» » Нәпақа немесе енді кімдер салық төлейді?

Нәпақа немесе енді кімдер салық төлейді?

                                                                                      Сараптама
Салық төлеу талабы неден туындады?
Өзін өзі жұмыспен қамту термині елде зейнетақы жинақтау жүйесіне әр қазақстандық кірісінің 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндеттелген 90-жылдардың аяғында жиі айтыла бастағаны белгілі. Бұл санатқа жұмыс істеуге қабілетті, бірақ тұрақты кірісі жоқ, яғни ұсақ саудамен, жеке көлігімен кісі тасумен айналысатындар және үйдегі азын-аулақ малының, бау-бақшасының арқасында немесе қызмет көрсетудің әр алуан саласында нәпақа тауып жүрген адамдарды жатқызған. Олардың бос жүрмегенінің өзін медет тұтқан мемлекет қандай да бір түсімге қаржылай міндеттемейтін. Бірақ міндетті медициналық сақтандыру бастамасы көтерілгеннен бері бұл адамдарды енді көлеңкеден шығару мәселесі жиі айтыла бастады. Өйткені медициналық қызмет түрлерін бұдан былай міндетті медициналық сақтандыру қорына тұрақты негізде жарна аударып тұрған адамдар ғана пайдалана алады. Балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, тұтқындар, көп балалы аналар, бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырғандарға бұл талаптың қатысы жоқ. Жарна төлеуден әскерилер мен күш органдары қызметкерлері де босатылған.
Былтыр қыркүйектегі Парламент отырысында Елбасы: «Бізде 2,7 миллион адам өзін өзі жұмыспен қамтығандар болып саналады. Мен халықты әлеуметтік қорғау саласын басқарған барлық министрлерден «Бұл не? Әлемнің қай жерінде «өзін өзі жұмыспен қамтығандар» деген сөз бар деп ылғи сұраймын. «Өзін өзі жұмыспен қамтығандар» деген – салық төлемеудің тікелей жолы. Мен Үкіметке өзін өзі жұмыспен қамтығандар кімдер екенін анықтауды тапсырған болатынмын. Бізде өзін өзі жұмыспен қамтығандар қандай болу керек, айтыңыздаршы. Олар, яғни 3 миллионға жуық азамат медициналық сақтандырумен қамтылмай қалайын деп тұр» деді.
         2017 жылы «азаматтардың мәртебесін нақтылау және өзін өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу» жұмысы аясында 5,7 миллион адам анықталды, оның 3 миллионға жуығының мәртебесі нақты анықталып, рәсімделген. Ал 2,7 миллион адамның статусы анықталған жоқ. Биыл қаңтарда экс-министр Тамара Дүйсенова өзін өзі жұмыспен қамтығандар әлі көп, көлеңкелі экономика, адамдардың ресми жұмыс істемей, кірісін жасыруы және әлеуметтік тұрғыдан қорғалмау мәселелері осыған байланысты туып отыр деген еді. Жұмыс қарқыны қатты сыналып, Тамара ханым отставкаға кетті де, орнына тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова елдің әр тұрғынының мәртебесін анықтап, бірінші кезекте өзін өзі жұмыспен қамтығандарға көңіл бөлуге уәде еткен.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, мәселе осыдан туындайды, Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар енді салық төлеуге міндеттеледі. Осындай заң қабылданғалы жатыр. Өзін-өзі жұмысқа қамтығандар табысына салық салу ел экономикасына қаншалықты пайдалы?
Табыс, күнкөріс және нәпақа
Табыс деген не осы? Ең әуелі соның басын ашып алайық.
Табыс – кәсіпорынның, фирманың өндірілген өнімді, орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізуден түскен қаржы, тұлғаның жылдық жиынтық табысы. Жалпы табыс тауарларды сатудан түскен ақшалай түсім мен өндіріске жұмсалған материалдық шығынның арасындағы айырма ретінде айқындалады. Ол жалақы мен таза пайда сомасына тең. Ауылшаруашылығында жалпы өнімнің ағымдағы бағамен есептелген құны мен материалдық өндірістік шығынның айырмасы ретінде есептеледі. Демек күнделікті нан-пұл үшін қара жұмысқа жегілген адамның аз-маз теңгесі табыс деген анықтамаға сәйкес келмейді. Бұдан бөлек экономикада айлық есептік көрсеткіш, күнкөріс, нәпақа деген термин бар. Тақырыптың тінін тарқату үшін осы сөздердің де ұғымын бір қайыра пысықтау артық болмас.
Айлық есептік көрсеткіш – еліміздегі зейнетақы, жәрдемақы, өзгедей әлеуметтік төлемдер есептеу үшін, сондай-ақ айыппұл санкцияларын, салық төлемдері мен басқадай төлемдерді қолдану және есептеу үшін мемлекет жыл сайын белгілейтін ақша.
