АРҚАС

Ия, тақырыпқа таңдаған арқас сөзі көпке таныс емес шығар, мұны қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың мұрағатынан таптым. Оның айтуынша, «арқас» көне түрікше «қолдау» дегенді білдіреді. Оны негізге алу себебім, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасы ой салды. Ұлт тарихында туған жерге деген махаббаттың маңызы қаншалықты биік болса, демек, ұрпаққа да оның үлгісі, өмірлік өнегесі болу керек.
Елбасы мақаласы арқылы ұмыт қала бастаған ұлттық ұлағатты  меңзеп, ойлы жүректі оятып, әр жүрекке ізгілік шуағын себуді мақсат тұтты. Өйткені жаһандану заманында жүрек жылуы, елге деген ілтипаты, туған жерге тағзым қасиеттері әрбір саналы азамат сарайында сайрап тұрғаны абзал. Онсыз адамгершілік, құрмет, сыйластықтың құны тереңнен тебіренте қоймайды.
Енді Сыр бойында қанша уақыт озса да аты мен заты өшпеген қаншама қастерлі іс бар, соны сөз етейік.
Теміржол өткелі болған Сауранбай көпірі – тарих таңбалаған тамаша оқиғалардың бірі. Дәулетті Сауранбайдың сыйы сол, 90 түйесін тарту жасап, көпір салдырған. Кезінде Оспан көпірі де елдің игілігіне айналған. Дәл осындай мысал жетерлік. Пәленшенің арығы, түгеншенің таралғысы деген сөз ел ішінде әлі бар. Міне, мұндағы айтпағымыз, «садақаны сауыңда бер» дегендей, бой тіктеп, еңсе көтерген кісі бір сәт туған жеріне жанашырлық танытып, өз үлесін қосса деген пікір ғана. Бұл бүгінгідей қысқа жібі күрмеуге келмей, құлаш сермеуге серпіні жетпей тұрған кей ауылға әрі күш, әрі үміт болар еді.
Аймақ айбарынан алсақ, Қармақшы ауданында тамаша үрдіс бар. Жыл сайын жаңа қадам жасалады. Сырдария ауданында Нағи Ільясов ауылы қандай керемет. Жаңақорған ауданында Машбек Нәлібаев ауылы жыл санап жарқын белеске шығып келеді. Осындай озық істердің басы-қасында жүрген жайсаңдар аз емес. Өткен жылы облыс басшысы облыстағы белгілі меценаттарды марапаттады.
Қазақты қазақ еткен уәдеге беріктік, кеудені жарған намысқой қасиеті екен. Біз намыстымыз деуіміздің бір себебі осы. Бір ауыз сөзбен тосылдырып немесе бір ауыз сөзбен тоқтам айтатын, «аз сөйлеп, семіз шығатын»  қадір-қасиетімізді мына оқиғадан-ақ аңғарсақ керек. Жас кезінде Абай əкесі Құнанбайға: «Əке, мен нағашыларыма тартқан сияқтымын. Менің нағашыларым атақты Орта жүзді сөзбен қырған Битен, Шитендер ғой,»-депті. Сонда Құнанбай: «Бəйгеден келген атты қай айғырдың тұқымы деуші еді? Қай биенің тұқымы деп қазақ сұрамаушы еді..» депті. Абай сөзден тосылып, əкесінен кешірім сұрапты.
Бала күнімізде діни сауаты бар атамыздың аузынан не бір қисса-дастан тыңдағанбыз. Жай тыңдамай, соны ой-зердеде сақтап өскенбіз. Мына оқиға да қолдаудың, қорғаудың бір парасы.
Бiр кiсiнiң тұрмысы ауыр боп, тапқан азын-аулақ тиын-тебенi iшер асына жетпей, қысқа жiп күрмеуге келмей қатты қысылады. Сонда әйелi оған үйдегi сатуға болатын заттарды түйiншекке орап, «Сатып, ақша қыл» деп базарға жұмсайды. Әлгi кiсi сатарын сатып, түскен ақшаға азық-түлiк алуға беттегенде, алдынан бiр қайыршы шығып: - Үш күннен берi тамақ жегенiм жоқ, садақа бершi, - деп сұрайды. Зат сатқан кiсi жаны ашып, ақшасының жартысын қайыршыға бергелi тұрып: «Үш күн тамақ iшпеген адамға бұл ақша не болады» деп ойлайды да ақшасын түгел бередi. Үйiне келiп әйелiне жағдайын баяндайды. Әйелi оны естiгенде қуанып: - Дұрыс iстегенсiң. Бүгiн екеумiзге жүрек жалғайтын нәрсе бар ғой. Ертең тағы көре жатармыз, - дейдi.
Ертесiне тағы да үйдегi қалған заттарды базарға сатуға күйеуiне берiп  жiбередi. Күйеуi оны да сатып қайтып келе жатқанда кешегi қайыршы қайта жолығып: - Ей, қайырымды адам, сенiң бергенiңмен жүрегiм жалғанып, жағдайым жақсарып қалды. Дегенмен, бүгiндiкке әлi тамақ iшкенiм жоқ. Егер мүмкiндiгiң болса, тағы да қарайлас маған, - дептi.
Кедей азын-аулақ ақшасының жартысын қайыршыға берiп, жартысына бiр балық сатып алып, үйiне келедi. Әйелi балықтың iшiн тазалап жатып: – Әй, әкесi, мұнда кел, бiз ендi баймыз. Мiне, балықтын iшiнен асыл тастар шықты,- деп, қуана айқайлап жiбередi.
Екеуi теңiз маржандарын алақандарына салып, мәз-мейрам болып жатқанда, есiк қағылып ар жағынан баяғы қайыршы көрiнедi. Үй иесi оны құшақтап алып: - Ендi сен де, мен де кедейлiктен құтылдық. Мына дүние екеумiзге де жетедi, - дейдi. Сонда қайыршы: - Дүниең өзiңе бұйырсын. Мен қайыршы емеспiн. Сенi сынау үшiн жiберген Алланың перiштесiмiн. Алла саған риза болды, - деп шығып жүре берiптi.
Ия, мәңгілік ештеңе жоқ. Біз бұл пәниге қонақпыз. Бес күн жалғанда адам бір-біріне жанашыр болып, ыстық ықылас танытса дейміз. Ертеректе жасы үлкен қариядан немересі сұраған екен: «Ата! Бір адамның өмірінің мерзімі қандай?» Қария күлімдеп: «Азан мен намаз арасындағы уақыт, балам» дегенде, немересі: «Қалайша, өмір осыншалықты қысқа ма не?» деп сұрайды. Атасы: «Иә, балам. Өмір намазсыз азан мен азансыз намаз арасындай" дейді. Немере қайта таң қала сұрайды: «намазсыз азан мен азансыз намаз дегеніңіз қалай? Түк түсінбедім» дегенде, атасы немерені қолға алып: «ботақан, өткенде көршіміз балалы болды. Сәбидің құлағына азан айтылды. Есіңде ғой? Ал ол азанның намазы оқылды ма? Жоқ. Ол азан "намазсыз азан" болатын. Адам өлген кезде оқылатын намаздың (жаназа намазы) азаны болмайды. Ол «азансыз намаз». Өйткені ол намаздың азаны адам туған кезде оқылып қойған.
Кім болсын, жақсы болуға тырыссам, ұрпағымды соған тәрбиелесем дейді. Жақсыға ұмтылған әрине жақсы, сол жолда біреуге жақсылық жасауды да ұмытпасақ екен. Сауап дегеннің сырын ұғынсақ, елге, туған жерге тағзым етуді мұрат санасақ қандай жарасымды.
Ерасыл ШӘРІБЕК.
11 қаңтар 2018 ж. 1 165 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031