» » Мазасыз ата-ана, маужыраған бала немесе миға түсер мың салмақ

Мазасыз ата-ана, маужыраған бала немесе миға түсер мың салмақ

Жақында әріптесіміз, журналист Алтынай Молжанованың өзіміздің Қызылорда телеарнасында "Репортер ұсынады" атты бағдарламасын көрген боларсыз. Сонда аймақтағы өзекті мәселе – уақыт белдеуі, сағат сәйкессіздігі жайлы кең қозғалды. Бұған дейін де бұл арнада уақыт белдеуіне байланысты бірнеше хабар жасалған. Шынымен уақыттағы ауытқушылық адам өміріне айтарлықтай қауіпті ме? Ұйқыңыз шынымен қанбай ма? Облыс уақыты бір сағат кейінге шегерілсе не өзгереді? Сол бір сағат айырмашылықтың шынымен батпандай салмағын сезініп жүрсіз бе? Пікірлер тоғысын оқып көріңіз.
  Нұрсұлтан Қаражан, Ақпараттық талдау орталығының сарапшы маманы, әлеуметтанушы:
Біздің облыстың сағат тілі уақыт белдеуіне сәйкес келмейді деп жатырмыз ғой. Оның салдарын Рамазан айында сәресіне тұрғанда қатты сезіндік. Оның үстіне уақыттың да уақыты жоқ заманға тап келдік пе, білмеймін, кейде өзіміз күнделікті тірлікпен уақыттың қалай өткенін білмей қалып жатамыз. Оған бізді заман ағымындағы озық технология мен ағылып жатқан ақпараттар жеткізбей ме әлде ол, шын мәнінде, кейінге шегерілді ме? Еуропалық ғалымдар уақыттың қысқармағанын айтса, керісінше, жапондықтар оны 6 сағатқа қысқарды деп отыр.
Меніңше, ең үлкен нығмет – уақыттың қадірін сезінсек те, шынайы өмірде тайм менеджментті жөнді ұйымдастыра алмай жүрген біздей прокрастинаторлар үшін, сағат тілі жергілікті аймақтың уақыт белдеуіне сәйкес болғаны тұрғындар үшін тиімді болар еді.
Көлбай Данабай,  Арал ауданы, зейнеткер:
Табиғи уақыттан ауытқушылық, әрине денсаулыққа зиян, мысалға менiң бiр қызым Талдықорғанда тұрады. Жазда кешкi онда бiзде күн ендi батып бара жатса, олар ұйықтауға даярланып жатады, бiрақ уақыт белдеуi бiрдей, таңғы жеті, жеті жарымда бiрдей тұрамыз. Сағатпен ұйықтауға күн жарық, сағат белдеуi бойынша ол кезде ұйқың келмейдi. Адам ағзасы табиғатпен бiте қайнасқан, шаршап, амалсыз ұйықтамасаң, ұйқың келмейтiнi анық. Сағат белдеуiнiң қателiгi адам қолымен ұстайтын зат емес, бiрақ адамның денсаулығына бiрте-бiрте әсер етерi сөзсiз, үнемi шала ұйқы (жүру) болу қалайда зиянын тигiзедi. Бұл менiң немесе басқаның жеке пiкiрiне қатысты емес. Табиғатты мойындауымыз керек. Бiр керкеткен "осы маған ұнайды" деуi мүмкiн. Сондықтан бұл жерде пiкiр емес, ғылыми дәлел болуы керек, ондай дәлелдi Болат Нұрқожаев бастаған облыстың белсендi азаматтары жеткiлiктi түрде келтiрiп жүр, соған құлақ асып, қолдау көрсетуiмiз керек.
