Сырға толы саяхат
Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қоры аймағымыздағы тарихи орындарды насихаттау мақсатында дәстүрлі ұйымдастырылатын «Тарих толқынында» атты тарихи-танымдық экскурсиясы жалғасуда.
Бұл жолғы саяхат Жаңақорған ауданындағы Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласынан бастау алды. Тарихы терең, киелі мекенге табаны тиген балалар көне қала туралы тың дерекпен танысты. Сығанақтың сырын ашуға жұмыла кіріскен археологтармен тілдесіп, қазба жұмысы туралы қызығушылық танытты. Мамандардың айтуынша, қазір Сығанақ қаласының кірер қақпасын ашу жұмысы жүргізілуде.
Жас саяхатшылар одан әрі Шиелі ауданындағы Оқшы ата кесенесіне барып, киелі қорымда Асан қайғы, Оқшы ата, Ғайып ата, Қыш ата секілді кісілер жерленгені жөнінде ақпаратқа қанықты. Қорым шырақшысы оқушыларға әрбір бабаның есімінің сырын ашатын аңыз-әңгімесімен бөлісті. Аталмыш саяхат аясында арнайы видеоблог әзірленді.