» » Қалың қоқыстан қалай арыламыз?

Қалың қоқыстан қалай арыламыз?


Елімізде жиналып қалған тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың көлемі 43 млрд тонна! Жыл өткен сайын қоқыс полигондарының аумағы артып келеді. Алайда полигондардың аумағы артқанмен, тау болып үйілген  қоқыс мәселені шешпейді. Бүгінде «жасыл» экономиканы жиі айтамыз. Бірақ  «жасыл» экономикаға өту үшін халықтың өмір сүру мәдениетін қалыптастыру керек.Басты талап – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, ресурстарды үнемдеу. Мұнай қоры мен табиғи қуат көздеріне иек артып отыра бермей, тұрмыстық, өндірістік қалдықтарды да кәдеге жаратуға  күш салу. Мәселен, дамыған елдердің барлығы жоқтан бар жасап, ебін тауып қоқыстың өзінен еселеп пайда табуда. Ал бізде ше?
Өңірдегі ахуал
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ресми деректеріне көз жүгіртсек, Қызылорда облысы бойынша шығарылған қоқыстың көлемі 53 549 мың тонна. Оның ішінде  тұрмыстық қалдықтар 14 520 мың тонна, өндірістік қалдықтар 7 481 мың тонна, көше қалдықтары 21 133 тонна. Ал Қызылорда қаласынан шыққан қалдықтар жылына 34 655 мың тонна көлемінде екен. Бұл осыдан 3 жыл бұрынғы дерек. Алайда одан бері шығарылған қоқыстың көлемі көбеймесе, азаймасы анық.
Қоқысты кәдеге жарату үшін, алдымен оны сұрыптап салуға үйренукерек. Алайда елорданың өзінде қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған түрлі-түсті контейнер өткен жылы ғана орнатылғанын ескерсек, өңірлерге бұл «мәдениеттің» жете қоймағаны анық. Көп қабатты тұрғын үйлердің ауласына орнатылған қызыл, жасыл, сары және көк түсті төрт контейнерлердің әрқайсысына шыны, органика, пластик бұйымдар, қағаздар деген нұсқаулық жазылған. Бізге де осындай контейлерлер керек-ақ. Бізде күнбе-күн қоқыс жәшігіне полиэтилен пакеттерге салынған тамақ қалдықтары, жуындылар, қағаз, пластик, шыны құмыра аралас толассыз қоқыс тасталады. «Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» дегендей, оның қайда кетіп, қайда тасталып жатқанын бір сәт ойламаймыз да. Беті ашық-шашық жататын қоқыс жәшігінен қаңғыбас та, ит пен мысық та өз керегін ашып-шашып, ақтарып жатқаны. Өзге елдерде сұрыптау салу мәдениеті әлдеқашан қалыптасқан. Мәселен, Жапонияның бір тұрғыны қоқысты сұрыптап салмағаны және полицейлердің ескертуіне мойынұсынбағаны үшін сотталып кеткен. Әрине, қоқысқа бола сотталып кету – біз үшін күлкілі болғанмен, тазалық пен табиғатты қорғауға қатты мән беретін жапон жұрты үшін бұл қалыпты жайт.     
Бүгінде Қызылорда қаласындағы тазалыққа жауапты мекеме – «Қызылорда тазалығы» ЖШС. Мекеменің берген мәліметінше,  тұрғын үйлердің ауласында арнайы контейнерлер қойылған. Бірақ сұрыптап салуға арналған контейнер қала аумағы бойынша толық қамтылмаған. Істен шыққан электрондық құралдарды тастайтын арнайы экобокстар да қойылған. Кәсіпорын барлық жиналған қоқыстарды қала аумағынан 12 км тыс орналасқан арнайы полигонға өткізеді. Бұл полигон «Ибрайхан» ЖШС-ге тиесілі көрінеді.Аталмыш кәсіпорын тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын атқармайды. Алайда қоқыстарды сұрыптау кешенін салу туралы жобасын жүзеге асырып жатқан көрінеді.  Егер мұндай мехенизм іске қосылса үлкен қуаныш. Тіпті өңірде қоқыс  өңдейтін зауыт салу да артық болмас еді. Әзірге шыны құмыраларды, макулатураны, пластиктерді әркім әр жерде тиын-тебенге өткізіп жүр. Егер қоқыс өңдейтін зауыт салынса, алысқа бармай сол зауытқа да тапсырып, керексіз затты кәдеге жаратар едік.
Шетелдік тәжірибе
АҚШ-та 1997 жылдан бастап Қалдықтарды қайта өңдеу күні ресми түрде аталып өтеді. Мұндағы мақсат – қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу арқылы табиғат ресуртарын үнемдеуге елдің назарын аударту.   Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеуден рекорд орнатқан бірден бір ел –– Швеция. Мұнда жиналған қоқыстың 99,9 пайызы өңделеді. Тіпті елдегі зауыттардың жұмысы қарқынды жүргені сонша, Швецияда өңдейтін қоқыс қалмаған. Ал керек болса! Көршілес елдердің тұрмыстық және өндірістік қалдықтарын импорттауға мәжбүр.Әрине, шведтер өзге елдің қоқысын сатып алмасы анық. Керісінше, Норвегия, Англия, Германия Үкіметі Швеция мемлекетіне  қосымша қаржы төлеу арқылы өз қоқысынан «құтылуда». Нәтижесінде, шведтіктер жыл сайын2 500 000 тонна қоқысты жағу арқылы электр мен жылу көзін өндіріп, табиғи ресурстарын үнемдеуге көшкен. Мәселен, Швецияның Мальма қаласын жарық-жылумен қамтамасыз ететін электр қуатының 60 пайызы қоқыс қалдықтарынан өндірілген.
Сингапур еліндегі жағдай да осындай. Жиналған қоқыстың 90 пайызы қайта өңделеді. «Утилизация патшасы» атанған  Швейцарияда да қатардан қалыспайды. Мұнда өндірістік қалдықтың, оның ішінде: шыны-әйнектердің 96 пайызы, темір банкілердің 91 пайызы, пластик құмыралардың 83 пайызы, аккумлятор мен батериялардың  70 пайызы, тұрмыстық қалдықтың 100 пайызы қайта өңделеді.  Тіпті Швейрация билігі 2000 жылдан бастап қоқыс төгетін полигондарды салуға мүлде тиым салған. Елдің әр тұрғыны қоқысты арнайы контейнерге сұрыптап салуды әдеткен айналдырған. Тәртіп бұзған жағдайдаүлкен мөлшерде айыппұл төлейді. Мәселен, Англияда қоқысты сұрыптап салмаған тұрғын 1 мың еуро айыппұл төлеуге мәжбүр.  
Дамыған елдердің бірқатары қоқысты әлдеқашан кәдеге жаратып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен ғана қамтымай, оны экономиканың қозғаушы күшіне айналдырған. Жапония, Кореяда күл-қоқыстың 50 пайыздан астамы, Германияда 65 пайызы, Дания, Норвегияда 90 пайызы, АҚШ-та 30 пайызы қайта өндіріледі. Бұл ретте Еуропа елдері алдыға жан салмай келеді.
Бірақ уақыт бұрын немістің танымал Adidas компаниясы мұхиттағы қоқыстардан спорттық аяқ киім тігуді қолға алған. Жаңа аяқ киім теңізшілердің мұхитқа лақтырған балық аулауға арналған торларынан жасалмақшы. Себебі талай жыл бойы бір-біріне шатысып қалған торлар теңіз экологиясын бұзып қана қоймай, балықтың да жойылуына себепкер болған. Есесіне, енді сол торлардан Primeknit технологиясы негізінде аяқ киімдер тігіліп, ал пластиктерден спорттық күртешелер әзірленетін болады. Атақты компанияның бұл бастамасын шетелдіктер  қуана қабылдаған.  Өңделген қалдықтардан: дәретхана қағазы, қаламсап, құрылысқа қажетті материалдар, тыңайтқыштар және өзге де бұйымдар жасалып, қайта нарыққа жөнелтіледі. Бірақ мұндай заттарға міндетті түрде өңделген  қоқыстан жасалған деген ескертпе жазылады.      
Кәдеге жараса, қоқыс та табыс көзі
Жыл сайын елімізде 5 млн. тоннадан астам қоқыс шығарылады. Бір ғана Алматы қаласынан 1 млн. тонна, Астанада 300 мың тоннаға жуық қалдықтар полигонга жөнелтіледі. Еліміздегі тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың тек 10 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан елдің бірі – біз. Оған бірнеше себеп бар: біріншіден, қажетті технологияның тапшылығы. Екіншіден экологияға тигізер залалын толық сезіне алмау.  Үшіншіден, тұрғындардың жауапсыздығы.
Таяуда өткен  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасында «Бізде тұрмыстық қалдықтардың тек 10 пайызы ғана қайта өңделеді. Осы көрсеткішті 40 пайызға жеткізсек деген жоспар бар. Шетелде бұл сала әлдеқашан табысты кәсіп көзіне айналған. Алайда мемлекет қолдау көрсетпесе, елімізде қоқысты қайта өңдеу бизнеске ешқандай пайда әкелмейді. Себебі бұл бағытта бизнес өкілдері талпынып көрді. Білсеңіздер, бірнеше қоқысты қайта өңдеу зауыттарын салды. Алайда одан түк шықпады» деген еді Мұрат Әбенов. Ағамыздың айтқан сөзінің жаны бар. Бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында мұндай зауыттар іске қосылған. Алайда гұмыры ұзаққа бармады. Неге? Себебі біздің елде қалдықты сұрыптау, жаңа өнімдер алу әлі күнге дейін табыс көзіне айналмай отыр. Егер елімізде қоқыс өңдейтін зауыттардың жұмысын мемлекет өзі қатаң қадағаласа, табиғаттың тынысы ашылып қоймай, талай адам жұмысқа тұрып, баламалы әрі арзан энергия көздері мен органикалық тыңайтқыштардың мол қорын жасауға мүмкіндік туар еді.  
Рас, әлемдік тәжірибиеге көз жүгіртсек, қоқыс қалдықтарын сұрыптау және оны қайта өңдеу белгілі бір жүйеге түскен. Шетелдіктер оған құнды шикізат ретінде қарайды. Баламалы әрі арзан энегрия көзін өндіріп қана қоймай, табиғатты күл-қоқыстан тазартуға көшкен. Ал біз  әлі күнге дейін қоқыс полигондарын көбейтіп, оны қауіп-қатер мен ауру-сырқаудың ошағына айналдырудан басқа амал таппай отырмыз. Бұл ретте қоршаған ортаның қаншалықты ластанғанын өзіңіз елестете беріңіз.
Қазір екінің бірі полиэтилен пакетін пайдаланады. Кез келген дүкенде, кез келген сауда орталықтарында олар тегін беріледі. Тіпті жел соқса, біздің пакеттер көкте қалықтап жүретінін жасырып қайтейік?! Ал дамыған елдерде мұндай пакеттерге әлдеқашан тыйым салынған. Әлемнің 40-қа жуық елінде мұндай пакеттерді өндіруге және қолдануға шек қойылған. Себебі полиэтилен пакеті 400 жылға дейін жер астында дейін шірімей жатады екен. Төрт ғасырға жуық табиғат пен аң-құсты улайды.   
Әрине, қоқысты бей-беркет тастамау үшін қала, ауыл тұрғындарының экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыру керек. Әйтпегенде, «табиғатты аялаймыз» деу бос әурешілік. Өйткені қалауын тапса, қоқыс та табыс әкеледі.
Құралай СЛӘМҚЫЗЫ
05 сәуір 2018 ж. 2 442 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031