КИІЗДІҢ ҚАСИЕТІ ДӘРІПТЕЛМЕЙ ЖҮР МЕ?
Сауда орталығында ұлттық нақыштағы киім дүкені ашылды дегенді естіп, ерекше толғаныспен қазақы оюмен өрнектелген киімдерді көруге асықтық. Үлкен дүкеннің іші киізден жасалған бұйымға да, адамға да лық толы. Дүкеннің сатушысы келгендерге киіздің экологиялық таза бұйым екенін, көп дертке шипасы мен жылу сақтайтын қасиеті туралы насихаттауда. Бірі – таңдана киіп көрсе, енді бірі – сатып алуға асықты. Біз де табалдырықта тұрмай, дүкеннің ішін араладық. Бір шапанды қолымызға алып, затбелгісіне назар аударсақ, киім Қырғызстанда жасалған.
Соңғы уақытта әлемнің сән сахнасында этникалық нақыштағы бұйымдарды жиі кездестіруге болады. Әсіресе, киізден жасалғанын. Себебі киіз – адамзатқа пайдасы мол, таза шикізаттың бірі, түрік тілдес халықтардың ортақ мұрасы. Дегенмен оны әлемге танытып, жаппай сатылымға шығарып жатқан – қырғыздар. Ал бізде киізден киім тігу кәсібі болғанымен, әлем тұрмақ, Қазақстанды қамтуға шама-шарқымыз жетпей жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде киізден киім жасайтындар жоқ емес, бар. Басты мәселе – олар туралы халық біле бермейді. Бұл сөзімізге әр түрлі жастағы 50 қыз-келіншектің қатысуымен өткен сауалнама нәтижесі негіз болады. «Сіз киізден киім тігетін қазақстандық брендтер туралы білесіз бе?» деген сұраққа 42-сі «жоқ» деп жауап берді. Оларға «Асыл мұра» шеберханасы туралы айтып, Миланда, Ванкуверде өткен сән апталығында бас жүлдені иеленген ерекше сәнгер Ая Бапанидің киізден жасалған киімдерін көрсеткенде таңғалыстарын жасырмады.
Дана халқымыз киіз өңдеудің өзгеше әдіс-тәсілдерін білген. Олардың бірі бізге жетсе, бірі жетпеді. Ал біз келер ұрпаққа киіз туралы қаншалықты насихаттаудамыз? Он бес минут ішінде түскі ас әзірлейтін бағдарламаның жүргізушісі, әлемге танымал аспазшы Джеймс Оливер АҚШ мектебінде тәжірибе жүргізді. Ол оқушылардан сәбіздің қалай өсетінін сұрады. Көбі дүкеннен сатып алуға болатынын айтты. Себебі олар егіншілікті, көкөністің жерден шығатынын мүлде көрмеген. Біз де 5-сынып оқушыларынан киіз туралы сұрадық. Көбі мардымды жауап бермеді. Әр үйде киізден жасалған бір бұйым, не киім болса, әр ата-ана баласына киіз туралы жиі айтатын болса, мұндай олқылық орын алмас еді. Әр мектепте еңбекке баулу пәнінде киізден бұйым жасауды үйрету қолға алынса, мәселенің түйіні шешілер еді. Өткенде Қызылорда гуманитарлық заң және техникалық колледжіндегі «Ақ киіз» үйірмесінің көрмесіне қатыстық. Студенттердің ерекше технологиямен киізден жасаған киімдерімен, тұрмыстық заттарымен таныстық. Бастама бар, енді жоба жалғасын тапса игі болмақ.
Дегенмен халықтың көбі киізден жасалған өнімнің қымбат екенін айтып, сатып алудан бас тартады. Киіздің ерекшелігі – температураны қалыпты ұстайды, жуған сайын жаңарады. Жүн талшықтары теріні тыныштандырып, жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді. Киізді өңдеу әдісі тек қолмен жасалғандықтан, қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан одан жасалған өнімнің де бағасы қымбат. Шетелден келген киімдерге де жұмсаған қаржымыз аз емес. Қашанғы нарықты өзге ұлтқа беріп, қарап отырмақпыз? Наурызда, Құрбан айтта ғана емес, күнделікті «міне, біздің ұлттық киіміміз осындай» деп жарқыратып, қазақы нақышта ең болмаса бір ұлттық киім киіп жүруге шамамыздың жетпегені ме?
Әсел БЕГМАН