» » » БІЗ НЕГЕ ЖАҢҒЫРМАЙ ЖҮРМІЗ?

БІЗ НЕГЕ ЖАҢҒЫРМАЙ ЖҮРМІЗ?

Айталық, көкпарды сіз де, мен де білеміз. Бірақ тек ерекше мейрам, атаулы күндерде ойналатын ұлттық ойын ретінде. Қазақ жігіттері жылқы үстінде ептілігін, мықтылығын дәлелдеуі керек. Бұл – нағыз ер жігіттің ойыны. Алайда, қала баласы серкені тартқылап жүргісі келмейтіні белгілі. Серкенің орнына жаны жоқ басқа бір дүниені таласқа түсіретін етіп жаңа заманға бейімдеуге болады емес пе? Әйтпесе, көкпардың футболдан несі кем? Сол көкпарды қырғыздар иеленді, қымызды немістер, қымыранды еврейлер патенттеп алды. Ал біз қолдағы бардың қадірін білмей, ұлттық мұрамыздың құтын қашырып жүргендейміз. Жалпы, қазақтың бренді не? Әлем бізді қай ісімізбен таниды? Айталық, француздар парфюм өнімдерімен, немістер сырасымен, кәрістер жаңа технологиясымен танымал. Ал біз ше? Біздікі құр мақтан, сылдырма сөз секілді. Басқалар ұлттық дүниетанымын өзгенің дүниесімен де жеткізе біледі. Ең танымал «Зверополис» мультфильмін көрген боларсыз. Сонда қытайлықтар «тележүргізуші» бұланды өздерінің ұлттық символы пандаға, америкалықтар мен ресейліктер қар барысы етіп өзгерткеннен кейін ғана балаларға көрсетті. Дайын өнімді өзгерткені үшін шығарушы тарапқа қосымша қаражат та төленеді. Қосымша шығын неге керек? Себебі, Қытайда халық бұлан жануары туралы біле бермейді әрі мултьфильм кейіпкері арқылы ұлттық символы панданы насихаттады, санасына сіңірді. Әріден ойлайтын көршілеріміз, балалар арқылы болашақты жасап отыр. Ұлт келешегі солардың қолында, сол үшін балалардың ойы таза болуы керек. Байқадыңыз ба, Қытай идеологтары өзгелер арқылы өзінің ұлттық брендін танымал етті, шығын шығарды, есесіне елдегі қаржыны ең көп тапқан мультфильм «Зверополис» болды. Ал бізде ше? Жақында «Тайно коко» мультфильмі кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Мексикалықтарда о дүниелік адамдарды еске алатын күн бар. Сол күні адам жерленген жерді басып, үстіне тамақ төгеді. Сенім бойынша, тамақты көп төккен сайын сол адамға деген құрметіңді білдіресің. Осы дәстүрдің қазақ балаларына не қажеті бар? «Өлгендер де өмір сүреді» деген ұғымды сіңірген мультфильмді көрген балақайлар сан  сұрақпен шықты. Көрші елдер секілді, «бұл дүниенің ұлтқа пайдасы бар ма» деген сұрақты біз неге бірінші қоймаймыз?  
         Жақында «Colorado uyrt» сайтының өнімдеріне көзім түсті. Ерекше әсемдікпен тігілген, қыста да, жазда да пайдалануға болатын үйлер киіз үйден аумайды. Зерттей келе, кәдімгі киіз үйдің құрылысы екенін байқадық. Бірнеше бөліктерден тұратын экологиялық тұрғыда таза, жылы үйлерге жарық, жылу орнатылған. Шетелде мұндай үйде той жасау – тренд. Қазақтар жаппай қымбат мейрамхана таңдап әлек боп жүрсе, Англияда киіз үйде той жасау сәнге айналған. Лиззи есімді ағылшын қыз қазақы үйдің кез келген жерге орнатуға болатыны, ерекше той жасауға мүмкіндік беретіні үшін ұнатқанын айтыпты. Өзі “Тойға арналған киіз үйлер” бизнес-жобасының авторы.
         Мұны білгенде, сіз не ойладыңыз? Біз неге тойды киіз үй пішінді мейрамханада жасамаймыз? Неліктен демалыс орындары киіз үй тектес емес? Нағыз өткенімізді еске түсіретін дүниені неліктен шетелдіктер жарнамалап, пайдаға асыруы тиіс? Өйткені, олар этникалық заттарға, тарихты еске түсіретін бұйымдарға ұқыппен қарайды, бағалайды. Қазір ел егемендік алды, етек-жеңін жиды. Қай мәселеде болмасын әлемдік деңгейге ұмтыла бастадық. Кәсіпкерлер киіз үйді құрастырып, сатылымға шығарса «өтпейді» деп кім айта алады? Тек дайын шикізатты сатуға үйренген кәсіпкерлер ерекше дүние жасауға құлықсыз. Біз үшін қазақы үй тек Наурыз мейрамы мен Құрбан айтта керек. Ол да бір күн тұрар-тұрмастан жығылып, жиналып жатады. Мүмкін, кәсіпкерлер осы стеоратипті бұзғысы келмейтін болар.
         Ойланыңызшы, сіздің балаларыңыз, жалпы бүгінгі жасөсіпірімдер киіз үйдің неден, қалай жасалатынын біле ме? Мұны білмей өскен бала болашақта киіз үйге қызығып, соған ұқсас дүние жасай қояйын деп ойлай ма? Жақында маңғолиялық «Naad» бренді пластиктен жасалған ойыншық-конструктор киіз үй жасап шығарды.  Құрастырмалы ойыншықтың аты – MiMo. 225 элементтен тұратын киіз үйдің 11 есе кішірейтілген нұсқасын жасаудағы мақсат – келер ұрпақтың ұлттық дүниені ұмытпауы. Біздің елімізде де осындай дүние жасалса қандай игі іс болар еді!
            Әлемдегі ең үлкен құрастырмалы киіз үй, ең көлемді сырмақ та Қытайда жасалған. Атап айтқанда, сол жақтағы қандастарымыз істеген. Біздің қолымыздан да осы дүниелер келер еді. Киіз үйді қазақтың бренді етіп жарнамалауға болар еді. Әттең, құлықсыздық қолды «байлап тұр». Бірақ, алдымен рухани жаңғырудың не екенін түсініп алайықшы. Қазақтың әр дүниесін осы заманға лайықтауға атсалыссақ, идея шын мәнінде іске асар еді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
13 желтоқсан 2017 ж. 1 523 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031