ҚОШТАСУДЫҢ ҚИЫНЫ-АЙ...
Маусым айының соңына дейін мектеп түлектері барлық сынақты аяқтайды. Сөйтіп, қолына аттестат алған жеткіншектер бітіру кешін ұйымдастырады. Қазіргі уақытта шәкірттердің басты уайымы – алдағы тестілеу болғанымен, бітіру кешіне деген әзірлікте өз алдына бір әңгіме ғой. Өмірдің жаңа бір кезеңіне аяқ басқан түлектердің қуанышымен бөліскені де орынды шығар. Бірақ оны ұланасыр тойға айналдырудың жөні бар ма?
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова «Әр білім басқармасы түлектермен қоштасу кешін мектепте өткізуге мүдделі. Әдетте ата-аналар комитеті мектептен тыс жерде кеш немесе басқа шараларды өткізу туралы шешім қабылдайды. Ал, жалпы алғанда, түлектермен қоштасу рәсімі және аттестат тапсыру рәсімі мектеп ішінде өтеді. Білім және ғылым министрлігі мен өңірлердегі білім басқармалары ақша жинау, қымбат дүниелерді жалға алу идеясын құптамайды. Жалпы, мектепте ақша жинауға тыйым салынған» деген былтыр баспасөз жиынында. Десе де, Білім және ғылым министрлігінің қарсылығына қарамастан түлектер, ата-аналар мен ұстаздар бітіру кешін мейрамханада өткізуге, көл-көсір ақша жинауға қарсылық танытпайды. Әр түлектің отбасында жиналатын «тариф» құны 70-тен 150 мың шамасында.
- ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАҒАН ТҮЛЕКТЕР
Сербияның Пирот қаласының түлектері мектеппен қоштасу кешіне қымбат киім киюден бас тартып, есесіне «біркиер көйлек алар қаражатты сырқат балаларға берейік» деп шешім қабылдаған. Маңғыстаулық бір топ түлек мектеп бітіру кешіне қатыспай, жинаған қаражатты науқас баланың еміне берген. Түпқараған аудандық мектеп-лицейінің екі сыныбы бірігіп, қант диабетіне шалдыққан екінші сынып оқушысының анасына 124 мың теңге табыстаған. Түлектер мектеп бітіру кешіне баруды емес, ауыр дертке шалдыққан Әсел Исатайқызының туған күніне тосынсый жасауды жөн көріпті. Оқушылардың игі ісін лицей директоры мен ата-аналары бірауыздан қолдаған. Ақшұқыр ауылындағы мектеп-лицейінің былтырғы түлектері науқас қызға көмектесу үшін мектеп бітіру кешінен бас тартты. Мидың қатерлі ісігіне шалдығып, соның салдарынан көзі көрмей қалған Әминаға көмек берген. Олар біле тұра көңіл көтергеніміз орынсыз деп шешіпті. Ізгілікті ту еткен 45 түлек және олардың ата-анасы мен ұстаздары 400 мың теңге берген.Оңтүстік Қазақтан облысында биыл мектеп бітіргеніне 20 жыл толған түлектер қасиетті Рамазан айында 7 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған анаға ауылынан үй алып беріп, қуанышқа бөледі. Осылайша көпке үлгі бола білді.
КІМ ҚАНША ЖИНАЙДЫ?
Ата-ана қажетті затты алу үшін көп ақша жұмсайды. Қыздың керек жарағы бөлек әңгіме. Бағаның шарықтаған тұсында қалай боларын есептеп көрелік. Кешке киетін көйлік 30000-50000 теңге, туфли 10000 теңгеден басталады. Клатч (сөмке) 5000-нан жоғары. Шаштараз қысқа шашқа 5000, ұзын шашқа 10000, макияж 7000-12000 теңге. Ал жігіттерге костюм 15000-30000 теңге, жейде 7000-12000 мыңнан жоғары. Ал галстук 3000 теңге, туфли 10000. Нәтижесінде бойжеткенге 57000-87000, бозбалаға 21000-55000 аралығында қаражат жұмсалады екен. Бір күнгі кеш үшін мұнша қаражат көп емес пе?
Әлеуметтік желіден бір жазбаны көзім шалды. Одан мектеп бітіруші түлектің анасының мұңын байқауға болады.
Жұмыстан үйге кірген бетім сол еді, көрші келіншек үйде отыр екен.
Ол:
– Е, көрші, несін айтасың, жағдай қиын. Қыз өскен сайын оған кететін қаражат та көбейе береді екен. Қарыз сұрап келдім. Әйелің сен келсін деп отыр еді. Жақсы келдің. Жүз елу мың ақша керек. Қызым 11-інші сыныпты бітіріп жатыр. Мектеп бітірушілер жиналып «вечеринка» жасаймыз. Соған «анау керек, мынау керек» деп қинап жатыр. Өзің білесің, әкесіз өскен қыз. Күйеуім болса, қайыр тілемес едім. Қатарынан қалдырғым келмейді. Онсыз да кештерге, түнгі клубтар мен туған күндерге шықпаушы еді. Енді мектеп бітіріп жатқан соң қатарынан қалмасын, достарының алдында жерге қарамасын деп қарыз сұрай келдім, – деді.
Сонда да 150 мың теңге бір күн үшін көп емес пе?
