» » ҚАЗАҚ ГИМНАСТИКАСЫНЫҢ ҚУАТЫ

ҚАЗАҚ ГИМНАСТИКАСЫНЫҢ ҚУАТЫ

 
Тұмар Тұрғансейітова ‒ «Айкуне» гимнастикалық орталығының Қызылорда қаласындағы құрылтайшысы. Ол бүгінгі материалда омыртқа ауруларын емдейтін орталықты біздің қалада ашу себебін, бүкірейіп жүрудің зиянды тұстарын, гимнастикалық жаттығудың адам ағзасына пайдасын айтып берді.
Орталық қалай ашылды?
‒ Кезекті еңбек демалысымда Тайландқа саяхаттауға бардым, ол жақтағы қонақүйлердің балконында үлкен бассейн орналасқан еді. Алайда біз сәл ескі нөмерге түсіппіз, бірде бассейннен шығып келе жатып, аяғым тайып кетті де, мен жерге құлап кеттім. Ол жерде ешқандай ұстап қалатын дүние жоқ еді, солай омыртқам мен аяғымды қатты зақымдап, сындырып алдым. Ауруханада дәрігерлер қолынан келген емін аянып қалмады. Тіпті бір жыл ішінде аяғыма жеті операция жасалды, бірақ сынған сүйекті қалай құрастырса да қалпына келе қоймады. Солай дәрігер көмегінен бөлек халық арасындағы аты танымал сынықшы, емшілерге көрінуді жөн санадым, бірақ мен оларға осы кезге дейін мүлде сенбейтінмін. Бірде инстаграм әлеуметтік парақшасын қарап отырып, Абай Ағатұлының  қазақы гимнастикасын көзім шалды. Бастапқыда сынған аяғымды қисық басып, күніне әрі кетсе жиырма минут қана жаяу жүре алатынмын. Оған қоса маған сколиоз яғни, омыртқаның қисаюы сынды диагноз қойылған еді, аяғымды қисық басқан кездері омыртқам бұрынғысынан бетер орнынан жылжып  кетті. Мен Абай Ағатұлының кеңесін алуды төрт ай күттім, ол кісі Еуропа, Ресей қалаларын жиі аралап, сол жақтағы орталықтардың жай-жапсарын бақылайтын. Білесіз бе, сол кісінің қабылдауында болған алғашқы үш сағатта мен аяғыма толықтай тұрып, жүре бастадым. Одан кейінгі ем қабылдау кезінде ол кісі омыртқа ауруларын емдейтін «Айкуне» орталығы бар екенін және менің аяғыма жеңіл болу үшін алдымен  омыртқаны түзету керегін айтты. Мен солай «Айкуне» орталығында үзіліссіз гимнастикаға қатыстым, кейін Абай Ағатұлы мені өзінің көмекшісі ретінде жұмысқа алды. Одан кейін Қызылордада осындай орталықты ашуыма қолдау білдірді. Бұл ‒  негізі франшиза, ең алғаш Ресейде патенттелген гимнастикалық жоба. Қазір Ресейдің бір қаласының өзінде 15-20 орталығы ашылған «Айкунеге»  биыл жиырма жыл толады.
Омыртқа ‒  адамның тірегі
‒ «Айкуне» ‒ халық емі емес, гимнастикалық емдеу орталығы. Негізі мұндай орталықтар Қазақстанның барлық өңірінде бар. Тек еліміздің Қызылорда, Петропавл қаласында болмады. Ол жерде ең бірінші омыртқа ауруларын, яғни сколиоз, остеохондроз, сүйіктің қажалуы сынды ауруларды гимнастикалық жаттығулармен емдейді. Омыртқа ‒ адам ағзасының тірегі, себебі әрбір омыртқаның соңынан жүйке жүйесі жалғасады, яғни мойын омыртқасынан басқа белгі (сигнал) беретін, көкірек тұсынан қолдың қозғалысын қалыпқа келтіретін, ішкі ағзаларға белгі беретін жүйке тамырлары орналасады. Ал бел бөлігінен аяқ буындарына әсер ететін жүйке талшықтары өтеді. Күнделікті өмірде  адам бүкірейіп жүрсе омыртқаның ішкі жағында орналасқан жүйке талшығы қысыла бастайды. Содан аяқ-қолдың жиі ұйып қалу процессі пайда болады, себебі жүйке талшығы ағзаларға толығымен белгі бере алмайды. Міне, осыдан келіп қан айналым жүйесі бұзылады. Мысалы, көп жағдайда жүрегі ауыратын адамның қолы ұйып қалады, өйткені оның омыртқасындағы жүйке талшығы қысылып қалған.
Біз ең алдымен омыртқаны созу арқылы қан айналымды жақсартамыз. Қан айналым дегеніміз – мидың демалуы. Миға оттегі таситын қан ғой, қан айналым дұрыс жұмыс жасаған кезде адамның ұйқысы реттеледі және жүйке жүйесі тынышталады. Ал мойын омыртқасы зақымдалған адамның желке тұсы бүкірейіп тұрады, ондай кісілердің мойнындағы жүйке талшықтары қан тамырымен бірге қысылып қалған. Соның әсерінен омыртқа үстінде май жасушалары пайда болады да, оның салмағы тамырға күш түсіріп, қысып тастайды. Жалпы халықтық атаумен арқаға тұз жиналды дейміз ғой, бірақ ол суықтан бұрын мойын омыртқасының қозғалып кетуінен пайда болады. Тері мен еттің арасына алдымен май жиналады, майдың көлемі үлкейген сайын салмағы  ауырлай береді. Ондай адамның миы демалмайды, сондықтан жиі ашуланып, әлсіз, тершең келеді, оған қоса ұйқысы сергек болады. Жалпы ұйқының да бірнеше фазасы болады, алғашқы 20 минут  жоғары фаза уақыты, яғни сен кішкене дыбыстан оянып кетесің, ми әлі де сигнал қабылдап тұрады. Ал миды толықтай өшіру үшін адам терең ұйқыға кету керек.
Екіншіден, қан айналымды дұрыстау – жүрек жұмысын жеңілдету деген сөз. Егер адам аз қозғалыс жасаса, сондай-ақ қан құрамында холестерин мөлшері көбейсе  қан қоюлана бастайды. Оны ағзаға тарату үшін жүрек өзіне көп күш түсіріп, жиі жиырылады. Осыдан кейін инфаркт, инсульт сынды аурулар пайда болады. Гимнастикалық жаттығу жүрекке  қалай әсер етеді? Қантамырлар еттің арасынан өтеді ғой, егер біз арқамыздағы қалың бұлшықеттерді  жаттығу арқылы шынықтырсақ, онда қанайналымды жылдамдатуға жүрек қызметінен бөлек, қосымша бұлшықеттер де жәрдемдесетін болады.
Жаттығудан кейінгі нәтиже
‒ Біздің орталықта ешқандай аппарат қолданылмайды, себебі гимнастикалық жаттығулар спортқа көбірек келіңкірейді. Жалпы «Айкуненің» төрт түрі бар: базалық, классика, арнайы курс және волейбол курсы. Жаттығулар көбіне орындықта отырып орындалады. Базалық деңгейдегі жаттығулар  омыртқаның иілгіштік қабілетін қалпына келтіруге арналады. Келушінің белі, жүрегі немесе басы ауырса да алдымен осы жаттығулар орындалады. Айта кетейін, біз диагноз қоймаймыз және дәрі-дәрмек қолданбаймыз.
Ал біз науқастың дертінен толықтай айығып кетуіне қалай кепілдік береміз? Логикаға сүйеніп ойлансаңыз, адам бүкірейіп жүру арқылы жүйке жүйесін зақымдайды, одан бөлек әр омыртқаның арасында пластина болады, адам бүкірейген сайын пластинаның бір жағы желініп, артқы бөлігі қалпында тұрады. Пластина желінген соң, сүйек бір-біріне қажала бастайды, сүйек қажалған соң арасына ет қыстырылады немесе сүйек ішіндегі сұйықтық сыртқа шығып кетеді. Сондықтан сүйекті қалпына келтірсең жаңағы сұйықтық қайта орнына толады.
