Жұмысқа тұра алам ба?

Аудан аралап, оқырман жастармен кездесудің бірінде 6-сынып оқушысы «егер мен журналист болсам, сіздерге жұмысқа тұра алам ба» деген сұрақ қойды. Алғашында абдырап қалдық. Дегенмен өзіміз қазір келсе, жұмысқа қазір алатындай, «иә, жақсы жазатын, ойлы журналист болсаңыз, әлбетте, қай жерге болса да жұмысқа тұрасыз» деп қойдық өзімізше. Оқушы да мәз, өзіміз де риза. Бірақ бұл сауал бізді кәдімгідей ойландырды. Өзі ғой, алтыншы сынып оқиды, шынын айтқанда, мұның қатарындағы кей балалар әлі күнге жыламай тамақ ішпейді. Ал, ол жұмысқа қайда тұруды ойлап жүр. Демек бұл оқушының үйінде жұмыс іздеп, әбден шаршаған бір адам болуы мүмкін. Әлде ағасы не апасы оқу бітіріп, түйіндемесін қайда апарса да жұмысқа алмай, үй-іші дастарқан басында отырғанда сол көңіл-күйін айтып, бірге талқылайтын болғаны ғой. Әлде күнде айқайға себепкер, ата-анасынан Құдайдың құтты күні ұрыс еститін, жұмыссыз жатыпішер бар ма екен үйінде? Жұмыс іздеудің мехнатын анық түсінетін бір бала болды өзі. Балалар да тұрмыс салмағын сезініп өсіп келеді.
Ж.САҒИДА