  Болат Нұрқожаев, қоғам белсендісі: Біз түгіл 90 жылдарға дейін әлем ғылымы ұйқыны тек бос уақыт өткізетін кез санаған. Аз ұйықтау еңбекқорлық, жетістік деп білген. Ұйқы – адамның ең зерттелмеген тылсым дүниесі. Ол күнделікті адам ағзасын қалпына келтіріп жөндеп отыратын мезгіл.  Күнде! Біздегі медицина саласы мамандарының бұған күле қарауының бір себебі осы, олар 80-жылғы, тіпті 70-жылғы медицина зерттеуімен, кітабымен оқыды. Әрине оларға көштен кеш қалдым деп мойындау қиын. Қарсыластықтың басты себебі сол. Олардың тіпті қазіргі емдеуі дұрыс емес деуге болады. Біз дәрінің күші жоқ дейміз. Ал ол уақытында адам ағзасындағы рецепторлар қабылдауға дайын болған кезде берілу керек дейді ғалым Рапопорт. Жалпы келешекте  хрономедицина өте ықпалды болады. Хронобиологиямен бірге.
Осылай әртүрлі тақырыпта талқылай беру керек бұны. Той, намаз уақыты, жұмыс, бала денсаулығы, жастардың ашушаңдығы, түнгі өмір, арақ, есірткіге бейімдік, әйелдерге бала дұрыс бітпеуі, бедеулік, белсіздік, аборт, демографияға әсері, есте сақтау қабілеті, интеллект, ажырасу, кәсіпкерліктің дамуы, еңбекке қабілетсіздік, ал ол тағы да көп баланы асырай алуға әл келу, яғни тағы да демография... Денсаулықта барлық гендік ауру, әсіресе, онкология, инфаркт, инсульт, суицид, аллергия, грыжа... Міне, осының әрқайсысына әсерін талдау жасап жеткізу керек! Бұл ұлт қауіпсіздігі проблемасы деп бекер айтпаған ғалымдар...
Бала тәрбиесіне де. Ата-ана жұмыстан өз уақытында шыққанның өзінде сағат 19.00 шығады, жолда жүруі бар үйіне 19.30-20.00 келді дейік. 21.00-ге дейін тамақ істесін, үй жинасын, ас ішсін. Ал балаға таңертең сағат 7.00 тұру үшін 10-10,5 сағат ұйықтау керек болса, ал оны денсаулық сақтау министрлігі, қоғамдық денсаулық комитеті басшысы Жандарбек Бекшиннің өзі айтып отыр, бала 21.00 ұйықтау керек екен. Ал ұйықтатып, тәрбиелеп, сабағын қадағалап көр. Болмаса кеш жатады, ең ертесі сағат 23.00! Таңертең 7.30-ақ тұрсын, сонда бар жоғы 8 сағат 30 минут. Балаға еш әсері жоқ деген Қызылорда жастар денсаулық  орталығының басшысы не айтады бұған?
Айжан Шерипова, зейнеткер:
Менің бір туысым Таразда тұрады, хабарласа қалсам, сағат 10.00-де «немерелер жатып қалды» дейді. Ал біздердікін 10-да жатқызып көріңіз! Мен дəрігер я журналист емеспін, бірақ денсаулық сақтау салаларында бас маман (экономист) болып жұмыс атқарғанмын. Қазір зейнеткермін. Сол кезде уақытты өзгеріссіз қалдырғанда дəрігерлер бұның қариялар мен балаларға, керек десеңіз, жан-жануарға қауіпті екенін жан ұшырып айтып, хат та даярлап жүретін. Сондықтан бұрынғы уақытымызды (1сағат кері) қайтаруды қалар едім.
