Қараусыз мал – қарақшыға олжа
Малшаруашылығы – жұмыспен қамту тетігі және табыс көзі. Алайда, ауылдық жерлерде мал ұрлығының дендей түсуі – жалақысы төмен, тек маусымдық жұмыспен ғана күн көретін ауыл тұрғындарына айтарлықтай қиындық туғызуда. Жалпы, шалғай жатқан елді мекендердегі ұрлық-қарлық, өзгенің мүлкін иелену, оны талан-таражға салу, алаяқтық, тонау, арзан бағаға сату, пайдакүнемдік сипатындағы қылмыстардың орын алуының басты себебі – жұмыссыздық пен тұрақты кіріс көзінің болмауы. Бұл әрине ұрлықты ақтап ала алмайды. Тұрақты жұмысы жоқ ауыл тұрғындары үшін мал ұрлығы олардың әлеуметтік жағдайына зардабы шаш етектен. Себебі, мал шаруашылығынан түсетін өнім – олар үшін жалғыз тіршілік көзі.
Сырдария ауданында мал ұрлығын кәсіп еткен 16 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталып, 16 эпизодтық, оның ішінде 9 ауыр санаттағы қылмыс дәлелденіп, сотқа жолданған.Облыстық ІІД криминогендік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Әбдібековтің айтуынша, облыс көлемінде 7 айда 297 мал ұрлығы тіркелген. «Оның 179-ы өрістен, 118-і қорадан ұрланған. Жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 103 қылмыскер ұсталып, оның 139 қылмысы дәлелденіп, тиісті шешім қабылданды. Сондай-ақ 20 қылмыстық іс құрықталып, нәтижесінде 82 бас мал ұрлығы анықталған. Жыл бойы 523 мал басы ұрланып, тек 156 бас жәбірленушіге қайтарылған, – деді Д.Әбдібеков брифинг барысында.
Облыста қылмыстың азаймай тұрғаны баршамызға белгілі. Алдын алу шаралары да жүргізілуде. Десе де қылмыс толастамай тұр. Қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Дәулет Беркімбаевтың айтуынша, елді-мекендерде мал ұрлығы жиі орын алады. Ал қалалық жерде автокөлік бөлшектері жиі ұрланады. Сондай-ақ әмиян және қалта телефон ұрлығы басым.
– Мал ұрлығы былтырғымен салыстырғанда 21,6 пайызға төмен. Биыл 297 мал ұрланса, былтыр 379 мал ұрланды. Нәтижесінде мал
ұрлығы азайды деп айта аламыз. Десе де қалта телефон, әмиян секілді ұрлық басым. Біз қылмыстың алдын алу барысында рейд жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қоса ҚР Ішкі істер министрлігімен 2018-2020 жылдарға арналған бағдарлама бекітілді. Жергілікті атқарушы орындарда, автономды сигнализация және техникалық құрал-жабдықтау шараларын жүргізу жоспарланды, – дейді Д.Беркімбаев.
ұрлығы азайды деп айта аламыз. Десе де қалта телефон, әмиян секілді ұрлық басым. Біз қылмыстың алдын алу барысында рейд жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қоса ҚР Ішкі істер министрлігімен 2018-2020 жылдарға арналған бағдарлама бекітілді. Жергілікті атқарушы орындарда, автономды сигнализация және техникалық құрал-жабдықтау шараларын жүргізу жоспарланды, – дейді Д.Беркімбаев.
Бір қызығы, осы уақытқа дейін ұсталған азаматтардың орташа жасы 25 пен 30 жасты құраған. Ауылда таңнан кешке дейін сеңделіп жүрген жас ұрлыққа бармағанда басқа не істесін? Түпкір-түпкірде жиналып тұратын жастардың не жоспарлайтыны белгісіз ғой. Әйтеуір бір тыным жоқ. Қала көлемінде Тасбөгет кенті, Досан, Қосшыңырау ауылдық округінде мал ұрлығы толастамай тұр. Облыста жоғалған малдың 179-ы өрістен, 118-і қорадан ұсталды. Жәбірленушіге 15 436 500 теңге қайтарылған.
