» » Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады

Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады

    Талғат ДЕМЕСІНОВ, көп балалы әке:

Отбасында әке рөлі қашанда маңызды. Ізінен ерген ұрпағына салиқалы әңгімесін айтып, тәлім-тәрбие беру, жол көрсету олардың басты парызы. Біздің қалада да көп бала тәрбиелеп, қараларына бағыт-бағдар беріп отырған отбасы жетерлік. Соның бірі – Талғат Демесіновтың отбасы. Ол әйелі Ажармен арыстай төрт ұл өсіріп отыр.Жалпы бүгінге дейін аналардың балаларға берер тәрбиесі айтылып та, жазылып та келді. Мынадан кейін осы міндетті әкелер қалай атқарады екен деген ой келді бізге. Осылайша Талғатты әңгімеге тарттық.
– Сөзіміздің басын сіздердің таныстықтарыңыздан бастасақ...
– Мен – Тереңөзектің, Ажар – Қармақшының тумасы. Ажар мектепті бітірген соң алып қашып, 2003 жылы отау құрдық. Содан бері ата-ана ретінде міндетімізді атқарып келеміз. Биыл екеуміздің отасқанымызға – 16 жыл толды. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар тартып келе жатырмыз. Үйленген соң тұңғышымыз Ескендір дүние есігін ашты. Одан кейін Ернұр мен Ұлан және кенжем Нұрсұлтан қуанышымды еселей түсті. Қазір Нұрсұлтаннан басқасы мектепте оқиды. Үлкенім дзюдоға, екеуі қазақша күрес үйірмесіне қатысады.
– Өзіңіз айтпақшы, өмір болған соң жеңілі де, қиыны да қатар жүреді. Мұндай сәтте әйел адам күйгелектеніп, көбіне ашу шақырып жатады. Ал ер адам отбасылық мәселелерді қалай шешеді. Мәселен сіз?
– Бәрін басынан бастайын. Ауылда тұрғанымызда жағдайымыз тәп-тәуір болды. Материалдық тұрғыдан ешқандай қиындық көрген емеспіз. Бірақ бөлек шығып, қалаға келген соң пәтер жалдап, анда-мұнда көшіп жүрдік. Сонда жиі ұрысып қалушы едік. Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Көп мәселе қаржыға келіп тірелетін. Бірақ әйелім қазіргі жастардай ала дорбасын асынып, үйіне кетіп қалған жоқ. Не болса да екеуміз кез келген істе сабыр танытып, ақылмен шешіп отырдық. Негізі үйлі баранды жандар барға қанағат, жоққа сабыр қылса және өзара түсініссе түйіні көп нәрселерді шешуге болады. Екеуміз күндіз-түні екі жұмыс істеп, бала-шағамызды ешкімнен кем қылмай өсірдік. Осылайша 2015 жылы тірнектеп жүріп, үй де сатып алдық. Аллаға шүкір. Қазіргі күйіміз жаман емес.
– Пәтерде тұрдым деп қалдыңыз. Соңғы жылдар әйелі ерге, ері жерге қараған кез болды ғой. Табыстың аздығы және төрт баламен аядай ғана екі бөлмеде тұру қиындық туғызбады ма?
– Оның рас. Қиын кезеңдер болмады емес, болды. Қазақта: «Бір қозы туса, өрісте бір тал жусан артық шығар»  деген ғой. Шынымен әр баланың өз несібесі бар екен. Әйелім үшінші ұлға аяғы ауырлап, декретте отырғанда қысқартылып, жұмыстан мен де шығып қалдым. Үйде бір айдай жатып қалдым. Бір күні Құрманбек деген таныс кісі хабарласып, электрик жұмысын ұсынды. Қазір қарамағымда алты адам бар, бірге жұмыс істейміз.
– Енді бала тәрбиесіне ойыссақ. Балаға кім көп көңіл бөледі?
