Жас көшбасшы
Бұрын үлкендер өзінен кейінгіге дұрыс жол нұсқады. Тиісінше жастары ел ішіндегі шаруалардың алға басуына, оның өркендеуіне тікелей ықпал етті. Уақыт алмасқанмен жүйе қалды. Жұдырықтай жұмылған жастар да осылайша өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге болды. Менің бүгінгі айтпағым, аз уақыттың ішінде Сыр өңірінде белсенділігін көрсетіп, елдің жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген шиелілік жастың бірі – Ақсамал Рысбаева. Оның есімі Шиеліге ғана емес, облысқа да танымал. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес.
Алғашқы еңбек жолын «Сыр Ұланы» тынығу лагерінде аға тәлімгер болып бастаған ол бүгінде Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының Шиелі аудандық бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Жастар саласында жүрген алты жыл аралығында жастармен тікелей және тығыз байланыс орнатып, олардың әрбір айтқан ұсыныстары мен өтініштерінің дұрыс шешілу бағытында еңбегі зор. Сонысымен елге белгілі. Тілдескенімізде Ақсамал осынау жауапкершілігі мол салаға бетбұрыс жасауына ата-ананың да қолдауы ықпал еткенін айтты.
– Шиеліде кәсіпкерлер отбасында дүниеге келдім. Ата-анам, өскен ортам маңызды таңдау жасауыма септігін тигізеді. Мен соның арқасында Қазақстанның жарқын болашағы саналатын білімді, арманы биік, мақсаты берік жалынды жастармен тізе қосып бір мүддеге жұмыс істеймін деп шештім. 2016 жылы Оңтүстік Педагогикалық университетінің құқықтану мамандығына қабылданып, 2019 жылы оқуымды бітіріп шықтым. Міне, сол уақыттан бастап, жастармен жұмыс істеп келемін, – дейді Ақсамал бізбен әңгімесінде.
Шынымен талабы таудай қыздың жастармен бірлесе жұмыс істейтін салаға келуі де заңдылық меніңше. Өйткені қоғамға Ақсамал секілді оперативті жұмыс істей алатын, сөзі нық, ойы мен ісі қабысатын, өзіндік көзқарасы бар, сауатты мамандар керегі айдан анық. Бағыт-бағдар үшін де, басқа үшін де. Жүзі жарқын, ісіне адал оның жастармен тіл табыса алатын мінезі оны осы салаға әдейі әкелгендей.
Айта кетейік, Ақсамалдың еріктілер бағытында еткен еңбегі де елеусіз қалмаған. Оның әр жылдары жеткен жетістіктері көз қуантарлық. 2017 жылы Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлының «Жас көшбасшы – 2017» номинанты атанған. Сонымен қатар сол жылы Жастар парламентінің депутаты болды. Ал 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген бірінші республикалық ауыл әйелдерінің форумында ҚР Қоғамдық даму министр Д.Кәлетаевтың «Үздік жастар көшбасшысы» номинациясының иегері. Өткен жылы Түркістан Облысы, Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты Шиелі ауданынан еріктілер арнайы барып, қол көмек көрсеткен болатын. Осы істің басы қасында да ол өзі жүрді. Осыған орай, Jas Otan жастар қанатының «Арысқа көмек» алғыс хатымен де марапаталған.
Үнемі көңілі көтеріңкі жүретін позитивті жастың бүгінгі бейнесі, міне, осындай. Оның бір ізге түсуіне өмір көшесінде кездескен білікті мамандар мен ұлағатты ұстаздарының көмегі тиген болар. Алайда осынау жетістік пен абыройға ол тек маңдай тер мен еңбектің ақасында жеткені ақиқат. Арамызда ауызбен орақ оратын жастар көп болғанмен іске келгенде көбісі шорқақ. Біздің міндет айту ғана. Егер әрбір жас Ақсамал секілді тынымсыз еңбек етсе, өңірдің дамуына хал-қадірінше үлес қосса, елге олжа емес пе? Әркім пайым-парасатына салып ойланса, еліміз алға қарай адымдай бермек.
Ақтілек БІТІМБАЙ