Мал ұрлығының көп орын алатынының бір себебі, тұрғындардың тиісті орынға ерте хабарламауы. Мысал ретінде айтқанның өзінде мал жоғалса, «жайылып жүрген шығар, келер» деп жәйбарақат отырамыз. Одан қалды өзіміз іздейміз. Осылайша уақыт жоғалтамыз. Жоғарыда көрсетілген ақпаратқа көз жүгіртсек, Досан ауылында 6 мал қолды болған. Кішкентай ауылда осынша мал қалай ұрланады? Әлде арнайы мал ұрайтын адамдар бар ма? Түйіткіл сұрақ көп, жауап жоқ.
Жаңақорған ауданында ауыр санаттағы қылмыс тіркелді. Олар ұрлықты кәсіп еткен. Әрқайсысы күн көріс қамын осылайша жасайды. Сырдарияда ұсталған азаматтар 3-4 жыл бұрын ұрлықты кәсіп етіп, былтыр қылмысы әшкереленген. Барлығын қосқанда 16 факт әшкере болды. Батыс Қытай-Батыс Европа жолында малды қағып кету жағдайы жиі орын алады. Жасыратыны жоқ, бұл өзекті мәселе. Халыққа малдың денесіне алыстан жанатын жарық орнату түсіндірілуде. Осылайша жол көлік оқиғасы азаяды. Ескеретін жайт, жолға шыққан малға егесі жауапты.
Мал ұрлығы кезінде бақташы үлкен рөл атқарады. Мәселен, Шиелі ауданы Нартай Бекежанов ауылдық округінде бірнеше жылдан бері бірде-бір мал ұрлығы тіркелмеген. Себебі бақташысы жауапты. Ауыл-аймақ тұрғындары келісіп, ақшасын жинап береді. «Өзге де аймақ тұрғындары бақташы ұстаса жөн болар еді», – дейді шенеуніктер.
Жоғарыда атап өткен санға көз жүгіртсек, 2017 жылдың ішінде – 379, 2018-дің 7 айында – 297. Бір жылдың мәліметімен 7 айдың қорытындысын қалай салыстыруға болады. Кейінгі 5 айда қанша мал ұрланатыны кімге белгілі? «Мал ұрлығы азайды». Біз осы ерте қуанған жоқпыз ба?
Көлбай Данабай, Арал ауданы, зейнеткер:
– Арал ауданы негiзiнен ауылшаруашылығымен айналысатын аудан. Оның iшiнде мал шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысады. Жыл санап мал басы көбейiп келедi. Мысалы: Түйе 23 мыңның үстiнде, жылқы да осындай 22-23 мың, сиыр 45-47 мың шамасында. Қой-ешкi 120-230 мың. Бұл сандар қысқа түсетiн малдың жобасы. Барлығы – жекенiң малы. Жыл санап, қой-ешкiнiң саны аздап азаюда, оның есесiне түйе, жылқы, сиырдың саны көбейуде. Себеп мал егiнге түседi дейтiн егiн жоқ. Iрi малды ешкiм iзiне түсiп баға бермейдi, көпшiлiгi малды далаға айдап жiберiп, анда-санда сыртынан бақылап қояды.
