LiKE-қа лайықтымыз ба?
Мезгіл мәселесі

Жалпы садақа сөзін қалай түсініп жүрміз? Рас, бүгінде қайырымдылық жасап, оны мақтан тұтатын жастар жетерлік арамызда. Жақсылықты жария қылуды құп санайтындардың көздегені не? Айталық, 5 литр май, ұн, қант, шай, рожки секілді қажетті азық-түлік алып барады. Тапсырып жатқан сәтін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді. Ақырында басшылыққа есепті осылай тапсырады-мыс. Өкініштісі, жастардың дені бұған үйреніп-ақ кетті. Кімде-кім жақсылық жасаса, жарияға жар салатын болды. Сауап жинаудың орнына лайк жинап жүр. Жақында жаңақорғандық белсенді азамат жағдайы төмен отбасына азық-түлік апарып, суретін фейсбук парақшасына жүктеді. Пікір толастамады. Бірі қолдады, енді бірі қарсылық танытты. Бір жігіт: «Жігіттер майдаланып барамыз, қайырымдылықты мақтаныш санамау керек. Бұл шариғатқа қарсы. Кереғар әрекет», - деді.
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының бас сарапшысы Аманбек Мұқашовтың айтуынша, «Садақа адал түскен қаржыдан болу керек. Ол рия болмау керек. Хадисте жеті түрлі адам Алланың көлеңкесінде болады екен. Солардың біреуі оң қолымен садақа бергенде оны сол қолы білмегені. Садақаны нақты пайдасы білініп тұрғанда ғана көрсетіп беруге болады. Бұл амал өзгелерді осындай жақсылыққа шақыру, құлшынысын ояту тұрғысында болса ғана рұқсат етіледі» дейді. Кез келген мұсылман білуі тиіс құлшылықтың түрі – садақа. Мұсылман қалтасынан қаржы шығарып, оны мүмкіндігінше мұқтаждарға беретін болса, Алланың мейіріміне бөленері анық. Алайда, садақа берудің өз әдептері бар. Мұны біле жүру құлшылығыңызды кемелдендіре түседі. Зекет – жағдайы жеткен мұсылманға ғана парыз. Садақа – қолында азын-аулақ ақша болса да, беруге болатын абзал іс. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Малдарыңызды зекетпен қорғаңыздар, ауру-сырқаттарыңызды садақа беріп емдеңіздер, басыңызға келген бәлекеттерге де Алладан жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңыздар" деген.
Түйін: «Жетімге ақыл беруші көп, бақыр беруші жоқ», «Жердегі бір бала қуанса, көктегі жетпіс жеті періште той тойлайды» деп, шынында, қайырымдылықты қолдаймыз. Дегенмен мақтанғаннан ұтар тұсымыз қайсы? Жақсылықты жария етіп жасауға неге асық болдық? Қарсылық танытпаймыз, әрине. Шаңырақ иелерінің қуанып, періштелердің жүзіне күлкі ұяласа, нұр-үстіне нұр болар еді. Дегенмен лайк жинаймын деп, лайықсыз іс атқармасақ игі.
Мөлдір САБЫРЖАН