Күнкөріс – адамның тіршілік қарекетін қолдау және оның жұмыс күшін қалпына келтіру үшін қажет ақшалай қаражаттың ең төменгі деңгейі (минимумы). Оны анықтау әдістемесі бүкіл отбасының немесе бір қызметкердің шығыны мен табысының теңгерімі саналатын тұтыну бюджетін құрауға негізделеді. Статистикада, ғылыми зерттеулерде, болжауларда күнкөріс көрсеткіші кедейлік шегі ретінде қаралады.
Нәпақа – күн көру. Жұмыссыздардың жалданып болса да жұмыс істеуі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жұмыссыздар және өнімсіз жұмыс істейтіндер деген категория бар. Соңғылары, яғни, өнімсіз жұмыс істейтіндер – айлық кірісі 2018 жылға 28850 теңге деп белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін адамдар. Елімізде өзін-өзін жұмыспен қамтыған 3 миллион адам бар екен. Аз ба көп пе? Олар өздері не дейді? Салық төлеуге қалай қарайды?
1 теңге немесе салықты қалай төлеймін?
Жансая Жүнісова,
«Халық» газетінің тілшісі:
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ақпаратта көрсетілгендей 3 миллион болса, бұл өте көп. Олар салық төлесе, ел экономикасының дамуына  айтарлықтай үлесін қосатын еді. Мысалы, 1 теңгеден салық жинағанның өзінде мемлекетке 3 млн. табыс әкеледі екен. Дегенмен бірінің табысы жақсы болса, табады, ендігісі орташа. Мұны да ескерген жөн.  
Айнұр Тәжіманайқызы,
сатушы:
Жаңадан тағайындалған еліміздің еңбек және әлеуметтік даму министрі Мадина Әбілқасымова "өзін өзі жұмыспен қамтушылардан салық жинауға" қатысты мәлімдеме жасағанын ғаламтордан оқығанмын. Дегенмен бұл заң жүзіне енген жоқ. Бүгінде өзін өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты дау көбейіп кетті ғой. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жағдай жасаса, салық төлеуге қарсылық танытпайтын едік. Өздеріңізге белгілі сатушылар онсыз да күнделікті тұратын орнына салық төлейді. Табысымыз да ауыз толтырып айтарлықтай жақсы емес.
Талғат БАЗАРБАЙҰЛЫ,
такси жүргізушісі:
Такси жүргізушісі өзін өзі жұмыспен қамтиды. Ол онсызда құйған жанармайға, көлігіне салық төлейді. Егер олардан тағы бір салық түрі алынса, бұл онсызда нәпақасын әрең тауып отырған адамға ауырлық болатыны жасырын емес. Егер шешудің түрлі жолдары қарастырылса, айталық, арнайы жеңілдіктер ұсыну, рәсімделудің жолын оңайлату, заңдық консультациялар беру және тағы басқа қарастырылса, салық төлеуге қарсы емеспін.
Жансая ӘЛІБЕКҚЫЗЫ,
тігінші:
Тұрақты жұмыс болса, адам өзін-өзі жұмыспен қамтымас еді. Мемлекет салық төлеуді қарастырғанша жұмыссыздарды жұмысқа тартудың жолын қарастырса болар еді. Күн-көрістің қамымен күндіз-түні тігін тігуге тура келеді және тапқан тиын тебен күнделікті нан пұлдан артылмайды да.
Қуаныш ЖАҢҒАБЫЛҰЛЫ,
Базарда арбакеш:
Жаңадан қабылданғалы жатқан заңды естідім. Базар ішінде ол туралы біраз әңгімелер айтылуда. Жұмыс болмаған соң өзгелердің заттарын апарып беріп, өз күшімізбен табыс тауып жатырмыз. Күнделікті табатын табысымыз күн көрістен артылмайды. Меніңше, ол заңның қабылданғаны дұрыс емес.
Дәулет Тұрсынханұлы,
журналист:
Дамыған мемлекеттерде бюджеттің 80-85 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің салығынан құралады. Бізге осындай деңгейге жету керек. Экономикамыздың нық болуы да экспорт пен импорт көлемінің ара жігінде болмақ. Яғни, экспорт импорттан көп болса, мықты боламыз. Елбасының кәсіпкерлікке жіті мән беруі осыған келіп тіреледі. Ал елдегі салық мөлшері өзге мемлекеттермен салыстырсақ, кәсіпкердің қалтасын қақпайды, тексерушілер бейберекет соқпайды. Ендеше, өз-өзін жұмыспен қамтимын дегендерге еш кедергі жоқ. Қазір қорқақ көзден батыр қолдың жұмысы басым болатын уақыт. Демек, кәсіпкерлерді қолдау жылы деп бекіткен біздің өңірде бұған басымдық берілу керек. Тіпті күні кеше Елбасы айтқан бес бастаманың бірі арнайы осы саланы дамытуға бағытталған.
Азамат Исмайлов,
қала тұрғыны:
Статистикаға жүгінсек, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың саны 3 миллион адамды құрайды. Бірақ бұлардың бір топқа жатқызылуы шартты нәрсе. Жеке үй шаруашылығындағы адамдар, яғни ауылды жерде тұрып, қорасындағы малын бағып жүрген, сонымен күн көретін халықты ұмытуға болмайды. Олардан салық төлеуді талап ету қисынға келмейді.
 
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көп. Бірі қолынан келетін іспен күн көріп отырса, енді бірі өзгенің жүгін арқалауда. Бұл таза еңбек. Өзінің табысы. Оларға салық төлеу ауыр болары сөзсіз. Сондықтан заңды қабылдамас бұрын ортақ шешім қабылдаған жөн. Егер төлеу керек деген шешімге келсе, онда аз пайыздық мөлшер қойған жөн болар еді. Меніңше халықтың да тұрмысын ойлаған жөн. Айтпағым, жұмыс таппай қиналып жүрген халық одан сайын қиналады. Олар амалдың жоғынан сауда-саттыққа күннің ыстық-суығына төтеп беріп, еңбек етуде. Бәрі бала-шағасын өзгеден кем қылмай жетілдіруді, қатарынан қалдырмауды ойлайды. Бұл заңға қатысты көп ойланудың, қорқудың қажеті жоқ. Себебі Елбасы халықтың жағдайын ойлайды, тиімді тұстарын қарастырады деген үміттемін.
Серік МҰСТАФАЕВ,
ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
Бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Әрине салық төлеу ел экономикасына қосымша табыс болар еді. Қандай түрде салық төлейді? Салық қанша көлемде болады? Ауылдарда, елді-мекенде өзін өзі жұмыспен қамтыған қанша адам бар? Олар қандай жұмыспен айналысады? Осыларды зерттеп жатырмыз.  Негізінен әр бір азамат салық төлеуге міндетті. Жалақы мөлшері төмен жұмысшылардың жеке табыс салық мөлшері азайтылады. Жақында осы тақырыпқа қатысты жиын өтті. Сонда етікші мен өнер адамына осы сұрақты қойдық. Етікші «күні бойы отырамын, етік тігемін. Сөйте тұра салық төлеймін. Ал өнер адамы яғни асаба, әнші неге салық төлемейді» деді. Сонда асаба «ол менің өнерім, сіздің қолыңыздан келсе, сіздің де асабалық қабілетіңіз болса сіз де айналысыңыз» дейді. Айтпағым, ешкімді бөліп-жармай барлығына бірдей салық төлету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша төленбесе, оны ауруханаға қабылдамауы мүмкін.  Қазір «конвертпен» ақша алатындар саны азаймай тұр. Әлеуметтік сақтандыруға, зейнатақы қорына ақша аударылмайды. Олардың бәрін көлеңкеден жарыққа шығару керек. Үкімет барлығына бірдей ақша аудара алмайды. Сондықтан өзінің болашағы үшін белгіленген салықты төлеген жөн.
Қанат Оспанұлы,
қара жұмысшы:
Мемлекетке салық төлеуге қарсы емеспін. Дегенмен жұмыссыздарды жұмыспен қамтыса жақсы болар еді. Біз түн демей, күн демей еңбектеніп, бар күшімізбен жалданып жұмыс істейміз. Тапқан табысымыз да көп емес. Оны өзгемен бөліссек, өзімізге не қалады? Заң қабылдамас бұрын мемлекет пайдасымен қоса, халықтың жағдайын ойласа жарар еді. Бұл заңды мен қолдамас едім. Енді бәрі де өзіне тиімді тұсын қарастырады ғой. Мен де жеке өміріммен қоса, қасымдағы жігіттерді ойлаймын. Базардағы сатушылардың бір күні қалай өтетінін білемін. Ол кісілерге оңай болмайтыны белгілі.
P.S. Қазір базар іші гу-гу. Өйткені күнделікті нәпақа көзі осында. Амалдың жоғынан арба итеріп жүргендер азын-аулақ тиын-тебен үшін салық төлеуге міндеттелсе, тәртіп бойынша онда олардың әрқайсысын заңды түрде жеке кәсіпкер етіп тіркеу керек. Жеке кәсіпкер – шағын кәсіп иесі деген сөз. Бұл біздің елдегі шағын және орта кәсіп өсті деген жалаң мәлімет үшін жасап жатқан қадамдардың бірі емес пе деп те ойлайсың еріксіз. Егер салық төлегеннен кейін қолыңда түк қалмайтын болса, онда қам-қарекетсіз қол қусырып қарап отыруға тура келеді дейді базар маңындағылар. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей, салықтан қорыққан жұмыс істемес деген жаңа заманауи мақал сұранып-ақ тұр. Алдағы уақытта жағдай қалай реттеледі? Уақыты келгенде оны да көреміз.
Пікірлерді топтастырған: Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
15 наурыз 2018 ж. 1 919 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031