ҚОҚЫСПЕН КҮРЕС ҚАШАН БАСТАЛМАҚ?
Елімізге Арал теңізінен де, Байқоңыр ғарыш айлағынан да қауіпті экологиялық мәселе бар. Ол – секунд сайын көбейіп жатқан қоқыс қалдықтары. Жасыл экономикаға өтуіміз үшін қоқыс қалдығын өңдеу деңгейі 2030 жылы 40 пайыз, 2050 жылға қарай 50 пайыздан жоғары болуы тиіс. Бүгінде Қазақстанда миллиондаған тонна қоқыстың 2,6 пайызы ғана өңделеді.
Жуырда Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «полиэтилен қалтасын сауда орталығында тегін беруді доғару керек» деген ұсыныс білдірді. Себебі полиэтиленнен жасалған өнім 500 жылдан кейін ғана жойылады. Оны өртесе адам ағзасына зиянды заттар бөлінеді. Сол секілді басқа да қоқыс қалдығы адамға, ауаға, қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде.
Дегенмен әрқайсысымыз мұны білсек те, оның ауыр зардабын әлі де сезінбей жүрміз. Қоқысты іріктеуден бұрын, оны тастау мәдениетін білмейміз. Облысымызда қоқысты іріктеуге жәрдемдесетін түрлі-түсті жәшіктер бар. Бірақ оған мән беріп, талапқа сай қолданатындар аз. Есесіне көрінген жерге қоқыс тастайтындар жеткілікті.
Тазалығымен тамсандырған Германияда қоқыстың арнайы жәшікке салынуы заңмен қадағаланады. Сондықтан қоқысты іріктеуге халықтың өзі атсалысады. Дегенмен шетелде өзге мәселе өзекті. Оларда қоқыс өңдейтін орын болғанымен, қоқыс жинайтын жер жоқ. Бізде жер жеткілікті, бірақ қоқыс өңдейтін зауыт аз. Халықаралық талаптарға сай, ауқымы кең зауыт Астанада ғана бар. Оның өзінде жылына 250 тонна қоқыс өңдеуге мүмкіндігі бар зауыттың бүгінде жұмыс деңгейі – 30 пайыз. Дегенмен әрқайсысымыз мұны білсек те, оның ауыр зардабын әлі де сезінбей жүрміз. Қоқысты іріктеуден бұрын, оны тастау мәдениетін білмейміз. Облысымызда қоқысты іріктеуге жәрдемдесетін түрлі-түсті жәшіктер бар. Бірақ оған мән беріп, талапқа сай қолданатындар аз. Есесіне көрінген жерге қоқыс тастайтындар жеткілікті.
Бұл саланың дамуын тежейтін себептің бірі – қоқыс өңдейтін зауыт жеке кәсіпкердің меншігінде болса, қоқыс жинайтын жер мемлекеттің иелігінде. Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді дегендей, бұл саланың тізгіні екі жақтың біреуінде болуы тиіс. Дамыған елдерде ортақ табыстың 50 пайызы зауытқа, 40 пайызы тасымалдаушыға, 10 пайызы қоқыс жинайтын жерге тиесілі. Ал бізде бәрі керісінше: 65 пайызын тасымалдаушы, 17 пайызын зауыт, 18 пайызын жер иесі алады. Сондықтан көбі қоқыс өңдейтін кәсіптің келешегіне сенімсіздік танытады.
Өзге елдерде қоқыс өңдеу қалай жүзеге асады? Қоқысты өңдеудің ең жеңіл жолы – өртеу. Ресейде, Еуропада осы тәсіл кеңінен қолданылады. Бірақ қоқыс алдымен тыңғылықты іріктеледі. Сондықтан оны өртеген сәтте өңдеу шығыны да, қоршаған ортаға тигізер зияны да азаяды. Мәселен, Германия 2005 жылы қоқыс жинайтын орыннан түбегейлі бас тартты. Қоқыстың 83 пайызын халықтың өзі іріктеді. Себебі оның өңделуіне мемлекет емес, халық төлейді. Өткізілетін қоқыс неғұрлым жақсы іріктелсе, халық соғұрлым аз төлейді. Осы жүйе немістердің тазалығын әлемге әйгілі етті.
Қазақ халқы жердің қадірін жанынан артық көріп, «Жер-Ана» деп атады. Осы даналықтың астарында «туған жеріңді қастерле, анаңдай көр» деген өсиет бар. Ең сорақысы, көшеде көрінген жерге қоқыс тастап, лас су төгіп, тіпті түкіріп кеткенге таңғалмайтын болдық. Ата-бабамыздың қанымен келген кең байтақ жеріміз бар деп марқаямыз. Десек те, өскелең ұрпақ біздің қай ерлігімізбен мақтанады? Осыны ойладық па? Келешекте олардың біз туралы ұланғайыр жерді қоқысқа толтырып кетті демесіне кім кепіл?
Әсел БЕГМАН