Бір кем дүние

   Бірде ауылдық жерде тұратын досымның үйіне бардым. Күн найза бойы көтеріліп қалған шақ еді. Дастарқан жайып, ет асып, қонақ қылды. Керемет демалдық. Көкжиекке күн құлаған тұста досымнан таза ауамен тыныстап, өз ауылын аралатып, көрікті жерлерін көрсетуін сұрадым. Бірнеше көшені кесіп өттік. Біраз жер жүріп тастаппыз. Ауыл шетіндегі бақтан өте бергенде хан сарайындай үлкен үйге көзім түсті. Биыл салынғаны көрініп тұр. Жап-жаңа. Қасындағы қаз-қатар тізілген басқа үйлерден өзгеше. Досыма қарап, "үйді әдемі салған екен" дедім. Бірақ жанында бір беті бұзып алынған, көне бір үй тұр. Үйге тесіле қарап тұрғанымды байқаған досым «ол опасыздың үйіне бақ қонбайды» деді. Ол екі үйде де бір әулеттің адамдары тұратынын жеткізді.
Барлығы былай басталған. Әлгі зәулім үйде Ермек пен Ажар есімді жұбайлар тұрады екен. Отау құрғандарына 10 жылдың шамасы болса керек. Әуелгіде Ермек анасы Әлимамен кеңестік кезеңде салынған үйде тату-тәтті өмір сүрген. Кейін Ермек Ажарды жолықтырып, отау тігеді. Ортада бірнеше жыл өткенде анасы баласының өзгеріп жүргенін байқайды. Баяғыдай көп сөйлеспейді. Айтқанына құлақ аспайды. Тіпті кей-кезде ішіп келіп, шешесіне қол көтере жаздайды екен. Әрі-бері баласы есін жинар десе, одан сайын кері тартып, бәрі шиленісе түседі. Ажар да енесіне алғашқы келін болып түскен кезіндегідей ас дайындап, қас-қабағына қарамайтын болған. Уақыт өте барлығының артында келіні тұрғанын сезген шешесі, баласының бақыты үшін үндемейтін. Тура екі жылдан соң баласы ақша жинап, көрші үйді сатып алады. Ұзап кеткісі келгенімен одан өзге үйді сатып алуға қалтасы көтермеген. «Әйтпесе ауыл асып кеткісі бар еді» дейді досым. Содан бері Әлима апа жалғыз қалған.
Баласы бір шарбақтың ішінде тұрса да, баласы «шешем» деп отын-суына жәрдемдеспейді екен. Әлима апа ұлы мен келінінен қайыр болмағасын зейнетақыдан алған ақшасын бір айдан келесі айға әрең жеткізіп отыр. Досымның айтуынша, анда-санда ауыл адамдары қол көмек беріп тұрады. Ауылдың ақсақалдары мен тел қозыдай тебісіп өскен қатарлас құрбы-құрдастары Ермекке қанша рет «Жалғыз шешең ғой. Қолыңа алсаңшы!» деп ақыл айтқан-ды. Алайда ешбірін тыңдамаған. Әйелінің айтқаны заң. Кезінде екі әріптің басын қоса алмайтын Ермек саудамен айналысып, қалталы азаматқа айналған. Дүкен ашқан. Темір мен мыс қабылдайды. Жем мен көмір сатады. Жалпы, ауылдағы нағыз кәсіпкер – сол. Қазір анау-мынау адамның сәлемін әрең алады.
Қазір Ермек пен Ажар үш ұл, бір қыз өсіріп отыр. Бала үйде көргенін істейді. Алдағы өмірде оларға жол бастау болатын да ата-ана. Ал жалғыз шешесін далада қалдырған адамнан бала не тәрбие алады?    Ондай ұлдан не қайыр? Қазақта «атаңа не істесің, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Жас кезде күш пен қуат бар. Күн көріп, аяқтан тұратындай жағдай жасап алуға болады. Алайда қарттық тақалған шақта бойдан әл кетеді ғой. "Түн ұйқысын төрт бөліп, сәл ұзаса алаңдаған шешесі алдындағы парызын қартайған шақта өтемесе, қай кезде өтейді" деген ойдың құрсауында қалдым. Бір кем дүние.
Ақтілек БІТІМБАЙ
30 қаңтар 2019 ж. 739 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031