Мал басының өскенiн жақсы көредi. Қараусыз малды ұры-қары сырттай бақылайды, бiр "сәттi" күнi ұрлайды. Бiздiң жоқ малды iздегенiмiз де қызық, осыдан екi-үш күн бұрын пәленше көріпті, онда аман деген деп шығамыз. Полиция қайда, ұрыны неге ұстамайды деп. Полиция бақташы емес. Ол қоғамдық тәртiпке жауап бередi. Ұрыны iздейдi, бiр-ақ куәгер табылмайды. Көрдiм-бiлдiм деген бiр адам жоқ. Негiзiнде ұры да ауылда, оның сыбайласы да ауылда жұрт бiледi, бiрақ айтпайды. Жазатайым ұры ұсталса, мал иесімен ұры екеуi келiсiп, полицияға арызданбаған болып шығады, ортада полиция достастырып, өзi пайда табады. Өзге малы табылмағандар полицияны қарғайды, ұрыны жасырып отыр дейді. Менiң ұсынысым: бағуда жоқ малды полицияға айтудың қажетi жоқ, әкiмдi жағалап жүретiн, ауылда сондай дау-дамайды шешуге ыңғайлы адамдардан комиссия құру керек. Ұрыны ұстайтын намысты жiгiттерден топ құру керек, қыз-келiншектердi де тартуға болады ақпарат жинауға жақсы. Олар ұрының iзiн тез шығарады. Негiзiнен әкiмдер мал бағуды ұйымдастырса болар еді. Заңды кәсiпкер қылып тiркету қажет. Кезiнде колхоздың, совхоздың малын бақты ғой, оның несi ар.
Өткен жылы оттың басында отырып, "бiздiң микрорайонда бақташы жоқ, мен шықсам қалай болады" десем, әйелім, бала-шағам шулап қоя бердi, "ойбай ол не масқара" деп. Сосын шақтап мал бордақыладым, iстеуге болады екен. Менiкi адалдан ас табу.
Айдар Әмишаев, Арал ауданы Қаратерең ауылының тұрғыны:
– Есен-саулық сұрасқанда "мал жан аман ба" деп сөз бастайтын қазақтың ұрпағымыз. Ауылдың қазағы болған соң əр отбасында ірілі-ұсақты мал басы болары айтпаса да түсінікті. Мал баққанға бітеді! Ал қазір өзекті мəселе "баққандар" емес, адалды арам жолмен жортып жүріп "қаққандар", оңай олжа тапқандар, бір сөзбен айтқанда, мал ұрлайтын ұры-қарылар боп тұр! Басқасын айтпағанда, мен туған ауыл Қаратереңде де мал ұрлығы тыйылмай тұр. Жылқысын, сиырын баспағын, жоғалтып, іздеп жүргендерді көресің, тапқаны онның бірі... Шаршаған жоқ іздеуші "ай кетті-ау", "құртқан ғой желкесінен шыққырлар", "бұйырса келер" деп өз-өздерін жұбатады амалсыз. Жақында бір ағамыздың жылқысын ауыл сыртында жайылымда атып, етін алып тері, ішек-қарнын тастап кете барыпты. Бұл енді елді басынғандық! Учаскелік полиция бар, той томалақтарда, мереке күндері сиренасын қосып алып "дыр-дыр" еткен сигналдарын аямай басып көшедегілерді қуып тарқатып жүргендерін көреміз, "пəленшенің малын тауып, ұрыны ұстапты" дегенді естімеппін. "Өрістегі малымды тауып бер деу қисынға келе қоймас" деп Көлбай ағам айтқандай, бір учасковыйға сеніп отырмай, бұл іске ел болып атсалысып, құныққандарға құрық салып, ел ішіндегі "жеңгетайлардың" "желкесін қию" сол елдегі намысты жігіттердің қолынан ғана келеді деген ой түйдім! Елдегі қарапайым жандардың ақ адал малының арам ниетті қарақшылардың оңай олжасына айналуына тыйым саламыз! Мал ұрлығы бар барлық ауылдардағы намысты азаматтарды осылай жұмыла іске кірісуге шақырамын!
Алтынай Ақбайқызы, Арал ауданы, мұғалім:
– Мал ұрлығы ауылдық жерлерде өзекті мәселе. Оның басты себебі, жайылымдағы малды қажетті бақылау мен қараусыз қалдыру.