– Әрқайсымыздың өзіндік міндеттеріміз бар. Ажар көбіне балалардың сабағы, киім-кешегі мен тазалығына қарайды. Ер бала болған соң олардың адами тұрғыда, ер адамға тән қасиетті бойына жинауына өзім жиі араласамын. Кім де болса  әкеден шамалы сескенеді ғой. Жалпы, баланы бағып-қағу оңай шаруа емес. Оларды оқыту, мақсат-мұратына жеткізіп, биік шыңға шығуына баспалдақ болатын – ата-анасы. Сондықтан сол міндетімізді орындау үшін олардың жүріс-тұрысы мен әңгімесіне селқос қараған кезіміз жоқ. Кезінде әкем мен шешем іні-қарындасымызға қандай тәрбие берсе, мен де соны балалардың бойына сіңіруге тырысып жатырмын.
– Сонда ер баланың тәрбиесін неден бастау керек?
– Мен қолым тисе балаларыма кітап оқытам. Өзім мектепті қарық қылмағанмен, жас кезімде әдеби кітаптарды жақсы оқитынмын. Ұлдарыма жасына сай кітап оқытып, бабалардың ерлік хиқаяларын әңгімелеп беремін. Олардың көзі ашық, көкірегі ояу әрі патриот адам болғанын қалаймын. Мұнан бөлек қай істі қалай істеу қажет немесе қай жерде қалай сөйле керектігі жөнінде ақылымды айтып отырамын. Адамды жақсы да, жаман да ететін тәрбие ғой. Жастайынан бойына жақсылықты сіңіріп өскен адам қор болмайды. Жеке басым ұлдарыма «сен оңбайсың» немесе «жұрттың баласына қарашы» деген емеспін. Жас баланың бетін қақпа, белін бу демей ме халқымыз!!
– Қаланың балалары көбіне жұмыс істемейді ғой. Сіз ұлдарыңызға жұмыс істетесіз бе?
– Әрине. Ел арасында «Ер баланы алты жасқа дейін хандай сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген тәмсіл бар. Меніңше, бала кезінде ұлдың жұмысы, қыздың шаруасы деп бөлген дұрыс емес. Ата-анасына көмектескісі келсе, қолын қақпау керек. Істегісі келмесе үйреткен жөн. Өзім сөйтемін. Негізі үлгі тұтатын әке болсаң, бала да қолдаушы болады ғой. Ұл бала ерлерге тән жігіттік мінез-құлықты бойына әкеден сіңіреді. Қыздар – анасына, ұлдар – әкесіне еліктейді. Мен олардың жан-жақты болғанын қалаймын. Кілең ұл бала болғасын отын жарып, көмір тасып т.б. шаруаларды істейді. Бірақ ара-тұра тамақ әзірлеу, үй жинау сияқты әйел адамның да шаруасымен айналысады. Сіз айтқан қаланың ақ саусақ баласы болмас үшін оларға бәрін үйретіп жатырмын.
– Соңғы сауал. Төрт ұлыңызға нені өсиет етесіз?
– «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді ғой. Үйде өзімнің білетін бар өнерімді үйретем. Оларды «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт қылып өсірсем деймін. Балаларыма осы бастан «сен болашақ осы шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, келешек отбасыңның асыраушысысың, мойныңда үлкен міндет бар» деп құлағына құйып жатырмын. Өзгенің ала жібін аттамауға, үлкенге құрмет көрсетуге, адамгершілік қасиеттерін нығайтуға қолымнан келгенше тырысып жатырмын. Не ексең, соны орасың. Мұндай тәрбие еш кете қоймас деген үміттемін.
Кейде баласымен қосылып арақ ішіп, не «әкең, шешең» деп боқтасып керілдесіп жатқандарды көзің шалады. Ал Талғат секілді ер адамдарға қарап, өзгеше ой түйесің. Адами қасиеттен алыстамас үшін берген тәлім мықты болу қажет. Ұрпақ тәрбиесі – ұлтымыздың тәрбиесі. Сол үшін әр адам өз баласын тәртіпті, білімді, еңбекқор болатындай қылып тәрбиелесе игі. Себебі мынау ұлан байтақ атырап пен ұлтымыздың болашағы – сол жас буынның қолында.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ
15 наурыз 2019 ж. 2 927 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031