– Е-жоға, қызымның құрбылары одан да көп ақша жұмсайды. Біз қайта азға шүкіршілік жасап отырмыз ғой. Қызым шашымды жасатам, макияж, маникюр бар дейді. Көйлектерің көп қой десем, «ұят болады, жаңасын алу керек» дейді. Ұстаздарға сыйлық жасаймыз, видео, фотосы бар. Лимузині, кешкілік тойлайтын дастарқаны бар. Бәрін есептегенде қызым жүз елу мың тауып бер деп отыр. Егер тауып бермесең, тәнімді сатамын, қалайда ақша табамын дейді. Жоқшылықтан бұзылып кете ме деп қорқамын. Жаным қысылды. Амалсыз әйелі де, өзі де жұмыс істейді ғой деп, сендерге келіп отырмын, – дейді көршіміз. Келіншектің көзінде жас. Не дерімді білмедім. Ойлана келе, сұраған ақшасын бердім. Көршімді үйден құр шығарғым келмеді. Оны біреудің қалтасы көтереді, біреудікі көтермейді. Солай бола тұрса да қатарынан қалмасын, көңіл-күйі түспесін деп қарызданып, қауғаланып жатады. Осы дұрыс па, енді?
МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІ КЕРЕК ПЕ?
Жыл сайын мектеп түлектерінің ақша жинайтыны белгілі. Әр мектепте әртүрлі. Жалпы мектеп бітіру кеші бізге керек пе? Сіз қалай ойлайсыз?
Әлібек ОЛЖАБАЙҰЛЫ, ата-ана:
– Негізі мектепке ақша жинауға қарсымын. Қатарынан қалдырмау үшін келісім бересің. Ата-ананың басты парызы баласын қатарынан қалдырмау. Қажеттілікпен қамтамасыз ету. Әкелік міндетімді атқарып, қолдан келгенді аямаймын.
Болат Жұмабаев, журналист:
– Меніңше қажеті жоқ, бос әурешілік. Мектеп бітіру салтанаты тек 1-інші, бастауыш және 11-інші сыныптағылар үшін болған жөн. Онда да көп қаржы шығындамау қажет. Ал бізде қалай? Түсініп болмайсың. 10, 20, 30, 40 жылдықты да дүркіретіп тойлауды әдетке айналдырды. Мейлі делік, неше жылдағы бір кездесу ғой. Түсінбейтінім, мектепке қыруар ақшаны, сыйлықты не үшін береді. Үкімет мектепті қажетті жабдықпен қамтамасыз етпей ме?
Аида Мұратқызы, ата-ана:
– Винетка, 1 сыныпқа сыйлық, бітіру кешіне, жалпы, 38 мыңнан жинадық. Мектеп бітіру кешіне көйлек әлі алғанымыз жоқ. Көп ақша кететінін сезіп-ақ тұрмын. Киімнен бөлек шаш үлгісі, макияжы бар. Қанша болса да қатарынан қалдырмаймын ғой.
- Бақыт ҚАЛДАНҚЫЗЫ, мұғалім:
- – Мектеп бітіру кешін өткізуге тыйым салған. Десе де ата-аналар өздері дайындалады. ҰБТ (ұлттық бірыңғай тестілеу) тапсырғаннан кейін мейрамханаға барады. Бұл жылдан жылға жалғасып келе жатқан дәстүр.
- Айжан ҚАЗБЕКҚЫЗЫ, мектеп бітіруші түлек:
- – Биыл мектепті тәмамдадым.Алдағы уақытта ҰБТ-ға дайындық. Қобалжу да жоқ емес. Бітіру кешін де ойлаймыз. Көйлекті де әлі таппадым. Бағасы да жоғары екен. Өзіңіз білесіз, сән үлгісі де бар. Бірақ қанша қаражат кетсе де, ата-анамнан тауып беруін сұрадым. Қатарымнан қалғым келмейді. Бұл жылда қалыптасқан үрдіс.
- Зухра Данабаева, белсенді желі қолданушысы:
- – Қазіргі таңда барлығы бір-бірінен асып түскісі келеді. Көйлектің түр-түрін киіп, лимузин жалдап, қымбат ресторанға отырады. Ал жағдайы жоқ отбасылар не істейді? Ақша жинау дұрыс емес. 70-150 мың адамның бір айлық табысы. Одан аз табатындары да бар. Еңбегін желге ұшырғаны ма?
- Еркін МҰХАМБЕТ, қала тұрғыны:
- – Жастар үйленген кезде кортеджге шығады. Мектеп түлектері де қалысар емес. Сол сәтте көлік айдау мүмкін емес. Жол бұзу ережесін өрескел бұзады. Терезеден бастарын шығарып айқайлайды. Оқыс жағдай орын алмасын деп қорқасың. Қазақты құртатыны бәсекелестік. Бірі 100 мыңға, екіншісі 120 мыңға көйлек алады. Ресторан, асаба, әнші, ойын ойнататын адамдары бар. Бір күнге қыруар ақша кетеді, қажеті жоқ секілді.
- Түйін:
- Абай атамыз айтқандай: «Білімдіге шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге көкірегінде болсын көз». Бәріне көкірек көзін салып өлшеп жатқанымыз ғой. Жеті рет өлшеп бір кескеннің ұтылғанын көрген жоқпыз.
- Пікірдерді топтастырған:
- Мөлдір САБЫРЖАН