СЫНЫҚШЫ НЕГЕ АЗАЙДЫ?
«Спорт залды шынығып жүргенімде аяғым тайып кетіп, тобығымды шығарып алдым. Сынықшы табудың қиындығын сол кезде түсіндім. Таныстарым бір-екі сынықшының нөмірі мен мекен-жайын берген. Хабарласып ала алмаған соң берілген мекен-жайға бардым. Сынықшының бірнеше ай бұрын қайтыс болғанын айтты. Бұл жағдай екі рет қайталанды. Әйтеуір бір сынықшыға жолықтым. Жасы 70-тен асқан. Содан не керек, тобығымның сүйегін орнына салып, ем аяқталған соң «10-12 мың теңге болады» деді. Қалтамда бары 5-6 мыңға жетер-жетпес қаражат ғана. Дегенмен емнің ақысын беру – науқастың парызы. Таныстарыма хабарласып, тиісті мекен-жайға ақша әкелуін өтіндім», – дейді қала тұрғыны Ердос Қуанышбайұлы.
Бала күнімізде талантты сынықшылардың майдаланып сынып кеткен сүйектерді де қайта орнына салғанын талай көрдік. Хирург, травматолог, нейрохирургтің қызметін қатар атқаратын сынықшылар, шынында да, сиреп кеткені рас. Бұл сынықшыларға деген халық сенімінің жоғалғанын білдірмейді.
«Жақында жер тайғақта жамбасыммен құлап, сегізкөзімді сындырып алдым. Содан тиісті ем-домды алып, рентгенге түстім. Дәрігердің өзі пәлен деген сынықшыға бар деп бағыттады. Бұл сынықшылардың қоғамдағы және медицинадағы орнын айқындайды», – деді Жанболат Абзалұлы.
Бұрын әр ауылдың өз сынықшысы болатын. Ал қазір май шаммен іздейтін халге жеттік. Оның бірден-бір себебі атадан-балаға даритын қаситетті жалғастырар ұрпақтың жоқтығынан болар. Яғни шәкірт тәрбиеленіп жатқан жоқ. Бұлай жалғаса берсе, алдағы 20 жылда бұл өнердің жойылу қаупі басым.
Бұл жайлы: «Сынықшылық өнер атадан-балаға қонатын қасиет. Оны кез келген адам меңгере алмайды. Менің арғы аталарым сынықшы болған. Сол қасиет маған дарыды. Жас болғандықтан шығар мен бұл жолды ұстанғым келмейді. Өзімнің жиһаз жинайтын кәсібім бар. Қызығушылығым сол салаға басым. Бірақ кейде жақындарым мен туыстарым жазатайым аяқ-қолын шығарып алса, орнына салып беремін», – деді Қанат Бижанов.
Бір қызығы, жуырда басылым бетінен қытайлардың қазақтың осы бір сынықшылық өнеріне қызығушылық танытып, зерттеп жатқанын оқыдым. Қытай ғалымдары қазақтың сүйек бітістіре алу қасиетін жоғары бағалайды екен. Егер бұл өнерді меңгерсек, үлкен кәсіп көзіне айналатынын алға тартады. Өкініштісі, өзіміздің осындай қасиетімізді бағаламай, өзгенің емшілік өнеріне таңғалып, бас шайқап жүре берсек, барымыздан айырылып бармақ тістеп қалуымыз мүмкін.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА