«Ақ отау» келіндер клубы
Zhas Project

Нұрзия Ниязбекова, жоба көшбасшысы:
– Статистика мәліметіне сүйенсек, еліміздегі әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады екен. Әсіресе, мамандар 2017 жылдың алғашқы екі айында ажырасу саны едәуір өскенін мәлімдейді. Осы екі айдың өзінде 21,6 мың жас некелессе, олардың 8,2 мыңы ажырасып үлгерген. Бұл сандар елімізде тірі жетімдер санының артқанының дәлелі. Бұл көрсеткішті азайтуға қандай да бір үлес қосамын деп, ойлана келе, отбасы ұйытқысы саналатын қыз-келіншектердің басын қосатын орталық ашуды көздедім. Инстаграм парақшасы арқылы «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасымен таныстым. Жобамды жүзеге асыруға таптырмас мүмкіндік беретініне сендім және арманымды жүзеге асырдым.
Ілияс Сұңғат, топ мүшесі:
– Мемлекет басшысы Жолдауында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық берді. Оған дәлел – «Zhas Project» жобасы. Аталған жоба аясында тәжірибелі сарапшылардан кәсіптің қыр-сырын үйреніп, идеямызды жүзеге асырдық. Негізгі мақсат – отбасылық өмірге қадам басқан жас қыздарға, тұрмыстағы қыз-келіншектерге психологиялық, танымдық, рухани көмек беріп, алдағы қиыншылықтарға төтеп беруге иммунитет қалыптастыру. Жоба психологиялық кеңеспен шектелмейді. Жоспар бойынша үлгілі отбасылар өз тәжірибесімен бөлісіп, көпті көрген әжелер ақыл айтып, үлкен өмірге дайындайды. Айта кетейік, мектеп қала орталығындағы Ғ.Қазантаев көшесі 31-үйде орналасқан.
Ардақ Ғалымбекқызы, топ мүшесі:
– Бүгінгі кезеңнің жаңа келбетін қалыптастырушылар – жастар. Олардың креативті идеялары, тың бастамалары қоғамға серпіліс әкелді. Біздің де отбасы құндылығын насихаттайтын мектеп сол жаңашылдыққа жатады. Келіндер мектебінің Сыр өңіріне не қажеті бар дейтіндер бар. Бұл қате түсінік. Себебі, отбасылы өмірге қадам баспай тұрып, қыздарға психологиялық кеңес беру маңызды. Отбасында кездесетін түрлі мәселені сабырмен шешуге, қиындықты күресе білуге дағдыландыру қажет. Сонда ғана отбасы беріктігі сақталады.
Бүгінде «Ақ отау» келіндер клубына 10 келіншек тұрақты тіркелген. «Ақ отау» келіндер мектебі «Дағдарыс», «Ана мен бала», «Аналар үйіндегі» қыз-келіншектерге қолдау көрсетуге, аталған орталықпен бірлесе жұмыс істеуге әзір. Одан бөлек, келушілерге өз кәсібін бастауға бағыт-бағдар беріледі. Яғни, тоқыма тоқу, тігін тігу, аспаздықтың қыр-сырына қанығады. Сондай-ақ «Zhas Project» бағадарламасы аясында ашылған әлеуметтік жобалар 1 жылға бекітілген. Дегенмен, «Ақ отау» мектебі жобасының авторлары жобаны аяқсыз қалдырмау мақсатында «Келіндер» қоғамдық қорын құрып, әлеуметтік жобаның тынысын кеңейтпек.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА