» » РАДАР, ЖЕТОНБЕЙНЕ ЖӘНЕ ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ

РАДАР, ЖЕТОНБЕЙНЕ ЖӘНЕ ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ


Жол қауіпсіздігі үшін кейде өз өмірін қатерге тігіп, жүргізушінің бейғам әрекетін бақылауға алатын полицейлер жұмысының қаншалықты қиын әрі қауіпті екені баршаға аян. Сондай жауапты жұмыс жүктелген, түрлі оқыс оқиғалардың басы-қасында жүретін бұл мамандық иелерінің бір күндік қызметі бізді де бей жай қалдырмады. Оны айна-қатесіз көрсетуді көздейтін журналист қауымы бірлескен рейдке шығуға бел буды. Жанымызда ОІІД баспасөз хатшысы Бақыт Бетібаева,  ҚІБ, ЖПБ 1 рота, 1 взвод командирінің орынбасары Бектұр Сәтенов, қызмет инспекторы Қуанышбай Әлібаев пен лейтенант Әміржан Тұңғышбаев болды. Негізгі бағытымыз көлік қозғалысы көп болатын қаланың орталық аймағы. Рульді басқарып отырған Қ.Әлібаев көлік жылдамдығын бақылайтын радарды іске қосып, қарама-қарсы қозғалыстың жайын назарға алды. Жалпы радардың шығу тарихына үңілсек, құрылғы екінші дүниежізілік соғыс кезінде Совет және Британ зерттеушілері ойлап тапқан екен. Қандай мақсатта дейсіз ғой, қарсыластарының техникалық көліктерін радиотолқын арқылы қайда екенін анықтау үшін қолданысқа енгізген. Бұл құрылғы кейіннен ықшамдалып, 1954 жылы Америка полицейлері алғаш болып жұмыс бағдарына қолданды.  Біз де радар жүйесіне зер салып отырмыз. Әрине арасында әңгімеге тартып қоямыз.
 – Қазір қалада 143 мың көлік бар. Әрине бәрі тап-тұйнақтай  жол жүру ережесіне жауапкершілікпен қарай бермейді. Соның айғағы жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзғандар саны 118618-ге жетті. Бүгінде қызметтік жауапкершілікті сезіну мақсатында жаңа технология енген. Оның бірі– жетонбейне деп аталады. Бұл құрылғы көлікті тоқтатқаннан бастап іске қосылады. Көлік жүргізуші мен жол полициясы қызметкері арасындағы диалог нақпа-нақ жазылып алынады. Өмір болған соң жүргізушілер тарапынан мінез көрсетіп, тәртіпке бағынбау әрекеті кездеседі. Мұндай сәтте жетонбейненің көмегі көп. Жазылған бейнесюжет басшылықтың бақылауында тұрады. Одан біздің сөйлеу әдебіміз де назарға алынады.  Қалай болғанда да біздің міндет – көлік қозғалысын реттеп, оқыс оқиғаға жеткізбеу талабы. Сондықтан күн-түн демей қызметте қырағылық танытуға тиіспіз. Өйткені көлік жауапсыздыққа көнбейді, – дейді
Шыны керек, сырт қарағанда олардың жұмысы жеңіл көрінеді. Ал, кейіпкер кейпіне енгенде бұл көзқарас мүлдем басқаша екенін аңғардық. Тәртіпке бағынғысы келмейтін, көлік басқаруды «өзім білемге» салатын жүргізуші де жетерлік. Соларды тәртіпке шақыру, тиісті шара қолдану полиция өкіліне оңай емес. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптабында жол жайын қадағалаудың да қиындығы  бір әңгіме.
Полиция дегеннен шығады, қасымдағы Бектұр Сәтенов нағыз батырдың өзі екен. Ол оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын болған еді. Әйтеке би көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің бірінен газ баллоны жарылып, өрт шығады.  Оқиға орнына тап келген ол дереу адамдарды аман алып қалуға кірісіп кетті. Өрт бет қаратпайды, жалыны күшті. Бұдан тайсалмаған қайсар жігіт бірнеше кісіні ажал аузынан аман алып шықты. Ерлік ескерусіз қалмады, Елбасы Жарлығымен оған «Ерлігі үшін» медалі тапсырылды.
Біз Желтоқсан көшесіне түстік. Әдеттегідей көлік ерсілі-қарсылы. Осы сәтте жылдамдығын еселеген жүргізуші радар бақылауына ілінді. Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатуға тура келді. Құжаттары тексерілді және белгіленген тәртіпке көнбей, көлік жылдамдығын арттырғаны үшін 22 мың теңге айыппұл салынды. Осы арада бір ескеретін жайт, айыпты жүргізуші тиісті төлемді бір апта ішінде төлеген жағдайда 12 мың жиырма бес теңге төлеу жеңілдігі бар.
Келесі аялдама Байтұрсынов көшесінде болды. Бұл жерде жол жүру ережесін жеңіл бұзу фактісі бойынша бір жүргізушіге ескерту жасалды. Взвод командирі үстін-үстін байланысқа шығып, өзінің қарамағындағы қызметкерлердің қызметтік рейд барысын бақылауға алып отырды. Демек, қаланың барлық аймағы жіті назарда деген сөз. Міне, жол қауіпсіздігі күнделікті осылай  бақылауға алынады.
Сөз арасында олардың отбасы жайын да сұрап қойдық. Әскери тәртіпке жаттыққан олар үй тіршілігінен қызметтік мүддені жоғары қоятынын айтты. Талап пен жауапкершілікті ең басты мәселе деп түсіндірді.
Ия, бірнеше сағат бойы бірге жүріп, бұрын ескере бермейтін, тіпті ерекше еленбейтін  жол полициясы қызметкерлерінің тынысын жақын таныдық. Бұл – мамандығын сүйген арқалы азаматтардың абыройлы ісі деп білдік.
Ерасыл ШӘРІБЕК
18 қаңтар 2018 ж. 1 409 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031