Мұқағали  Қаршыға,  Жалағаш ауданының тұрғыны:
Біз мектеп табалдырығында жүргенде жалпы уақыт көктемгі уақытта бір сағат алға, күзде бір сағат кері жылжып отыратын. Кейін Астана уақытымен қалып, өзгертілмейтін болды. Қазір Астана қаласымен біздің уақытты салыстырғанда біршама өзгеріс бар. Адам денсаулығына өте зиянды. Бұл жұмыс қабілеттілігіне, өмір сүру ұзақтығына, т.б сол сияқты нәрселерге кері әсерін тигізуі мүмкін. Егде жастағы адамдарға және әсіресе балаларға теріс ықпалы бар. Күз, қыс және көктемде балабақша мен мектеп жасындағы балалар табиғи уақыттан ерте ұйқысынан тұрып, тәуліктің қараңғы уақытында сабаққа бара жатқанын көреміз. Бұл денсаулықпен қатар сабақ үлгеріміне әсер етеді, тіпті кейбір жағдайда қылмыс та болуы мүмкін ғой.  Таң атпай қараңғыда кетіп бара жатқан жоғарғы сынып оқушыларына, оның ішінде қыз балаларға тым қауіпті дер едім. Бетін әрі қылсын, қазір ниеті жамандар көбейіп кетті. Сонымен қатар, ұйқының қанбауы әсіресе жұмыс уақыты кезінде адам миының тез шаршауына, жұмыстағы әсіресе құрылыс саласындағы еңбек адамдары мен  көлік тізгіндегендер арасында жол-көлік оқиғасының артып кетуі де осыған байланысты деп ойлаймын.
  Айжан Айтмамбетова, «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының директоры:
Әрине, сағаттың әсері болады. Ол – түнгі ұйқы. Ұйқы кезінде бүкіл ағза демалады, ал уақытынан ерте оянған адамдардың ағзасы толық оянбайды. Содан ер азаматтар мен әйел затының жүйке жүйесі дұрыс емес, азанымен көлікке мінгеннен бастап көшедегі жайттарға қарсылық білдіруі, балалардың жылап балабақшаға баруы, мектепке баруы бәрі ұйқының қанбауынан. Ал содан балада тамақ ішу уақыты ауытқиды, уақытында тамақ ішпей, қарны ашқанда анадан-мынадан жей салуынан асқазан жұмысы бұзылады. Балаларымызға көңіл бөлу уақыты, сабағына қарайтын уақытымыз бәрі дұрыс емес, себебі режим солай. Мен неге жүйке пен асқазан ауруларын қозғадым. Қазіргі таңда 5 жасар қызымның асқазанынан денесіне аллергия шығып кетті, ол аллергия тек тамақтан емес (соның ішінде тәттілер), ұйқысынан оянғанда жылап, тұрғысы келмей оянса, қышиды. Міне, сол себепті мен қызымды балабақшасына көбіне 10-ға таяу апарамын. Апайларына ескертіп қойғанмын. Айтқым келгені, уақыт – өмір. Тыныш, аурусыз өмір.
Түйін. Пікірлерден байқағанымыздай, Арал мен Жаңақорған арасындағы 800 шақырымды мекендейтін халықтың бар базынасы осы. Ешқандай қаржыға кеп тірелмейтін бұл қисынды ұсыныс неге жүзеге аспайды деген сұрақ сіз бен біздің көкейімізде көптен жүргені белгілі. Айтудайын айтылып келе жатқанына тура 13 жыл болған екен. Айтпақшы, осы жайтқа байланысты облыс әкімдігі жанындағы жұмыс комиссиясы мән-жайды зерделеп, оның ішінде аурулардың статистикасы мен халық арасында жүргізілген сұрау нәтижесінде, сағат белдеуінің бұрынғы шекарасын қайтару қажет деген тұжырымға келген. Ұқсас мәселе Қостанай облысында да бар екенін, бұл өңірде де адамдар өздерін қолайсыз сезініп, денсаулыққа зиянын тигізетін биоырғақтарымен күресіп отырғанына назарға алған бірнеше депутат Үкіметке сауал да жолдады. Таңғы астан бұрын жанталаса киініп, жұмысқа асыққан біздің жұрттың мазасын қашырған сағат сәйкессіздігі деген осы.Аймақтың апшысын қуырған уақыттағы осы бір тұрақсыздық түйіні қиын мәселе болып тұр.
Пікірлерді топтастырған: Ержан ҚОЖАС
Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
13 қыркүйек 2018 ж. 1 079 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031