 «Айкунедегі»  курс тәулігіне бір сағаттан он күнге созылады. Бірақ әр адамда нәтиже әртүрлі уақытта білінеді, мысалы, кішкентай балаларда оң өзгеріс тез көрінеді. Қазір балалар арасында да омыртқа аурулары  көп қой, мысалы, олар партада түзу отырмайды, телефонды бүкірейген күйде жиі ұстайды немесе бассүйек қысымы (черепной давление) деп диагноз қойып  жатамыз. Мұның бәрін қалпына келтіруге болады, әсіресе баланың омыртқасы қисайғанда оны түзеу оңай, себебі сүйектері жұмсақ, ал омыртқасы әлі бекімеген. Ал үлкен кісілердің омыртқасын түзеу сәл қиынырақ, әсіресе ер адамда.
Жаттығудың тағы бір пайдасын айта кетейін. Әдетте қыз-келіншектер салмақ тастау үшін жаттығу жасап жатады ғой. Жалпы адамның дене пішімін ұстап тұратын майлардың  негізгі бөлігі судан тұрады. Мысалы, адам арықтаймын деп жаттығу жасаса көп терлейді, сол кезде дене пішімі де біртіндеп қалыпқа келе бастайды. Оны келесідей мысалмен түсіндіруге болады. Әрбір май жасушасының арасында ыдырамайтын сулар жинақталады, адам жаттығу жасай бастаған кезде, қан айналым процесі  қарқынды болады да қатты терлейді. Сол кезде денеден ыдырымаған сулар тер арқылы шыға бастайды.
Сосын мұндай жаттығуларды үзбей жасаған кезде адам  бойы 3-4 см-ге ұзарады. Біздің тәжірибемізде бойы 9 см-ге ұзарған тұрғын болды. Оның басты себебі, ол мойнын алға жіберіп, әбден бүкірейіп жүруді әдетке айналдырған, ал гимнастикамен айналысқан кезде бүкірейген омыртқа түзеліп, тиісінше адам бойы ұзарған.  
Біз орталыққа келген адамды алдымен суретке түсіріп аламыз. Арада бір курс өткен соң нәтижені сурет арқылы салыстырамыз. Адам өзіндегі өзгерісті қатты байқамауы мүмкін, ал суретті көрген кезде айырмашылықты анық аңғарады.  
Атқа міну мәдениетінің үлгісі
‒ Қазір орталықта өзімнен бөлек екі қызметкер таңертеңгі 09.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жұмыс жасайды. Келушілер алдымен сынама сабаққа кіреді, егер ұнаса әрмен қарай курсты жалғастырады. Өткен айда бізде қырыққа жуық тұрғынға қызмет көрсетілді.
«Айкуненің» негізін салған Абай Ағатұлының жаттығу әдістері қазір әлемге танымал. Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз аттың үстінде жауға аттанып, тіпті ертоқым үстінде ұйықтаған кездері де болған. Сол кезде ерлер үшін ең маңыздысы аттың үстінде дұрыс отырып үйрену еді, себебі атқа бүкірейіп міне алмайсың ғой. Неге ертоқымның артқы бөлігі көтеріңкі? Өйткені ол да адамның  тік отыруы үшін арнайы жасалған. «Айкунедегі» жаттығу үлгісі осы атқа міну мәдениетінен алынған, яғни бел омыртқаны ішке қарай тартып, көкіректі алға қарай бағыттайсың. Үзеңгіге аяғыңды салған кезде аяғың 900-та тік болып тұрады ғой, орталықта да келуші тегіс орындыққа тура солай жайғасады.
Гүлдана ЖҰМАДИН
04 тамыз 2019 ж. 1 964 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930