БЕСІГІҢЕ БӨЛЕЙІН
–
Қазір – XXI ғасыр. Бесік деген ескі ұғым. Оның орнына балаға арналған заманауи керует бар. Айтпақшы, саған айтам деп ұмытып кетіппін ғой. Ғаламторда керемет керует танымал болып жатыр.
– Қандай деп сұрамасам да айтасың ғой, иә?
– Әрине.
– Сабыр, сабыр...
– Бұл керуетті ойлап тапқандар Америкада мынадай тәжірибе жүргізген. Әртүрлі жастағы аналардың қолына арнайы құрылғы тағып, баланы тербеткен қозғалысын зерттеген. Нәтижесінде балаға жайлы 5 түрлі бағыттағы қозғалысты керуеттің ішіне орналастырған. Оған қоса, ол керуетті арнайы пульт арқылы алыстан басқаруға болады. Баланың жүйкесін тыныштандыратын классикалық музыка да қосуға болады. Керемет емес пе?
– Қызым, айтып болсаң, енді мені тыңда. Біріншіден,қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етедi. Мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыз болады.Үшіншіден, сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Төртіншіден, бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол – денсаулық кепілі. Бесіншіден, бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербеледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Алтыншыдан, бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия мен тiл-көзден сақтайды. Алыстан басқарамын дейсің бе? Шырағым, балаңның қасында отырып, ыңылдап айтқан бесік жырына әлемнің барлық музыкасын қатар қойсаңда тең келмейді. Бесік жырын тыңдап өскен баланың қанына ұлттық қасиет дариды.
– Ой, мама, қойшы! Біз жолға дайындалуымыз керек. Әуежайға ертерек бара берейік. Алматыға жеткен соң хабарласам. Оның үстіне бағанағы айтқан керуетті ғаламтор арқылы тапсырыс беріп қойғанмын. Бүгін кешке келу керек.
– Не дейді? Құны қанша?
– Ұрыспаймын деп уәде бер бірінші.
– Ал жақсы, бердік.
– 150 мың.
– Құдай сақтасын, қанша? Мен ол ақшаға саған бір емес, бес бесік алып беремін ғой. Базарда танысым бар. Қолы алтын. Оюлап тұрып, сапалы ағаштан жасап береді.
– Болды, мам. Біз кеттік. Жеткен соң хабарласамын.
(Арада бір апта өтті)
– Мама, қалайсыздар? Балам мазасыз болып кетті. Ұйқысы да дұрыс емес. Алдында айтқан танысыңа хабарласшы. Бір бесік жасап берсін.
Әсел БЕГМАН