ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ЖАРҚЫН БЕЛЕСІ
«Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» деген адам қиалы шарықтап, тірлі амалдар мен әдістер ойлап табуда. Мәселен қиға дәмді ас пісіруді технологиямен байланыстырыпты. Камбоджада шаруаларды биогаз генераторымен қамтамасыз ету жобасы басталды. Ағзаға қажетті оттегі. Австрия ғалымдары өкпені жасанды вентиляциялау тәсілін жетілдіріп жатыр. Ұшатын такси. Жаңа қоғамдық көлік құрастыру үшін Uber такси қызметі NASA-мен күш біріктірді. Шексіз ой. Қайтыс болған адаммен тілдестіретін чатбот таныстырылды. Толығырақ бүгінгі хайтек жаңалықтарын оқыңыз.
ӨКПЕ СКАНЕРІ
Адамның денесін сканерлейтін құрылғы әзірленді. Австрия ғалымдары жаңа технологияны тексеріп жатыр. Айтуларынша, құрылғы медицинада қолдануға болады. Бір жолақ матаға электронды құралдар мен сым бекітілген. Бұл − электро-импендансты томография деп аталатын зерттеу қондырғысы. Жаңа технология арқылы диагностикалау тәсілін Вена технологиялық университеті, Медицина университеті мен Вена ветеринарлы медицина университетінің мамандары әзірлеген. Ғалымдардың айтуынша, бұл өнертабыс жасанды өкпе вентиляциясының астында жатқан адам үшін таптырмас құрал. «Жасанды өкпе вентиляциясы адамның өмірі үшін маңызды. Бірақ бұл қондырғы организмге кері әсерін тигізеді. Ал біздің мақсатымыз осыны болдырмау», - дейді зерттеуші Стефан Беме.
Өкпе вентиляцияласын қолдануда шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Дәрігерлер науқас өкпесінің көлемін анықтай алмай жатады. Ал қысымның жоғары болуы өкпе жасушаларына зиян. Егер магнитті резонансты томография мен электрлі-имендансты томографияны қатар пайдаланғанда адамға жеткілікті ауаны анықтауға болар еді. Алдымен МРТ жасалып, ауа сыйымдылығы анықталған соң, науқасқа электронды белбеу киіледі. Сөйтіп барлық жағдайды назарда ұстайды. Құрылғыда жоғары жиіліктегі әлсіз электр тогы қолданылады. Қуат адам денесі арқылы өткенімен, оны сезу мүмкін емес. Есептеуіштен түскен мәлімет өңделген соң, өкпенің компьютерлік моделі жасалады. Содан кейін ғана өкпені жасанды вентиляциялау аппаратына өзгеріс енгізіледі. Өнертабыс тексеріліп, жан-жануарға қолданылды, енді еріктілердің қатысуымен сынақтан өткізу кезеңі басталуы тиіс.
ҚҰЛТЕМІР ҚҰС
Робот-ит, робогепард деген бар. Енді құлтемір құстар да жаппай құрастырылып жатыр. Мичиган университетінің қабырғасында қазуар деген құстың темірден жасалған үлгісі бар. Әзірге жалғыз және алғашқы дана болған соң, аяғына нық тұра алмайды. Зетханалық жұмыс барысында талай құлады.
Өнертабыс Кэсси деп аталады. Құлтемір Қазуардың кішірейтілген үлгісі. Құстардың бұл түрі ұша алмайды, есесіне бар күші аяғында. Экваториалды орманды мекен етеді. Кэссидің бүгілетін екі аяғы бар. Ал денесіне батарей мен басқару блогы бекітіліпті. Жоба авторларының айтуынша, құлтемір құс кедергілерді оңай еңсеріп, ойлы-қырлы жермен жүреді. Кэсси платформасындағы құлтемір негізінен құтқару миссияларына қатыстырылып, ғылыми жұмыс жүргізуге арналған.
− Жауапты миссияларды сеніп тапсыруға болады. Оны адам өмірі үшін қауіпті ортаға жіберу де көзделген, − дейді инженер Джесси Гризли.
Жоба авторлары казуар роботты басқару алгоритмін жетілдіріп жатыр. Кэссидің Agility Robotics жобасы негізінде жасалғаны белгілі болды. Ұлттық ғылым қоры мен Toyota ғылыми-зерттеу институты бөлген грантқа Мичиган зерттеушілері оны сатып алған көрінеді.
БИОГАЗ РЕАКТОРЫ
Ашық отқа піскен тамақтың дәмі тіл үйіреді. Бірақ пешке тастайтын бір тал ағашы жоқ өңірлер де бар. Олар да дәмді тамақ әзірлейді. Осы мақсатта қидан алынған газды пайдаланады. Камбоджаның тұрғындары шағын биогаз генераторларын алып жатыр. Жоба авторларының ниеті бір. Ол парниктік газдың бөлінуін азайту.
Иісі мұрын жаратын сұйықтық үлкен ыдысқа құйылған. Биагозды генераторлар ежелден қолданылады. Ал мына үлгісі Камбоджаның шалғайдағы ауыл тұрғындарына арналған. Ауылдықтар тамақты ашық отқа әзірлейді. Енді ATEC компаниясы ұсынған экологиялық таза, ыңғайлы әрі қауіпсіз генераторға көңілдері ауды. Құрылғы газ өндіріп қоймайды. Қиды көңге айналдырып, тыңайтқыш жасап береді.
− Газды генератордың бірқатар артықшылығы бар. Ағаш жаққан кезде пешті тастап кете алмайтынмын. Қарап отыру керек. Ал газды плита өте ыңғайлы. Көз жасаурататын түтіні жоқ және күріш алқаптарына жоғары сапалы тыңайтқыш аламын,−дейді фермер Сок Софеп.
Камбоджа фермерлерін биогаз реакторымен қамту жобасы 1 миллион долларға тең грантқа ие болды. Мұндай қондырғыларды аймақтағы төрт елдің шаруаларына орнатып беру көзделген.
ҰШАТЫН ТАКСИ
Жолаушының қамы үшін кептелістен көз ашпай отырған бірнеше мегаполисте ұшатын көліктер паркі құрылады. Іске кірісіп кеткен Юбер өкілдері NASA-мен әріптестік орнатыпты. Лиссабонда өткен Web Summit кездесуіне Uber менеджері Джефф Холден қатысып, 2020 жылы ұшатын көліктер Лос-Анджелес, Техастың Далласы мен Дубайда пайда болады деп сендірді. Бұл жоба Uber Elevate деген атауға ие. АҚШ-тың ғарыш агенттігі ұшатын көлік құрастырып беруге келісіпті. Ол алдымен автономды басқарылып, төмен биіктікте ұшуы тиіс. Өндіріс бөлімінің директоры Джефф Холденнің айтуынша, келісімге сәйкес ұшатын таксидің маршрутын анықтайтын арнайы бағдарлама жасалады. Бұл іспен әуе тасымалдаушы алып компаниялар айналысады. Атап айтсақ, Aurora Flight Sciences пен Embraer жобаға келісім берген. Олардың ұшатын аппарат құрастыруда тәжірибелері жеткілікті. Алдымен мұндай көліктер сыртқы шудан қорғалып, вертикалды ұшып, қонуы тиіс. Онда төрт жолаушыға арналған аэроплан бар. Ұшатын такси үш қалақ арқылы әуеге көтеріледі екен.
− Қалада қарбалас көп. Жолға шығатын такси мен жеке көліктер де күн санап артып келеді. Біз осы мәселені революциялық жолмен шешеміз. Ұшатын аппарат аз уақытта, көп іс тындырамын деген адамдарға арналып отыр. Кептелісте тұрып, уақыт кетіргеннен гөрі, жол жөнекей тағы да өзің сияқты жолаушыларды ала кетіп, ноутбукпен жұмыс істеп отыруға не жетсін? − деген пікірде Uber өндіріс бөлімінің директоры Джефф Холден.
Uber менеджментінің жоспарына сәйкес толыққанды коммерциялық қызмет көрсету 2023 жылы басталады. Компаниядағылар да мойындап отыр. Бастапқы кезде төлемақы дәстүрлі таксиден қымбат болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе таксимен қатынаудан гөрі, ұшу құны арзандайды-міс.
МҰНДАЙ ДА БОЛАДЫ ЕКЕН
Ғалымдар қайтыс болған адаммен тілдесетін мүмкіндік тауыпты-міс. Ол үшін де жасанды зияткерлік қолданылады. Лиссабонда өткен Web Summit-те Джеймс Влахос есімді тілші ойға қонымсыз өнертабысты паш етті. Чатбот қайтыс болған адаммен хат алмасатын мүмкіндік береді екен.
Өнертабыс Dadbot деп аталады. Қазіргі уақытта ол Фейсбук мессенджерінде тілдесуге мүмкіндік беретін чатбот түрінде көрініс тапқан. Жоба авторы Джеймс Влахостың жақында әкесі қайтыс болады. Сағынғаны соншалық, онымен әлеуметтік желінің бетінде хабарлама алмасып, тілдессем ғой деген ой келеді. Dadbot – осындай ниеттен пайда болды. Қатерлі ісіктен көз жұмған әкесінің көзі тірісінде отбасы, өмірі мен жұмысы туралы айтып кеткен бірнеше аудиофайлы сақталып қалған екен. Жасанды зияткерліктің арқасында арнайы бағдарлама жасалып, қайтыс болған адамның дауысымен аудио хабарлама алмасуға жол ашылды. Кейде әкесінің суреті бар хаттар да келіп жатады.
− Дэдботты қолданғаннан бері өзімді басқаша сезінетін болдым. Әкеммен тілдесу бақыт сыйлайды. Қашықтан хабарлама алмасудың құдіреті осында − дейді жоба авторы Джеймс Влахос.
Дэдбот авторының анасы да күйеуімен виртуалды тілдесіп көрген. Ұнағанын айтады. Бұл өнертабыс жайлы естіген адамдар да осындай ниеттері бар екенін жеткізіпті. Джеймс Влахос чатботты жетілдіретінін айтып, мобильді қосымша әзірлейді екен.
Бетті дайындаған: Гүлбану МАҚАЖАН