дархан ӨМІРБЕК, «Егемен Қазақстан» газетіндегі Интернет-редакция бөлімінің жетекшісі:
– Он жыл бұ­рын елімізге онлайн медиа келгенде жур­налистерге деген сұраныс күрт артып, қандай да шараға барып, жаңалық әзірлей алатынның бәрі тілші атану мүмкіндігіне ие болды. Оның үстіне қоғам өмірі күрделеніп, салалық тақырыптар тереңдей түсті де, классикалық журналистика мектебінің өкілдері ол мәселелерді қажетті деңгейде қамтуға әрдайым дайын бола бермей, сол саланың мамандарын тілшілікке бейімдеу қажеттігі туды. Өзге саладан келгендер БАҚ-та жап-жақсы карьера жасап, жаңа кәсіптегі сенімділігі артқан соң, журналистиканы арнайы оқытудың қажеттілігі жоқ деген пікір білдіре бастады. Осы орайда журналистика факультет­терінде оқу сапасының төмендеуін, екінің бірі тілші атана алатын жағдайдың пайда болуын және журналистиканы университет қабырғасында оқыту-оқытпаудың үш бөлек мәселе екенін атап өткіміз келеді. Егер де журналис­тика факультетін бітіргендер жұмыс беру­шілердің көңілінен шықпаса, мәселе оқу орнының білікті маман әзірлеудегі әлсіздігінде. Әлемдік деңгейде журналистика­ мектептері әлі дүркіреп тұр және олар­­ға оқуға түсудің талаптары өзге маман­дықтарға қарағанда өте жоғары. АҚШ-тағы журналистика мектептерінің оқы­тушылық құрамын қарайтын болсаңыз, профессорларының көпшілігі New York Times, Washington Post секілді газеттерге тұрақты мақала жазып, редактор жұмысын қатар алып жүреді. Олардың қатарында әлемге әйгілі Пулицер премия­сын жеңіп алғандар да аз емес. Ал біздегі жағдай қалай? Университет бекіткен жалақы мен оқу бағдарламасы медианың белді мамандарын қызықтыра алмайды. БАҚ саласында қызмет ету­дің қаржылай табысы ұстаздықтан жоғары тұрғанда, оқытушылық құрам­ның «қалдықты принцип» бойынша қалыптасатыны белгілі. Сондай-ақ жалақысы онсыз да аз оқытушыға әкім­шілік жұмыстарды жегіп, отандық білім жүйесіне тән қағазбастылықпен «көміп» тастайды.
Пікір egemen.kz сайтынан алынды
Әсел БЕГМАН,
Балнұр ҚҰРБАНХОЖА
15 ақпан 2018 ж. 1 418 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031