Елбасы «бесінші революцияның» келе жатқанын айтты
Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен кеңейтілген Үкімет отырысы өтіп жатыр. Баяндама арасында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жолдау туралы әзіл айтып берді. Әзілге жауап ретінде Елбасы бесінші революцияның келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы «Атамекен» ҰКП жұмысына оң баға берді.
«Осы жерде өте жақсы жұмыс жасап жатсыңдар. Әр ауылда, барлығы біле бермейді. Бизнесті қалай бастау керек, несиені қалай алу керек, қай жерге бару керек, қалай салу керек. Осыны сендер қазір оқытып жатырсыңдар. Қанша адам жаңа бизнес ашты?», - деп сұрады мемлекет басшысы.
Абылай Мырзахметов бизнес ашамын деушілерге берілетін микрокредиттер санының жеткіліксіз екенін баяндады.
«3100 жаңа бизнес ашылды. 8000-ы бизнес жоспарларын қорғады, бірақ бәріне микрокредит жеткізе алмадық. Оны Үкіметпен келісіп, осы жылдың бірінші тоқсанында қарарстырамыз», - деді ол.
Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуға әкімдер қолдау білдіру керегін айтты.
«Әкімдердің барлығы осы жұмысты қолдау керек. Өз-өзін жұмыспен қамтығандардың бәріне жұмыс беруге болады, солай ғой? Бәріне микрокредиттер береміз, жергілікті жерлерде қолдаймыз. Шағын бизнес, шағын бизнес деп алақанға салып жүрміз. Солардың бәрін көбейтуіміз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.Сол сәтте «Атамекен» ҰКП басқармасының төрағасы Елбасығы әзіл айтып берді.
«Цифрландыру туралы жақсы айтып кеттіңіз. Жалпақ тілмен түсіндірдік. Жақын арада Қызылорда облысында облыс әкімі бизнесмендерді жинап төртінші революция туралы жиын өткізді. Жиыннан шыққан соң аудан азаматтары «бірінші, екіншісінде ұйықтап қалғанбыз ба, төртінші революция келіп қалыпты» деп айтады екен. Күліп айтып жатыр, бірақ оларға түсіндіріп айттық», - деді ол.ҚР Президенті әзілге «Енді 5-шісі келе жатыр қазір», - деп жауап берді.