Жасалған қылмыстардың «ізін суытпай» ашуына теріс ықпал тигізетіні, тұрғындар малдың жоғалғанын көріп, дер кезінде жергілікті учаскелік полицияға хабарламайды, біраз уақыттан соң табылар деп үміттенеді. Иелерінің өзі көбінесе ұрланған малдын өздігінен іздеп, табылып қалар деген сеніммен уақыт өткізіп алады. Жоғалған мал да ұрылармен бірге ізін суытып, уақытпен ұмыт болып кете береді. Ал мал жоғалтқан адам əрі беріден іздеп таппағасын "басымның садақасы" деп қолды бір сілтейді. Іс-тәжірибе көрсеткендей, қылмыскерлер малды ұрлап, оның көзін тез арада жойып жібереді. Салдарынан айғақтарды іздеу қиынға соғады. Сондықтан малға сенімді күзет, жайылымда оларға тәулік бойы бақылау, оларды бағатын жерді қадағалау – осының бәрі малды ұрылардан аман сақтап қалуды қамтамасыз ететін бірден-бір жол. Сонымен қатар мал ұрлығына жол бермеу мақсатында ішкі істер органдары ауыл тұрғындарына, яғни мал иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тығыз байланыста болу керек.
Бүгінде базар маңында төмен бағада сатылатын зат көп. Арзан бағаға алтын сатылады дегенді де естідік. Шынында, арзан дүниеге өзіміз де үйірміз. Қымбат нәрсе, тиын-тебенге сатылса, жапа тармағай аламыз. Ненің, қайдан келгенінде жұмысымыз жоқ. Ал анығында қолды болған зат болып шыға келеді. Базар ішінде ұрлықтың түр-түрін кездестіресіз. Әмияннан бөлек, киім де қолды болатын көрінеді. Тіпті сатушылардың да бұған бойы үйреніп кеткен. Ұрлық көз алдымызда күшейіп барады.
– Қылмыс әлемінде ұрлықтың үлесі басым. Өңірлердегі пайыздық үлесі одан да жоғары. Мәселен, Алматыда – 73 пайыз, Алматы мен Ақтөбе облыстарында – 71 пайыз, ал Ақмола мен Батыс Қазақстан облысында – 70 пайыздан, – деген еді Қалмұханбет Қасымов баспасөз мәслихатында.
Ұрлық барысында көбіне-көп малды сойып сатқан тиімді екен. Бұл да жиын барысында сөз болды. Қазір көбі қайда ақша бар, қайдан өзіне пайда келеді, сол жағында жүреді. Ұры да сондай. Тегін дүниені алды. Бас пайдасына жаратты. Қажет деген қаражатына сатты. Жәбірленуші бармақ тістеп қалды. Ұтқан тұсы, өзіне ғана олжа болды. Өзіне дейміз-ау, қазір барлық істе жан-жақты адамы яки таныс-тамыры жүреді емес пе? Сізге де бізге де белгілі жайт бұл.
Ауылдық жерде мал ұрлығы, қалада автоұрлық өршіп тұр. Автокөлік ұрлау мен автокөлік мүліктеріне қол сұғу жиі тіркеледі. Ұрылар алған затын техникалық орталықтарда, базарда саудалайды. Бұл факт неге кең таралып отыр дегенге келетін болсақ, бұған бір жағынан адамдардың өзі кінәлі. Олар қандай да бір арзан зат болса болды, соны сатып алуға ұмтылып тұрады. «Неге бұл арзан? Мұның криминалдық іске қатысы жоқ па?» деп ешкім ойлана бермейді, – дейді министрдің орынбасары Рашид Жакупов.
Ұрлық өршіп тұрған тұста, ең бастысы, сақ болу. Полицияға күніңді түсірмеуге тырысу. Ұрлықтың соңын ауыр қылмысқа ұластыра салуы мүмкін жандардан алыс жүру, ерегіспеу: қашан қауіпсіз қоғам құрылғанша, қашан халықтың полицияға деген сенімі оянғанша, анығында, олар қашан елдің сенімін ақтағанша.
Ержан ҚОЖАС,
Мөлдір САБЫРЖАН