Үйрек асырап алған мысық
Осы жылдан бастап Қазақстандағы барлық жетімдер үйі қиын жағдайда қалған отбасылар мен балаларды қолдау орталықтарына айналады. Бұл туралы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Ержан Ерсайынов мәлімдеді. Орталық ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала келешек отбасын тапқанға дейін паналайтын уақытша орын ретінде қарастырылмақ. Сонымен қоса баланы қайта жетімдер үйіне тапсыру оқиғасы жиі кездеседі. Сондықтан орталықта бала асырап алуға ниетті ата-анамен псиxологиялық дайындық сабағы жүргізіледі. Бұл өзгеріс көптің көңіліне демеу болғанымен, Қазақстандағы бала асырап алу турасында шешімін таппаған мәселе көп.
Біріншіден, бала асырап алуға қазақтың қатып қалған қағидалары кедергі. Әсіресе өзінің ойынан гөрі жұрттың пікіріне құлақ асатын қасиетіміз әлі де қалмаған. Бала асырап алуға ниеттенген жас отбасының үмітін үлкендер тас талқан етеді. «Ол баланың тегі кім? Белгісіз. Ата-анасы нашақор болған шығар, қайдан білесің? Асыранды бала бәрібір тұқымына тартып тұрады» деген сөз дені сау баланы асырап алғалы тұрғанда айтылады. Ал жетімдер үйінде ауыр дертпен дүниеге келгендер туралы сөз қозғаудың өзі қиын.
Екіншіден, елімізде жетім емес, тастанды баланың саны артуда. Себебі жыл сайын елімізде 900-ден астам ерлі-зайыпты ата-ана құқығынан айырылады, 3 мыңнан астам бүлдіршін балалар үйіне түседі. Соның ішінде көбі ауыр науқасқа шалдыққан тастандылар. Дәрігерлердің сөзінше, баланың кемтар туылуына ата-ананың да ықпалы бар. Себебі көбіне ата-анасы баланы қаламаған жағдайда дүниеге ауру бала келеді. Ал ауру баланы асырап алатындар көп емес.
Үшіншіден, баланы асырап алатын ата-ана өзінің құқығын толық білмейді. Көбіне жетімнің өзін пайда көзіне айналдырғанның алдауына түседі. Себебі жемқорлық жетімдер үйіне де жеткен. Жыл сайын мемлекет әр жетім балаға 2 млн. теңге бөлінеді. Яғни ай сайын әр балаға 170-180 мың теңге тиесілі. 10 жетім бала – 20 млн. теңге. Ал биыл статистикаға сәйкес елімізде 27 мың жетім тіркелген.
Төртіншіден, асырап алуға талпынған ата-ананың әлеуметтік жағдайы төмен. Мәселен, заңда көрсетілгендей бала асырап алушының тұрақты жұмысы, жеке баспанасы болу шарт. Әрине, мұны мемлекет жетім баланың жақсы жерде өскенін қалағандықтан міндеттейді. Дегенмен өзі бедеу, жасанды ұрықтандыруға қаржысы жоқ, басында баспанасы, жанында жанашыр жары жоқ әйел не істемек?
Бесіншіден, жетімдер туралы мәлімет тапшы. Осыдан төрт жыл бұрын Білім министрлігі «жетім балалар туралы сайт құруды қолға алдық» деген еді. Бұл бастамаға бюджеттен 500 млн. теңге бөліну жоспарланыпты. Сол уақытта еліміздегі ең қымбат, түрлі деңгейден, ауқымды элементтерден құралған жеке сайттың өзі 180 млн. теңгеге жасалған. IT саласындағы мамандардың айтуынша, кез-келген сайтты жасауға жарты жыл жеткілікті. Ал қазынадан 500 млн. сұрап, жетімге жанашырлық білдіргендер бір сайтты жасау үшін 4 жыл уақыт сұраған. Былтыр осы бастамаға жан бітірген Аружан Саин 3500 жетім бала туралы мәліметті қамтитын «Usynovite.kz» сайтын ашты. Онда әр балаға қысқаша сипаттама берілген. Соның өзінде 7500 баланың мағлұматы сайтқа салынбаған. Оған жетімдер үйінің директорлары қарсы. Себебін білу үшін әр балаға бюджеттен бөлінетін несібесін еске түсіріңіз. Бала болмаса, қаражат та жоқ.
Алтыншыдан, бала асырап алған ата-анаға берілетін жәрдемақының аздығы. Асырап алынған балаға мемлекет 10 есе аз қаражат жұмсайды. Ал жетімдер үйінде тәрбиеленетіндерге бөлінетін қаржыға әр балаға баспана алып беруге болады. Дегенмен салынған ақша өзін ақтамайды. Себебі арнайы зерттеуге сүйенсек, жетімдер үйінде тәрбиеленіп шыққандардың 70 пайызы қылмыскерге айналады. Сондықтан баланың отбасында ер жеткені маңызды. Дегенмен олқылық мемлекет тарапынан ғана емес, асырап алушы ата-анадан да бар. Себебі 2016 жылы прокуратура қызметкерлерінің мәлімдеуінше, облысымызда жетімді қамқорлығына алып, берілген жәрдемақыны кредитіне төлеген 6 ата-ана тіркелді.
Жетінші мәселе – сол баяғы қағазбастылық. Мәселен, шетелде баланы асырап алғаннан кейін арнайы комиссия құрылады. Олар кез-келген уақытта, тіпті түнде жетімді қамқорлығына алған отбасын барып тексеруге міндетті. Баланың құқығы сақталмаған, тиісті жағдай жасалмаған дерек тіркелсе, бірден хабарлайды. Ол бізде де бар. Дегенмен арнайы қызметкер қағаздан бас көтермейді. Отбасылармен жүздесіп, шынайы статистика құруға уақыт тапшы. Сондықтан әр отбасы жылына екі рет «бәрі жақсы» деген қағазды өздері әкеліп береді.
2015 жылы ғаламторда мына оқиға көпті таңғалдырды. Ирландиядағы бір фермада Дэлла есімді мысық анасынан айырылған үш үйректі асырап алған. Осы секілді ғаламторда бір-біріне пана болған жануарлардың оқиғасы әлемді сүйсіндіреді, әрі түйсігі барға ой салады.
Сөз соңы:
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жесірді қаңғыртпаған, жетімді жылатпаған. Себебі дала халқының санасында жазылмаған заң бар. Бұрынғының жетімі бүгінгідей анасымен кетпеген, әкесінің әулетінде қалған. Ал жесір әйел баласына жақын болу үшін әмеңгерлік жолмен сол әулетке қайта келін болған. Осындай қаталдықтың нәтижесінде бала отбасында тәрбиеленген. Оған қоса, асыл діні Исламға адал қазақ ар-ожданнан аттамаған. Адам баласына ұрпақ сүйгізу, сүйгізбеу – Алланың ісі, ұрпақсыздық – бақытсыздық емес, Алланың сынағы екенін білген.Сондықтан мақтан, мадақ, пайда үшін емес, Алла разылығы үшін жетімді жебей жүрген.
Әрине өткенді еске алудан ештеңе өнбейді. Себебі енді заман басқа, адам басқа.
Әсел БЕГМАН