ҰСТАЗДЫҚТАН БАҚЫТ ТАПҚАН

Мұғалім мамандығын таңдаған екі жанды таныстырған да, табыстырған да осы − дара жол. Әрине, қарапайым мұғалімдерге іргесі берік оқу орнын құру оңайға соқпағаны анық. Алайда, еңбекқорлық пен табандылық екі жасты мақсатқа жетеледі. Бірге жүріп қуанышты да, қиындықты да еңсерді. Өскелең ұрпаққа білім берер үлкен орта құру арқылы тақыр жерден тау тұрғызғандай сезімге бөленді. Себебі бастапқыда тек он бір мамандық негізінде балалалар дайындайтын оқу орнынан бүгінде жыл сайын үш мыңнан аса маман түлеп ұшуда. Білімі мен біліктілігі ұштасқан мұғалімдер саны да артып келеді.
Оқу орнына мемлекет тарапынан гранттар да бөлініп, студенттердің оқуға деген құлшынысы артып отыр. Уақыт талабымен үндескен білім ошағының бүгінгі әрбір жетістігі Жанұзақ Әбілдаұлы мен Ақкеніш Тәкішқызының орасан зор еңбегі деп білеміз.Жанұзақ Әбілдаұлы өмірде қарапайым жан. Әрбір студентке өз баласындай қарап, жанашырлық танытып жүреді. Өз балаларына жұмыста қатал басшы болғанымен, отбасында ұлағатты, мейірімді әке. Ұлдары мен келіндерін оқу орнындағы лауазымды қызметтерге емес, қатардағы оқытушы етіп қабылдауының өзі әкенің көрегендігі деп білеміз. Ақкеніш Тәкішқызы да әркез азаматына қолдау білдіріп, жанынан табылып келеді. Ұлағатты ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, «Білім беру саласының үздігі» медалімен марапатталған. Ұлағатты жандар қай істе де өздерін білімді де білікті маман, дарынды ұйымдастырушы, қашанда ел мүддесін басты міндет санайтын тұлға ретінде таныта білді. Жемісті еңбек жылдарында алған әрбір марапаттары аймағымыздың білім саласын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесіне берілген лайықты баға деп білемін. Бүгінде зейнет жасына жеткен ардақты жандардың жас мамандарды кәсіби баулып, жол көрсетудегі еңбегі біздер үшін әрдайым үлгі-өнеге.
Лиза РАБАЕВА,Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжінің кітапханашысы.