507 мың адамның несиесі кешіріле ме?
Бүгінгі таңда несие екінің бірінде бар. Тіпті кейбірі несиесін өтей алмауда. Кеше Елбасы Жарлығында несиесі өтелетін 507 мың адамның мәліметі нақтыланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова бір отбасындағы екі-үш адамның кредиті қалай өтелетінін түсіндірді. "Бүгінде кредит бюросына 2 миллион 289 мың адамның дерегі берілді. Кредит бюросы мәліметтің екінші деңгейлі банктердің базасымен салыстырады, тізімдегі азаматтың кредиті бар-жоғын анықтайды", – деді Жақыпова үкімет үйінде азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы баспасөз маслихатында.
"Менің 3 банкте несием бар" дейді бір танысым. Көлемі әжептәуір. "Оны қалай өтейсің" десем, "тәуекел" дейді. Таң қалмайсыз, себебі халық 70 мың айлық алса, төлейтін несиесі 71 мың теңгені құрайды. Сонда да қорықпаймыз ғой...
507 мың адам нақты мәлімет емес. Бұл тізім әлі де толықтырылуы мүмкін. Себебі бір үйдегі төрт-бес адамның екі-үшінде несие бар. "Мәселен, бір адамның басында екі-үш кредит бар, олардың жалпы сомасы 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. Күйеуі мен әйелінің әрқайсысында кредит болса, ол қалай өтеледі деген сұрақ жиі қойылып жүр. Егер бұл отбасы тізімге енсе, екеуінің кредиті жеке-жеке өтеледі. Яғни, ерлі-зайыптының 600 мың теңге борышы жабылады", – деді С.Жақыпова.
Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде кейбір санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. Мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА